​«Екі әйел алмасам, ел күледі»: қызметтегі күйеуінің опасыздығына шыдамаған әйел сырын жайып салды

0
2 387

«Күйеудің бай болғаны – әйелдің бақытсыздығы»


​«Екі әйел алмасам, ел күледі»: қызметтегі күйеуінің опасыздығына шыдамаған әйел сырын жайып салды
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Жақында ауруханада бір әйелмен танысып, сөйлесіп қалдым. «Сіңлім» деп әңгімені соғып отыр. Бір уақта жасын сұрадым, менен жеті жасқа кіші екен. Бірақ түрі әбіржіп кеткен, күтім көрмегені байқалады. Менің қырық асып, елуге таяп қалғанымды естігенде таңғалды. «Ақша бар, сіз сұлу болмай, кім сұлу болсын. Күйуіміз дүниені күреп тауып, үлде мен бүлдеге орап қойса мен де жүрер едім сылаңдап» деді. Ал мен тілімді тістеп қалдым, «бүйткен дүниесі құрысын» дегім келді», - дейді Шынарай есімді әйел.


ERNUR.KZ редакциясына хабарласқан оқырман қызметтегі кісінің әйелі екен. Ішіндегі мұңын айтып, жеңілдеп алғысы келіпті.


«Әкімнің қызы болдым. Тағдырым о бастан әкем сызып берген шеңбермен келе жатыр. Үйдің ең кенжесі, әкемнің еркесі болғасын көбіне сол кісінің айтқанына ғана құлақ асушы едім. «Мына оқуға түсесің» деп Алматыға өзі ертіп апарып, керек адамдармен сөйлесіп, орналастырып кетті.


Студенттік дәурен дегенің айтып жеткізе алмайтын нағыз керемет шақ екен ғой. Ай сайын емес, апта сайын артымнан ақша келеді. Оны әкем қол астындағылардан беріп жібереді. Алдын қыздармен жатақханада тұрғанбыз. Кейіннен екі бөлмелі пәтер әперіп, сонда тұрдым. Әкем сөмке-сөмке тамақ беріп жіберіп тұрады. Жатақханада тұрғанда қыздар бір қарық болып қалатын. Ештеңеден таршылық көрмедім. Қасымдағы достарым да тоқ, өзім де мәзбін, сөйтіп жүріп үшінші курсты аяқтадым.


Жазғы демалысқа келгенде әкем «өзіңе ұнайтын жігіт бар ма» деп сұрады. Шынымды айтсам, Алматыда құлай сүйген адамым жоқ еді. «Жігітім жоқ, ондайды ойлауға сабақтан уақыт болмайды» дедім ұяла-қызара. Уақыт созса бірдеңені жіберіп алатындай көрінген әкем ертеңіне кешкісін үйге қонақ шақырды. Қызметтегі кісі екен. Әйелі, бір қызы, бір ұлымен келді. Сол жолы Ғанимен таныстым. Менен екі жас үлкен, Алматыда оқып, дипломын алып, әкесінің көмегімен жұмысқа тұрған жас маман екен. «Қазір жаз ғой, екеуің жақынырақ танысып, кездесіп, тау жаққа серуенге барыңдар» деп әкелеріміз «намек» тастап қойды. Оны Ғани да, мен де бірден түсіндік.


Сөйтіп көп ұзамай біз үйлендік. Алматыдан «мен» деген әншілерді шақыртты. Екеумізді ата-аналарымыз Мәскеуге бал айына жіберді. Бір-бірімізге деген сезіміміз күн санап артып, бақыттан басымыз айналған еді. Өмір бақи осылай жалғаса береді деп ойлаппын, аңқау болған екенмін.


Әкелеріміз лауазымды қызметте болған соң біздің де қызметтік сатымыз дайын-тұғын. Мақсат жылдан жылға қызметте өсе берді. Ал мен бір басқарманың бас есепшісі боп қызметке кірістім. Бірақ үш балалы болғасын жұмысты мүлдем тоқтаттым. Соларды ары-бері тасу керек, үйдің келімді-кетімді қонағы бар, «сол шаруаның өзі саған жетеді» деп Ғани үйге отырғызып қойды. Бірақ, үйде отырсам да өзіме қарауды, дамуды ұмытпадым. Ең соңғы үлгідегі киімдерді қиналмай алып, фитнес, сұлулық салондарына барып тұрдым.


Сөйте тұра Ғани бірте-бірте менен суи бастады. Үйге кеш келеді, ішіп келеді. «Қызмет сондай, Пәленшенің мерейтойы, Түгенше қызметін жуды» деген бітпейтін сылтауы көп. Бірте-бірте «іссапар» деген желеумен үйге қонбайтын жағдайға жетті. Басында мән бермейтінмін. Кейін келе күдіктене бастадым.

Бір күні күйеуімнің мекемесінде істейтін жақын құрбым шақырып алып маған бар шындықты жайып салды. Ғанидің менен басқа екі әйелді болыпты. Екеуіне де үй әперіп жайғастырып қойыпты. Баяғының шонжар балақ, шұбар төс байларындай менің үстімнен әйел алғаныма ішім қыз-қыз қайнады. Құрбымның алдында кірерге тесік таппай, жердің үстімен барып, астымен қайтқандай болдым.


Үйге келген соң айқайға бастым. «Өтірік, ондай болуы мүмкін емес» деп ақталарын күттім, шыны керек. Бірақ күйеуім үндемей құтылды. Ләм-мим деп аузын ашқан жоқ. «Айтып өлтірсейші, рас па, жоқ па» деп жалындым ақырында. «Қазір бәрінде сондай, осындай қызметте бола тұра екі әйел ала алмасам ел күледі» дегенде айтарға сөз таппай қалдым. «Екі әйеліңді осы үйге әкеліп ал» деп айқайлап, үш баламды көлігіме салып, ауылға, әкеме тарттым.


«Ол оңбағанға өзім көрсетіп қоям» дейді, сөйтіп бір пәтерін маған сыйлайды деп әкемнен әжептеуір қолдау күтіп барып едім. Бірақ әкем басымнан сипамады. «Еркектің бәрі сондай, қызметте жүргесін дүрмекке ерген шығар, Ғани ақылды бала ғой, отбасын тастап кетпейді. Сабырға келіп, отыңды өшірме, барлық нәрсенің жауабы болады» деп басу айтты. Сөйтіп күйеуіме өзі телефон шалып, «бала-шағаңды жинап алып кет» деп бұйырды.


Қазір пәленшенің әйелі деген атым бар, бірақ бақытсызбын. Әйтеуір бала-шағам алданышым, солардың барына шүкір етіп отырмын. Күйеуім екеуміздің арамыз суып кеткен. Екі күннің бірінде тоқалдарына кетеді. Елдің сөзіне қалмайық деп ілініп-салынып той-томалаққа амалдың жоғынан еріп барамын.


Бүйткен қызметінің де, дүниесінің де... Қара су ішсең де күйеуіңмен күліп-ойнап, қайғысыз-қамсыз ғұмыр кешкен мың есе артық екен. Кейде әйелдерге «Күйеуіңнің бай болғанын тілеме, осы күніңе зар боласың» деп айтқым келеді. Бай, кәсіпкер, қызметкер еркек көрсем үйіндегі әйелін аяп кетем. Бәйбішенің ішіндегі мұң-шерін менен артық кім ұғар?!»