​«Өтірігіме елдің бәрі сеніп қалды»: шымкенттік әйел өз баласын «тауып алдым» деп алдаған

0
721

«Олжасымды туып алғаным үлкен олжа болды»


​«Өтірігіме елдің бәрі сеніп қалды»: шымкенттік әйел өз баласын «тауып алдым» деп алдаған
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Өмірде бір-ақ рет өтірік айтқан адаммын. Бірақ сол өтірігіме бәрі сенді. Шындай қылып айтсам керек. Тіпті өз қыздарым да әлі күнге дейін жасырып қалған құпиямды білмейді».


ERNUR.KZ редакциясына хат жазған оқырман әңгімесін осылай бастапты. Қырық бес жасында ұлды болған әйелдің өз хикаясы бар екен.


«Тұрмысқа шығып, үш қызымды дүниеге әкелген соң күйеуім қайтыс болды. Сонымен балаларды жеткізейін деп басымды тауға да, тасқа да ұрдым. Ақша табудың қамымен базарға шықтым. Күнделікті тапқан табысым азық-түліктен артылмайды. Содан банктен несие алып, саудамен тыңғылықты айналысуды жөн көрдім.


Айналымдағы ақша көбейген сайын тауардың түрін де көбейткің келеді. Содан мен Бішкекке барып, көтерме бағаға тауар өткізуді қолға алдым. Соның нәтижесінде жағдайым әжептеуір түзелді. Реңім кіріп, киімім реттеліп, қыздарымның бүйірі томпая бастады.


Үнемі тауар әкелуге жалғыз баратындықтан Бішкекен мені күтіп алатын, қасымда еріп жүретін ер-азаматтың жоқтығын сыртқа қатты білінеді екен. Кештетіп тауарды алып, оны ептеп, шекарадан жалғыз өткізудің машақаты әжептеуір. Соны шекарада такси боп істейтін бір кісі байқап, көмектесіп жүретін. Сол таксиспен әңгімеміз жарасып кетті. Қашанғы жалғыздықтан жабырқап жүрейін, екеуміз кездесіп тұрдық.


Жұбайым қайтыс болған сегіз жылдың ішінде «айлық белгім» бірде келіп, бірде келмей жүрген. Дәрігерлер «сізде климакс басталып жатыр» деген соң ештеңені ойламай, бейғамдыққа салғам. Сөйтсем көтеріп қойған екем. Енді қайттім деп ойлап, дәрігерлерге барып аборт жасатуға шешім қабылдадым. Бірақ дәрігерлер ешқайсысы ондай жауапкершілікті өздеріне алмайтынын айтты. «Жасыңыз келіп қалған, қауіпті» деді бәрі, жаттап алғандай.


Екі ай өз-өзіммен арпалыстым. Ақырында баланың әкесіне жағдайды айту керек деп ойладым. Оның ұлты басқа, елі, жері бөлек. Оның үстіне балалы-шағалы еркек. «Маған мұндай проблема керек емес, өзің көр арғы жағын» деп келте қайырды. Сосын амал жоқ, босанып, балаға зар боп отырған кісілерге бере салағаным дұрыс-ау дедім.


Үш қызым да әлі бойжете қоймаған, жүктіліктің не екенін білмейді. Шығып қалған ішімді барынша жасырып, үйде кең киім киіп амалдадым. Босанатын уақытым жақындады-ау дегенде ауылдағы сіңлімді шақырып, «мен үш аптаға Бурабайға курортқа кетіп барамын, тегін жолдама шығып тұр» деп бүкіл сауданы соған табыстадым. Ал шын мәнінде қаладан бір пәтер жалдап тұра бастадым.


Осы үш аптада жанымды қоярға жер таппай қиналғанымды жеткізе алмаймын. Үш қызымды ойладым, сауданы уайымдағаным тағы бар. Іштегі баланың тағдыры өз алдына бір қайғы. Сөйтіп жүріп шекесі торсықтай ұл таптым. Бұрын күйеуім тірі кезде «енді бір ұл туып берсең арманым жоқ» деп қиялдаушы еді. Алайда Алла тағаланың есебі басқа екен, өмірден ерте кетті.


Некесіз туылса да өзегімді жарып шыққан кішкентай сәбиді біреуге беруге көзім қимай қалды. Перзентханадан шығып, жалдамалы пәтерде тағы бір апта жаттым. «Үш қызыма не айтам, қайынжұртым білсе не дейді?» деген уайымнан сүтім де тартылып қалған. «Не болса да өз баламды өзектен теппейін» деп шешіп, үйіме оралдым. Бірақ не айтарымды әлі ойластырған жоқпын, миым сағат сияқты тық-тықтап, неше түрлі қисынсыз өтіріктерді ойластырып жатыр...


Кіп-кішкентай тәмпіш мұрын баланы көтеріп үйге кіргенде үш қызым абдырап тұрып қалды. «Мама, мынау кім?!» деді үшеуі жарыса. «Бұл енді біздің баламыз» деп қобалжығанымды барынша білдірмеуге тырыстым.


Үлкенімді кішкентай деп жүрсем есі кіріп қалған екен. «Қалай сонда, бұл баланың әкесі кім?» деп артымнан қалмайды. Сонда Құдай аузыма мынадай өтірікті салды: «Бурабайдан қайтып келе жатып пойыздан тауып алдым. Түнде ұйықтап қалғанмын, азанда тұрсам шешесі тастап, қашып кетіпті. Обал болмасын деп үйге әкелдім. Асырап алсақ қалай дейсіңдер?». Осы сөзді күткенде, үш қызым «ешкімге бермеңізші, өзіміз қараймыз» деп жамырап кетті. Құрастырған өтірігімгің «удачно» шыққанына өзім де қуанып кеттім.


Үйге келген туған-туыстың бәріне осыны айттым. «Мына үш қыз ертең тұрмысқа шығып кетсе, жалғыз өзім қалам ба? Бұл баланы Құдай маған әдейі бұйыртып тұрған шығар. Пойызда тастап кетуге көзім қимады, ақша беріп құжаттарын өзім туралатып аламын» деп соқтым. Бұл сөзімді бәрі қоштады. «Олай болса бұл бала Олжабай болды ғой. Атын Олжабай деп қой» деп ақыл айтты. Бірақ үш әпкесі «Олжас» деген есімді таңдады.


Содан бері арада тоғыз жыл уақыт өтіпті. Олжасым төртінші сыныпта оқып жатыр. Үлкен қызымды ұзаттым, екіншісі шетелде оқып жатыр. Кезінде ақымақтықпен түсік жасатып немесе баламды басқа біреуге беріп жібермегеніме қазір қуанамын. Олжасым өте зерек, математик боп өсіп келеді. Үш қызыма төркін боп отыратынын ойласам елжіреп кетемін».