​«Қарттар үйіне өткізе салсам ба дейтінмін»: шымкенттік әйел әкесінен көрген қорлығын айтып берді

0
2 199

«Шешеңнің...» деп боқтап шақыратын»


​«Қарттар үйіне өткізе салсам ба дейтінмін»: шымкенттік әйел әкесінен көрген қорлығын айтып берді
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Шернияз ақынның «Жердің тайғақ болғанын мұздан көрдім, Еттің ащы болғанын тұздан көрдім. Жас күнімде «қыз бала» деп менсінбеп ем, Қартайғанда рахатты қыздан көрдім» деген өлеңі бізге арналып жазылғандай. Әкеміздің таяғын жеп өссек те, үш қызы далада қалдырмай, қартайғанда әлпештеп, бағып, арулап жерледік», - дейді Аружан есімді әйел.


Шымкент қаласындағы мектептердің бірінде мұғалім боп істейтін оқырманымыз басынан өткен оқиғасын ERNUR.KZ тілшісіне баяндап берді.


«Отбасымызда 3 қыз, 1 ұлмыз. Ата-анам шаңырақ құрғаннан кейін қатарынан 3 қыз дүниеге келеді. Ол кезде заман сондай ма, әлде адамдардың түсінігі таяздау ма, әкем марқұм «қыз тудың» деп мамамызды боқтап отыратын. Үйдің үлкені болғасын ерте есейдім, анам жылағанда ішімнен егіліп отырушы едім. Үшінші сіңлімді босанғанда әкеміз перзентханадан шығарып алуға бармай қойған. Сонда бала болсам да көрші үйдегі атаға жылап барып, «мамамды машинаңызбен әкеліңізші» деп жалынғаным есімде. Ағайын атамыз «балаға тойынып қалдың ба, түс алдыма» деп әкемді түйреп-түйреп алдына салып, анамды көлігімен әкеп берген еді.


Төртінші перзентін төрт жылдан кейін көтерді. Онда да «тағы қыз болып қалса не істеймін» деп көрші жеңгейге жылап айтып беретін. Жылайтындай жөні бар, себебі әкеміз бізді адам ғұрлы көрмеді. Бір жолы сіңлім сүтке нан турап ішіп отырып төгіп қойды. Сонда әкем төгілген нанды уысына салып, сіңлімнің басына жағып тастаған. Мені жұмсағанда «е, шешеңді...» деп боқтап шақыратын. «Мама, папамды тастап кетіп қалайықшы» деп жылағам бір жолы. «Қайда барамыз, қызым, нағашыларыңның да жағдайы мәз емес қой» деп мамам шерін тарқатып еді.


Мамамыздың босанатын күні жақындаған сайын екі сіңлімді жаныма отырғызып қойып «Қолдарыңды жайып, Құдайдан іні тілеңдер» деуші едім. Үйге ұл келсе мамыражай заман орнайтындай қатты күттік. Шынында да Құдай тілеуімізді берді. Мамам ұлды боп, әкем думандатып, үйімізде ерекше бір жылулық орнады.


Әкем мен мамамның інімізге деген мейірімі, махаббаты ерекше болды. Аузынан шыққан затты әперетін, «жоқ» дегенді естімей өсті. Әлі есімде, бір жолы палау салынған легенге інім сиіп жіберді. 3-4 жасар бала ғой. Үш қыз әкемізден қаймығып қалған әдетпен тамақты ертерек жеп алғанбыз. Бір леген палау әкем мен мамама қалған тамақ еді, сідік болған жерін алып тастап, «баламыздың зәрі де дәрі біз үшін» деп екеуі жеп алған-тұғын.


Сөйткен ініміз бұзық боп өсті. Мектеп кезінен қағынды, темекі тартатын, отырыстарға барып, өзінен жасы үлкен балалармен араласып, арақ-шарапқа әуес болды. Бертін келе ақшаға карта ойнайтынды шығарды. Әкемнен сәл аяқ тартатын, ал мамамды адам ғұрлы көрмеді. «Сендерге аналық махаббатымды толық бере алмағаным үшін кешіріңдер, Алла бақтарыңды ашсын» деп мамамыз туған күндерімізде жылап, батасын беретін.


Сол кісінің дұғасымен үш қыз грантқа оқуға түсіп, жақсы жерге тұрмысқа шықтық. Кіші сіңлім бөпелі болғанда мамамыз өмірден өтті. «Жалғыз баламның тойын көре алмадым» деп арманда кетті. Қайтыс болардан алдын «әкелеріңе суық қарамаңдар. Ол түсінбесе, сендер түсініп, кешіре салыңдар» деп аманаттаған еді. Жүрегі бірдеңені сезген екен...


Інім «Астанаға барып жұмыс істеймін» деп кеткен күйі оралмады. Өзінен жасы үлкен бір әйелдің қолына кіріп алған. Онысы бір қыз туып берген. «Сенің ауылыңа барып тұрмаймын» депті. Содан әкеміз жалғыз қалды. Амалсыздан үш қыз апта сайын барып, кірін жуып, тамағын істеп, монша жағып беріп қарадық.


«Ініңе хабарлас, елге қайтсын, болмаса мені «Қарттар үйіне» тапсырыңдар, сендерге масыл болмайын» деді әкем бір күні. Інімнің келмейтіні айдан анық, «өздерің баға беріңдер, сендерге де әке ғой» деп айтып қойған. «Қарттар үйіне өткізе салсам ба...» деп көп ойландым. Түн баласы езіліп, жылап алатынмын. Әкемнің үш қызына адам ретінде қарамаған кезі есіме түсіп, менің де оны далаға қалдырғым келген кездер болды, несін жасырайын. Бірақ дәтім жетпеді. Жасай алмадым. Анамның аманаты есіме түсті.


Күйеуіммен ақылдасып, әкемді қолыма алдым. Алты жыл менімен бірге өмір сүрді. Ет асып, көже істеп берген күндері кемсеңдеп жылайтын. Сөйлесуге ұялатын. Екі сіңлім бала-шағасымен келіп, көйлегін, шалбарын әкеп кигізгенде қыстығып, көзіне жас толып қалатын. Үшеуміз оған бар мейірім-махаббатымызды бердік.


Әкемнің жаназасына інім келіп үлгермеді. Топырақ салуға жарамады. Әкем ұялған күйі, бізден қайта-қайта кешірім сұрай өмірден өтті. «Шешеңнің...» деп боқтаған күндеріне өкінген шығар. Тағдырының қандай сый дайындап тұрғанын қайдан білсін?... Біздің оқиға бүкіл ауылға, ағайын-туысқа аңыз болды. «Пәленше кезінде сөйтіп еді» деп әлі күнге дейін айтады».