​«Келінім күйеуіне өлім тілеп жүрген сияқты»: түркістандық кейуана бауырының мүшкіл жағдайын айтты

0
1 712

«Балалары да әкелерін сыйламайды, адам ғұрлы көрмейді»


​«Келінім күйеуіне өлім тілеп жүрген сияқты»: түркістандық кейуана бауырының мүшкіл жағдайын айтты
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Бұл өмірде бауырдан жақын жан бар ма? Басқаларды білмеймін, бірақ бауырым үшін барымды беруге дайын адаммын. Олар дегенде шығарға жаным бөлек. Үйдің үлкені болғасын ба, әке-шешемізден ерте айырылғанда күйеуіме айтып жүріп іні-сіңлілеріме өзім күтім жасап, оқытып, адам қатарына қосқам. Қазір де жасым жетпістен асса да солар үшін алаңдап отырамын», - дейді Несібелі есімді кейуана.

Оқырманымыздың екі інісі, үш сіңлісі бар екен. Бәрінің тұрмысы жақсы, тек кіші інісі қазір инсульт алып, ауруханада жатқан көрінеді. Жағдайды Несібелі ханым ERNUR.KZ тілшісіне баяндап берді.


«Батырбек менің ең кішкентай інім. Шешемізден бесінші сыныпта оқып жүргенде айырылған. Әкемізден үйленетін жылы көз жазып қалды. Содан болар мен оны өз балаларымнан кем көрмеймін. Өзімнің қолымда оқыды, әскерге барып келді. Келгесін тұрмысқа шыққан жерімнен тәуірлеу деп бір қызбен таныстырып, үйленіп кетуге барымды салдым.


Інімнің алған келіншегі жақсы шықты. Бес баланы тапты. Інімнің жоғына көніп, суығына бірге тоңып, тоқсаныншы жылдардағы қиыншылықтан бірге өтті. Қалада пәтерден пәтерге көшіп жүріп туып-өскен ауылдан жер алып, кішігірім үй тұрғызды.


Жасыратыны жоқ, інімнің анда-санда ішетіні бар-тұғын. Қара жұмыста істеді, әркімнің үйін сылап беретін, қорасын жауып, цементін құйып, бес баласын ештеңеден кем қылмай өсірді. Пәтерден пәтерге көшіп жүрсе де ұл-қыздарына «нутелла» жегізіп, ең әдемі көйлекті кигізіп қоятын. Бірақ ішкен кезде бала-шағасының, әйелінің мазасын алмайтын. Оны мен жақсы білем.


Жас күнінде көрген қиыншылықтардың бәрі қазір артта қалды. Бауырымның ұл-қыздары жетілді. Үлкен ұлы, екі қызы үйлі-жайлы болды. Бұрынғы ескі үйді бұзып, орнына даңғарадай там салған. Балалары келініме азық-түлік дүкенін ашып берді. Ал інім бір мекемеде қарауыл боп істейді.


Негізі дүние адамды өзгертеді екен, қазір баяғы кішіпейіл, қарапайым келін жоқ. Кімнің жағдайы жақсы, кімнің дүниесі бар, соларға мойын бұратын болған. Өзіне шыр біткесін күйеуін де менсінбейтін жағдайға жетті. Өмір қалай-қалай құбылады, ә? Кезінде «папалап» алдынан жүгіріп шығатын балалары да «Ой, папа, сіз не білесіз, отыра берсеңізші үндемей!» деп сөйлейтін болған.


Жақында сол інім ауруханаға түсіп қалыпты. Ауыл арасы жақын ғой, естіген бойда жанымды шүберекке түйіп жетіп бардым. Барсам бір жағы жансызданып, алпамсадай інім төсекте жатыр. Мені көріп, көңілі босап, жылап қалды. Оны көрім мен де егілдім. «Сорлы-ау, бәленің бәрі ішкіліктен болды ғой, Құдай қағыпты тағы да, не көрінді сонша ішетіндей» деп ұрысып алдым. Сөйтсем інімнің іші толып қалған екен, ауруханада басынан өткен жағдайды жайып салды.


