​«Баламды екі бөлмелі пәтерге айырбастап кетті»: жас келіншек алаяқтарға алданып қалғанын айтты

0
1 989

«Бала туып бергенше айтқанымды екі етпейтін еді»


​«Баламды екі бөлмелі пәтерге айырбастап кетті»: жас келіншек алаяқтарға алданып қалғанын айтты
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Іші-бауырыма кіріп, соңымнан қалмай жалынып, жалбарынып өз дегеніне көндіріп еді. Енді мені иттей қылып үйінен қуып шықты. Оның мұншалықты алаяқ екенін білмеппін», - дейді Роза есімді оқырманымыз.


"Біреуге бала туып беріп алданып қалдым" деген ол болған жағдайды ERNUR.KZ тілшісіне бүкпесіз баяндап берді.


«Оңтүстік жақтың қызымын. Көпбалалы отбасында өстім. Әке-шешемнің бізді оқытуға жағдайы келмеді. Ағаларымның бірі құрылысқа, енді бірі егінге, үшіншісі мал соңында кетті. Кенжетайы ауыл арасында адам тасып күн көреді. Ал қыздар жағы өз кезегімен тұрмысқа шығып жатты. Менің бар арманым жоғары оқу орнына түсу еді. «Әпке-ағаларыңды оқытпағанда, сен олардан ерекшемін деп тұрсың ба» деп дүңк еткізіп, арманыма нүкте қоя салған соң өз өмірімді өзім қолға алдым. «Солтүстіктегі әпкемнің қолына кетемін. Сол жаққа оқуға түсу оңай, білім аламын» деп әке-шешемнің бұрқылдағанына қарамай тартып кеттім.


Шынында да ол жақта халық онша көп емес, оқимын дегенге мүмкіндік көп екен. Құжаттарымды медициналық колледжге тапсырып, үш жылда диплом алып шықтым. Алдымен кішігірім емханада учаскелік мейірбике боп істедім. Кейін мыңболғыр жездем танысын араға салып жүріп ауруханаға ауыстырып берді. Ауысыммен барып келем, оның үстіне жездемнің танысы ақылы бөлімге жайғастырған, жұмысым онша қиын емес.


Ақылы дегені тек ақшасы бар қалталылар ақша төлеп жататын вип-палаталар екен ғой. Іші тап-таза, аяғыңның астында қып-қызыл кілем. Оқыған-тоқығандар, депутаттар, зиялы қауым өкілдері, кәсіпкерлер жататын бөлім расында тым жайлы болып шықты. Емделіп шығып жатқандар кейде «айлықтарың аз ғой, бізден сыйлық болсын, қолың жеңіл екен» деп азын-аулық ақша қыстырып кетеді. Тәп-тәуір өмір сүріп жатқам.


Бір күні бөлімге өте бір сұлу әйел түсті. Айтатынымыз тек сол жайлы, күйеуі дөкей көрінеді, артынан келетіндер де ылғи сықиып киінген, азық-түліктерін көрсең көзің шығады. Әлгі апайымыз «мен бәрін тауысып жей алмаймын ғой, ауыз тиіңдер» деп кейде бізге бере салады. Түскі тамақты сатып алып жейтін біздер қарық болып қаламыз. Неге екенін, ол кісі мені бірден өзіне жақын тартты. «Қолың жеңіл екен, мен осы жерден шыққанша күнде келіп, уколды өзің салып тұршы. Қолыңды құр қоймаймын» деп өтінді. Солай-солай жылы сөйлесіп, апалы-сіңлідей боп кеттік. «Руың кім, ата-анаң кім боп істейді» деп менің өмірімді аса қызғушылықпен тыңдайтын.


Емделіп, ауруханадан шығып бара жатқанында адресімді, телефонымды жазып алып кетті. Бір күні хабарласып «ертең үйіме қонаққа кел» деп үйіне шақырды. Бай болғанымен өте қарапайым, сыпайы көрінген апайым маған да ұнап қалған еді. Қаланың шеткі элита аудандарының бірінде тұрады екен. Есігінің алдында күзетші қарсы алды. Есігінен кіргеннен байлыққа, молшылыққа малынған үйді көріп аузым ашылды. Бұрын мұндай үйді көрмеген қайран басым расында құлап қалар ма екенмін деп қоямын.


