​«Қызды жылаттым»: арбаға таңылған жігіт сүйіктісінің наласына қалғанын айтты

0
906

«Достың» бәрі дос емес»


​«Қызды жылаттым»: арбаға таңылған жігіт сүйіктісінің наласына қалғанын айтты
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Қызды жылатқан адамды өмір жылатады». Жақында осы сөзді бір кітаптан оқыдым да, маған айтылғандай бойым мұздап сала берді. Жаны бар сөз негізі, мен де кезінде бір қыздың көз-жасына қалып, қазір соның азабын тартып отырмын. Мүгедекпін», - дейді Медет есімді қызылордалық азамат.


Екі аяғы сал болып, арбаға таңылып қалған жігіт ағасы ішіндегі жан сырын ERNUR.KZ тілшісіне әңгімелеп берді.


«Қазақтың әр сөзінде астар, әр мақалында мән жатыр ғой. Өкініштісі сол, оны жас кезінде адам түсінбейді, алып-ұшып тұрған шақта біреудің ақылы да қажет болмайтындай көрінеді. «Мың асқанға – бір тосқан, сақ жүр» деп әке-шешем көп айтатын. «Ой, жас бала емеспін ғой, не істеп жүргенімді білем» деп тыңдамай, көше кезген желөкпе біреу едім. Тағдыр бір-ақ сәтте тәубеме түсіріп қоя салды.


Ештеңеден таршылық көрмей өстім. Бір қыз, екі ұл тете өстік. Бірақ үйдің кенжесі болғасын ішіндегі ең еркесі, қырсығы мен едім. Әкем кішкентайымнан спортқа баулыды. Денем шымыр, бойым ұзын, сымбатты жігіт болып өстім. Түріне сенген жігіттерді білетін шығарсыз, артымнан қыздар жүгіретін. Талай қыздың көңілін қалдырып, бетін қайтарып тастағанымды жасырмаймын. Бірақ көп қыздың ішінен Аяулым деген арудың жүрегін жаралап, наласына қалдым.


Университеттің соңғы курсында оқып жүргенде сол қызбен таныстым. Кереметтей сұлу болмаса да, ұнаттым. Өзі аса көп боянбайтын, кітаптан басын көтермейтін жан еді. Үшінші курста оқитын. Екеуміз көп әңгімелесетінбіз. Қарапайым отбасыдан шыққан, үйінің үлкені болғасын артындағы бауырларына алаңдап, солардың жағдайын көбірек ойлап отыратын. Ата-анасының денсаулығы жоқ болды-ау. Сол үшін оқудан кейін универитеттің зертханасында қосымша жұмыс істеп, түн ауғанша сыртқа шықпайтын.


«Аяулымды ұнатып қалдым, соған үйленем» дегенде ең жақын деген екі досым күліп, мазақтап, намысыма тиді. «Артыңнан сонша қыз жүгіріп жүргенде қайдағы біреуге жабысып қалғаның не?! Проблемасы көп қой оның, ертең анау бауырларымен сенің мойныңа мініп алады» деп айнытты. Тағы біреуі «Не кафеге бармайды, не боянбайды, не дұрыс киімі жоқ, кішкене көзіңді ашып қарасайшы, ертең қасыңда қалай ертіп жүресің? Ата-анаң да кедеймен қалай құда болады?» деп ақыл айтты.


Бір күні достарымызбен бір жиында бас қостық. Қатты ұрттап алғанымыз бар. Сонда достарым «Сенің теңің емес қой» деп маған Аяулыммен байланысымды үзуім керек екенін айтты. Масайып қалғаным бар, нәпсіме ерік бере алмай қалдым ба, сол түні Аяулыммен төсектес болып қойдым. «Ақыры үйленеміз» деп жалынып жүріп дегеніме көндірдім. Бірақ болары болып, бояуы сіңіп қойған соң «екеуміз екіге айырылайық, біз бір-бірімізге тең емес екенбіз» деп кетіп қалдым. Сол сәттегі Аяулымның түрі әлі есімнен кетпейді, қорыққаннан дір-дір етіп, түрі сұрланып «әзілдеп тұрсың ба, неге менің тағдырыммен ойнадың» деп жылап қалған.


Құдайдың құдіретін қарамайсыз ба, сол түннен арада тұп-тура жеті күн өткенде екі досым, үшеуміз көлік апатына ұшырадық. Жанымдағы Серік досым қатты жылдамдықпен айдап келе жатып қарсы беттегі көлікпен соғысты. Алдында отырған Ернар досымыз тіл тартпай оқиға орнында көз жұмды. Ал Серік екеуміз ауруханадан бір ай дегенде әрең шықтық. Бірақ екеуміз де мүгедек боп, арбамен оралдық.


Ауруханада төсекке таңылып жатқанда Аяулым артымнан іздеп келді, ортақ достарымыздан жағдайымды естіген екен. Төсегімнің басында ағыл-тегіл жылап, менен ешқашан бас тартпайтынын айтты. Керек болса қарауға дайын екенін де жеткізді. Бірақ үмітім үзіліп, төсекке таңылып қалған кезімде оның бағын байлағаным азаматтығыма сын еді. «Кет, көзіме көрінбе! Бір-бірімізге тең емеспіз деп айтып едім, міне, енді шынымен тең болмай қалдық» деп бақырып, палатадан қуып шықтым. Қолыма түскен заттың бәрін лақтырып, менен біржола көңілі қалатындай әрекет жасадым.


«Ақымақсың! Сені осы қыздың көз жасы ұрған, ұнатпайтын болсаң атаңның басына арын былғадың ба?» деп ағам ұрысты. «Достарым ғой...» деп міңгірлеп едім, «Сол достарың сені сатып кетті, Серік «Рөлде Медет отырған» деп бәрін саған жауып жіберді. Папам мен мамам осы істі жабу үшін сені үйлендіруге жинап жүрген бүкіл ақшасын беріп, жетпегеніне кредит алып құтылды» деп жағдайды айтып берді.


Қазір еңбекке жарамсызбын. Біреу көмектеспесе өздігімненештеңе істей алмаймын. Әр күнім азаппен, әке-шешеме жаутаңдаумен өтіп жатыр, өздігімнен су алып іше алмаймын. Өлгім келеді, бірақ ол үшін де ерік-жігер керек екен. Жеме-жемге келгенде жан тәтті боп кетеді. Айтпақшы, маған жала жауып, бар кінәні мойныма арта салған Серік досым да бір жыл бұрын өмірден өтті.


Жақында ағам жұмыс бабымен Астанаға барған. Әуежайда Аяулымды кездестіріп қалыпты. Мені сұрапты. «Жолдасым қалалық аурухананың бас дәрігері, Медетті бізге алып келсеңізші, бәлкім бір көмегіміз тиіп қалар» деп телефон нөмірін беріп кетіпті. «Сондай қыздан айырылып, отырысың мынау! Ал оның екі баласы бар екен, шетелден демалып кеже жатыр, жағдайы жақсы» деп ағам көрген-білгенін айтып берді. Істеген ісім үшін өкінсем де, Аяулымның өз теңін тауып, отбасын құрып кеткеніне қуандым. Қайда жүрсе де бақытты болсын!


Жігіттерге айтарым, ешқашан да қызды жылатпаңдар! Достың да досы болады, біреудің сөзіне еріп, мен сияқты қателікке бой алдырмаңдар. Қандай жағдай болмасын жүректің үніне құлақ асайық!»