​«Саунадағы «қыз» қайныма тиіп алды»: шымкенттік азамат ыңғайсыз жағдайға қалғанын айтып берді

0
11 072

«Қарындасымның табысы жақсы» деп досым бөсіп отыр»


​«Саунадағы «қыз» қайныма тиіп алды»: шымкенттік азамат ыңғайсыз жағдайға қалғанын айтып берді
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Тау мен тау кездеспейді, адам мен адам кездесе береді» деген рас-ей. Бірақ кейде кейбір адамдармен сол күйі кездеспей кеткенің жақсы екен. Өйткені олармен еске алғың келмейтін, жүзіне қарауға ұялатын жағдайлар орын алған да...» - дейді Бекбол есімді жігіт ағасы.


Үлкен бір мекемеде аудитор боп істейтін азамат таяуда бір ыңғайсыз жағдайға тап бопты. Оның не екенін ERNUR.KZ тілшісіне әңгімелеп берді.


«Қызмет бабымен жылына екі-үш мәрте іссапарға шығып тұратынымыз бар. Шілдеде Алматыға жолға шықтық. Жанымда екі әріптесім бар, мекеменің сондағы филиалын тексеру тапсырылған. Бардық, филиал басшысы жылпостау, бос әңгімеге үйір жігіт екен. Барғаннан алдымызға түсіп, бар жағдайымызды жасап бақты. Бір аптаға келгенбіз, тірлігімізге кірісіп, қағаздармен шұқыланып үш күн отырдық. Үшінші күн дегенде әлгі бастық бізді саунаға шақырды. «Шаршау басу болсын, сіздерді күтейін» деп тұрғасын бізде «отказ» бар ма. Үшеуміз қаздай тізіліп бара қалдық. Ондай нәрсе іссапар сайын болады, етіміз үйреніп кеткен.


Саунада буланып, бусанып, сыралатып біраз отырдық. Көңіл жайланып, жанымыз кіре бастағанда төрт қыз кіріп келді. Фирманың бастығы олармен бұрыннан таныс-ау, бет сүйісіп, құшақтасып амандасты. «Бәке, еш қорықпай, беймарал демала беріңіздер. Бұл қыздар өзімнің қарындастарым, анда-санда шақырып тұрам, басқа уақытта жақсы бір мекемеде маман боп жұмыс істейді. Тап-таза, періштедей қыздар» деп әлгілердің мақтауын келтірді. Не керек, саунадағы «вешір» қызып сала берді. Қыздарды жезөкше деуге қимайсың, әңгімелері түзу, бет моншақтары үзіліп тұр...


Апта соңына таяп, қонақүйдің маңындағы сауда орталығын аралауға шықтым. Үйге кішігірім базарлық ала қояйын деп ойлағам. Оны-мұны алып, сыртқа шыға бергенім сол еді, «Ей, Мырзатаев!» деп біреу айқайласын. Мені мұнда кім таниды деп артыма жалт бұрылсам, баяғы әскерде бірге болған досым. Көрмегенімізге көп жыл болған. Оның тіпті бұл қалада тұратынын да ұмытыппын. Амандық-саулық сұрасып, телефон нөмірімді алып, «кешке үйге өт, тамақ дайындатып қоям» деп қолқа салды.


Кешкісін өзі жіберген мекен-жайға жанымдағы екі әріптесімді ертіп бардым. Полчанымның жағдайы жақсы екен, екі қабатты үй салып алған. Үш баланың әкесі екен. Әйелі де сызылып қалған, жайдары мінезді жан боп шықты. Дастарханды жайнатып тастапты. Төртеуміз әңгіменің тиегін ағытып отырғанда қолына қымыз құйылған табақты көтеріп бір қыз кіріп келді. Ішейін деп аузымызға апара берген бокалымызды ұстап әлгі қызды көріп шашалып қала жаздадық.


Өткеде, үш күн бұрын мен "демалған" жақсы қыз тұр алдымызда. Жанымдағы екі әріптесім де бірден таныды-ау, түрлері бұзылып кетті. Біреуі санымнан түртіп үлгерді. Ал полчанның ойында дым жоқ, «мынау менің жалғыз қарындасым, аты Гүлзат» деп таныстырып жатыр. Ол қыз да қызарақтап, залдан шыққанша асықты...


Досымның үйінен у ішкендей болдым. Ол да қоймай, әйелі мен қарындасын дастарханға шақырып, отырғызып қойды. «Қарындасым бір мекемеде заңгер. Табысы жақсы. Арамыздағы бойдағы осы. Ата-анамның көзі тірісінде тұрмысқа беріп, көңілдерін жайландырып қойсақ болды. Ішімнен «әр еркекпен бір жатып жүрсе табысы тәуір болмай қайтсін» деп мен отырмын. Бірақ белгілі бір мөлшерде өзім де кінәлімін ғой. «Бұлар біздің қаракөздеріміз ғой, керек емес» деп отказ жасамай, ойнап-күле салғанымыз да дұрыс болмады. Қысқасы, әлгі жерде қарадай қысылдым. Кеткенше асықтым. Досымның үйінен шыға сала екі әріптесім «Ой, біләәә...» деп таңғалысын жасырмады.


Шымкентімізге қайтып, болған жағдайды ұмытып, қалыпты тіршілігімізге қайта оралғанбыз. Екі айдай уақыт өткенде әлгі полчаным хабарласты. «Беке, сіздің қалаға құда боп келіп қалдық. Кездесейік» деді. Мен де үйге шақырып, қарызымнан құтылайын дедім. Кешкісін әйелімен үйге келіп, әңгіменің тиегін ағыттық. «Өткендегі Гүлзат қарындасым күйге шығайын деп жатыр. Осы жақтың жігітін таңдапты. Ертең кешке тойы, жүр, сені ертіп барайын. Әке-шешеммен таныстырам» деп қоймады. «Ертең біздің басқа тойымыз бар» деп әйелім қосылды. Шынында да ертеңіне кешке әйелімнің ағайын інісі үйленіп, соған шақырған-тұғын. «Айып етпе, қайын жұртқа бармасаң болмайды» деп құтылдым.


Енді мына қызықты қараңыз, ертеңіне кешкісін тойхананың алдына көлігімізді қойып, ішке кірдік. Той басталып кетіпті. Асаба самбырлап сөйлеп, ортаға екі жасты шақырды. Сөйтсем... қайын жұртқа келін боп түскен қыз әлгі Гүлзат боп шықты ғой. Іштен тынып, әлгі тойдан кеткенше асықтым. Ол қыз мені көп адамның ішінен байқамаған шығар, бірақ ағасы көріп, «полчан едік, енді құда боппыз ғой» деп езуі құлағына жеткенше күлді. Өздері дән риза. Үйленіп жатқан қайным да бақытты. Әйелін сүйіп, қолынан сипалап өліп барады.


Қайын жұрттың тойынан кеткенше асықтым. Енді ол жақтың жиын-тойына қалай барам, анау «келінді» қалай көрем деген уайым жеп барады. Тек жүрген дұрыс екен, сол күні жігіттігім ұстап нем бар еді. Миллиондардың қаласынан дәл полчанның қарындасымен «демалғанымды» айтсайшы...