Шай үстінде апайым өзінің өмірбаянын бастын-аяқ айтып берді. Күйеуі жастайынан бизнеспен айналысып, қазір әжептеуір қызметті көрінеді. Өзі де жерге қарап қалмаған, бірталай бизнестің басын ұстап отырған мықты әйел боп шықты. Тек қанша жыл өтсе де сәби сүйе алмай, емхана, аурухананың табалдырығын тоздырып жүргені осы екен. «Менің өмірім осындай, сені өз сіңлімдей жақсы көріп қалдым. Араласып тұрайық» деп кетерде арнайы сатып алған әдемі көйлегін сыйға тартты. Қымбат, бренд көйлек екен, бірге істейтін мейірбикелер қызығып, қызғанып қарап қалды.


Бір күні апайым мені тағы да шақырып алып өзінің қалауын жеткізді. Мені осы уақытқа дейін сынап жүріпті. Ойынан шыққанымды, мүмкін болса күйеуіне тоқал етіп әпергісі келетінін айтты. Естігенде шалқамнан құлай жаздадым. Мен үшін бұл күтпеген жағдай еді.

«Роза, ойланып көр, екі бөлмелі пәтер әперемін. Ақшадан, ішіп-жемнен таршылық көрмейсің. Бірақ әзірге, перзентті болғанша мұны ел-жұртқа жария етпейік, мен көз-тіл дегеннен қатты қорқамын. Күйеуімнің арманын орындап, бала туып берсең, сонда әке-шешеңнің алдынан өтіп, кәдесін жасаймын» деп ашып айтты. Құрбыммен ақылдасып ем, «келіп тұрған бақты кері теппе, жас жігітке тиіп, қай заманда байисың? Тым кәрі де емес екен, мүмкіндікті пайдалансайшы» деді.


Осылайша апай мені өз күйеуімен үйінде таныстырды. Сосын қала орталығындағы пәтеріне ертіп апарып, «Осы сенің үйің, күйеуім қалаған уақытында келіп-кетіп тұрады. Аяғың ауырлағанша жұмысыңды істей бер, керек нәрсеңді маған айтсаң, көмекшілерім жеткізіп береді» деп таныстырып кетті.


Күйеуі көп сөйлемейтін, мінезі ауыр, әйелінің айтқанынан шықпайтын адам екен. «Мен үшін әйелімнің қалауы заң. Сені таңдап, екеумізді қосқан екен, солай-ақ болсын» деп аптасына екі рет келіп-кетіп тұрды. Бұл жағдайдан әпкем хабардар-тұғын, «абайлашы, құда түсіп, жұртқа көрсетіп әпермегені қалай болды, сені бала туатын инкубатор ретінде пайдаланбасын» деп ескерткен. Бірдеңені сезген екен ғой.


Балалы болғанша асты-үстіме түсіп, айтқанымды екі етпей жүрген апайым ұл тапқан соң мені үйінен иттей қуып шықты.

«Біздің арамызда ешқандай келісім болған жоқ, бала біздікі, біз оны өз атымызға жаздырып алдық. Екі бөлмелі пәтер сенікі, бірақ баланы да, бізді де ұмыт» деп қырқынан енді шыққан баламды әкетіп қалды. Өзім кесарь тілігімен босанып, өмір мен өлім арасында арпалысып жүргенде ерлі-зайыптылар құжатты тастай бекітіп, мені шетке ысыра салыпты. Әйтеуір уәдісінде тұрып үйді менің атыма рәсімдеген екен. Қыс ауасында далада қалмағаныма қуандым. Бірақ ұлымды пәтерге айырбастағандай сезімде жүрмін.

Олармен соттасуға шамам келмейді, танысы да, ақшасы да жетерлік. Тек осының бәрін о баста ашып айтып, ашық келісіп алмағанына ренжулімін. Әпкем де ұрыса-ұрыса шаршады. «Сотқа бер, ДНК сараптамасын жасат» деп үгіттеп жатыр. Соттасам жеңе алам ба, білмеймін, басым қатып кетті...»