«Әпке, мен еріккеннен ішпеймін, күйінгеннен ішем», - деді ол. – Осы балалар өскенше бәріне керек болдым. Лай кешіп, қолыммен цемент қарып, тілім-тілім болса да ішпегенін ішкіздім, жемегенін жегіздім. Майра да «інім той істеп жатыр, тай апармасам болмайды» деп отырып алатын. Сол бауырларының бәріне жалбырап жүріп сұрағанын апардым. Қатыныма осы уаққа дейін бір ауыз қатты сөз айтпағам. Бірақ соным бекер болыпты, басынан қатты ұстауым керек еді.


Қазір Майраның дәурені басталды. Анау қарғыс атқыр дүкенді ашып бергелі миы айналып қалған. Мені адам ғұрлы көрмейді. «Мә, мынаны іш те, аузыңды жапшы деп арағымды өзі әкеп береді. «Не істеп жатсыңдар, анау бала тірлікті қайтті?» деп үйдің шаруасын сұрай қалсам, «нең бар, отыра бер тыныш қана, баланың өзі біледі» деп сөйлетпейді.


Былтыр қызды ұзатқанда маған айтпай құдалармен өзі танысып, тәтті шайға барып келді ғой. «Көргенде не істейсің, қызың ұнатып отыр, болды» деп бет бақтырмады. Тіпті ұзататын күнін де өзі белгілеп, тойхананы да тауып, бәрін жайғастырып болғасын айтты. Сонда мен кіммін ол үйде?! Менің орным, пікірім ескерілмегесін ішпегенде қайтем?!


Менің басымды кредитке тығып қойған. Айлығымды өзім ала алмаймын. Банк несиені айлықтан ұстап қалады. «Жұмысқа барғанда жейтінім бар, алатын темекім бар, кейде «аталап» немерелер алдымнан шыққанда ұстата қоятын тәттіме ақша сұрасам, «не қыласың, мә, мынау темекің» деп магазиннен береді, бір тиын ұстатпайды.


Қайбір күні тағы бірдеңеге ұрысып қалдық, іштім. Ол жұмыста еді, түнде келді. Мен асханадағы үстелдің үстінде отырғам. «Неғып отырсың, атауыңды ішіп?! Жатсайшы!» деп айқайлады. «Майра, қимылдай алмай отырмын, маған көмектесші» дедім. «Өлмейсің, тұр да жат!» деп айқайлап, бөлмеге кіріп кетті. Сол кезде тілім күрмеліп, сол аяғымды қимылдата алмай қалғам. Сол отырғаннан таңға дейін есімнен танып қалыппын. Азанда сиыр саууға келінім тұрып қалып, байқап, доқтырға әкепті. Сонда қатыныма менің өлгенім керек болғаны ма, жас күнімде керек болдым, бойымнан күш, қайрат кеткенде мал құрлы көрмегені ме? Не істеймін енді, әпше...»


Бауырымның іш-дерті жиналып-ақ қалған екен. Соңғы оқиғаны естігенде көзім шарасынан шыға жаздады. Келінімді мұншалықты қаныпезер деп ойламаппын. Ауруханадан шыға сала телефон соғып, ұрысып бердім. «Сорлы-ау, сал болып, төсек тартып қалса өзіңнің сорың емес пе? Ит те болса осы адамнан көбейіп, өніп отырсың ғой, мынау қай қылығың?!» деп айтарымды айтып тастадым.


Бірақ келінге деген көңілім суып қалды. Бұрын інімді іше береді деп сыбап отырушы едім. Сөйтсем оның да себебі бар екен. Әлі айтпай қалған біраз нәрсесі бар сияқты. Бастысы, аман-есен сауығып, аяқтан тұрып кетсе екен. Шыққасын інімнің балаларына жиналыс жасап, жөнге салмасам болмайды...»