​«Әкем мені ескі көлікке айырбастап жіберген»: қостанайлық келіншек қиындыққа толы тағдырын айтып берді

0
1 117

«Ажырасып кетейін десем, барар жерім, басар тауым жоқ»


​«Әкем мені ескі көлікке айырбастап жіберген»: қостанайлық келіншек қиындыққа толы тағдырын айтып берді
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды

Бала үшін ата-анасынан жақын адам болмауы тиіс. Бірақ менің әкем өзіме дұшпан боп шықты. Анамның, бауырларымның, менің өмірімді күл-талқан етіп, енді түк болмағандай өмір сүріп жатыр. Кейде «сондай адамды Құдай неге көрмей қалады» деп өкпемді айтып алам. Жаман адамдарды көтере беретін жер де жомарт екен», - дейді Сұлушаш есімді келіншек.


Туған әкесіне деген өкпе-ренішін оқырманымыз ERNUR.KZ тілшісіне айтып берді.


«Есімді білгелі үйдегі айқай-шуды, әкемнің анамды сабап ұрғанын, ішіп келіп қолына ілінген затты тас-талқан еткенін көріп келем. Күліп, жадырап, арқа-жарқа боп тамақ ішкен кезіміз болмапты. Үш інім, анам марқұм, бәріміз әкеміз есіктен кіріп келгенде түріне бақылай қарап, қорыққаннан тістеніп отырушы едік.


Соған қарамастан сабақты жақсы оқыдым. «Оқуға түскім келеді» деп анама айта беретінмін. «Оқы, оқысаң мен сияқты қор болмайсың» деп, ол кісі қолдады. Сөйтіп тықпыштап жүрген ақшасын қолыма ұстатып, үйден қашып кетуіме жәрдемдесті.


Өз күшіммен педагогикалық университетті бастауыш сыныбы бойынша бітіріп шықтым. Сол жерде жүріп өзімді шын сүйген адамды кездестірдім. Екеуміз болашаққа жоспар құрып, бір мектепте жұмыс істеп, мектепке балаларымызбен бара жатқан кезімізге дейін қиялдаушы едік. Оның үйленбеген, өзінен үлкен ағасы болды да, диплом алған жылы екеуміз қосыла алмадық. Ата-анасы қарсы болды. «Олай болса мен ауылға барып, ата-анама, бауырларыма қарайласайын, дипломымның нанын жегізейін» дедім. Бірақ соным бекер болған екен, ауылға қайтқаным қате шешім болды.


Ауылдан жұмыс табылмай, аудандық мектептердің біріне орналастым. Менің келгеніме анам қатты қуанды. «Қызым енді мұғалім» деп есік алдынан өткен-кеткеннің бәріне балаша мақтанушы еді. Оның қуанғанына мен қуанып, «бір-екі айлығымды жинасам анам мен үш бауырымды қалаға апарып қыдыртып, бастан-аяқ кіндірем» деп жоспарлап қойып едім. Бірақ күндердің бір күнінде анам өзіне қол жұмсап қайтыс болды. Ішіп келген әкеміз ұрып, соққыға жыққан екен, шыдамының шегі таусылды ма, ешкімге айтпай, ескертпей қораға барып асылып қалыпты. Қазір ойлап қоям да, бәлкім оны өлімші етіп сабап, өліп қалған соң әкем асып қойды ма екен... Ол кезде баламын ғой, ештеңеден күмәнданбадым.


Анамның көзі кеткен соң үйден тіпті береке кетті. Әкем араққа салынып алды. Ішіп алып көшеде құлап жатқан жерінен інілерім үйге сүйрелеп әкелетін еді. Оның адам болмайтынын туыстары да түсінсе керек, бізді көрсе алыстан қашатын. Тапқан айлығымды үш бауырымның киімі мен тамағына әзер жеткізіп жүргенде сүйген жігітім де басқа біреуге үйленіп кетті. Обалы не керек, алдыма үш рет келді, бірақ мен үш бауырыма қарайласуды өзіме парыз санап, тұрмысқа шығудан бас тарттым.


Не керек, үй мен мектептің ортасында итшелеп өмір сүріп жүргенде жасым 28-ге келген еді. Бауырларымның ешбірі оқымады, үлкен екеуі қара жұмысқа жегіліп, ауылдағы әркімнің үйін, қора-жайын соғып беретін. Кішісі қаладағы орталық базарда арба айдап күнелтті.


Бір күні әкем үйге іркілдеген семіз, бұжырбет бір еркекті ертіп келді. «Менің бауырым, кезінде маған көмектескен» деп тамақ істетіп, таң атқанша екеуі арақ ішті. Сөзінен түсінгенім, басына іс түсіп, түрмеде отырып келген екен. Шыққанда әйелі мен бала-шағасы нағашыларына көшіп кетіп, бұны жолатпай қойыпты. «Үйім бар, енді маған қатын керек» деп сұңқылдап жылады бір уақытта. «Табамыз, бауырым, табамыз, мен тұрғанда ештеңені уайымдама» деп әкем оны жұбатып, таңға дейін миымды жеп қойған еді.


Күндердің бір күнінде әкем мені сол бұжырбет семізге қинап, зорлап қосып жіберді. Қалыңмалға деп әлгі еркек әкеме мініп жүрген ескі көлігінің кілтін ұстатты. Айдың-күннің аманында баяғы зорлықшыл замандай өзім сүймеген, мүлдем қаламаған, 18 жасқа үлкен еркектің екінші әйелі боп шыға келдім. Есейіп қалған екі інім «алып кетем» деп артымнан келіп еді, «өзім келдім, өзім қалам, маған алаңдамай, тіршіліктеріңді жалғастыра беріңдер» деп шығарып салдым. Өйтпегенде әкем оларға да күн бермейтін еді, мінезін білем ғой. Қатты ашуланғанда өлтіріп қоюы да мүмкін.


Бір жыл өткенде үш інім де Астанаға құрылысқа кетті, үй қаңырап бос қалғасын әкем бір әйелді тауып, кіргізіп алған. Екеуі арақты қосыла ішіп, анамның көзі боп қалған дүниені сатып тауысты. Оларды көрерге көзім жоқ. Бүкіл елге масқара боп отыр. Ауылдың еріккен еркегі де, алқашы да біздің үйді айналшықтап шықпайды қазір.


Өзім сүймеген адаммен екі жылдан бері біргемін. Бір қыз тудым, алданышым сол ғана. Жұмыс істеуіме тыйым салған, қыздың тәрбиесімен үйде отырмын. Түрме көрген адам қайбір оңсын, әкемнен ары да, бері де емес, күйеуімді айтамын. Ашуы шыққанда қалшылдап, өлтіріп қоя жаздайды. Оған жеткізбеу үшін өтірік күліп, алдаусыратып отырмын. Реті келсе ажырасып кететін ойым бар. Бірақ амалын табар емеспін, ажырасқанда қайда барып тұрам, кімнен қорған табам?


Адам өз тағдырын біреудің мәжбүрлегеніне, міндеттегеніне қарап құрмауы керек екен. Сол кезде әкем мені өлтіріп тастаса да бұжырбетттің қолтығында кетпеуім керек еді. Інілерімнің амандығын ойлап, «өзім келдім» демегенде бәрі басқаша болар ма еді. Өзімді емес, бауырларымды ойлағаным қателік болды. О баста ештеңеге қарамай, сүйген жігітіммен кетпегеніме өкінем. Бауырым деп солар үшін бақытымнан бас тартып едім, қазір олар мені ойлап, тым құрыса аптасына бір хабарласпайды. Тағдыр оларды да тасбауыр етіп жіберді-ау...»