«300 мың теңге киітке, 200 мың теңге тайға, 170 мың алтынға...»: несиеге батқан келіншектің әңгімесі

0
16 807

«Торт сатып, содан түскен ақшаны тиындап жинап, несие төлеп отырмын»


«300 мың теңге киітке, 200 мың теңге тайға, 170 мың алтынға...»: несиеге батқан келіншектің әңгімесі
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Кейде адамды жалған намыс құртады. Өзін бай етіп көрсету, елдің оң пікіріне тәуелді болу да созылмалы сырқаттың бір түріне жата ма деп қалдым», - дейді Эльвира есімді түркістандық келіншек.


Оқырманымыз ERNUR.KZ тілшісіне құрбысының басынан өткен жағдайды жайып салды.


Қайда барма, кіммен сөйлеспе, қазір бәрі дүние туралы әңгіме қылады. Қайда барғанын, не алғанын, кіммен қыдырғанын, ең арғысы кешегі барған тойындағы алыс-берісті айтатын болған. Дүниелік нәрселер рухани құндылықтан, ар-ұяттан жоғары тұратын жағдайға жеттік. Соның кесірінен қазір кейбіреулер болмаса да ұқсап бағуға, жұрттан қалмай тыраштануға мәжбүр боп отыр.


Әңгімені әріден бастасам, көктемде он тоғыз жыл кездеспеген сыныптасым хабарласты. Мектеп бітіргелі көрмегем, биыл сыныптастар арнайы чат құрып, бәрімізді соған қосқан. Ортақ чатта жағдай сұрасып, оны-мұны әңгіме еткеніміз болмаса, артық-ауыс әңгіме қылмағанбыз. Тіпті мектепте оқығанда да шүйіркелесіп, жақын құрбы болғанымыз шамалы еді. Сол қыз бір күні маған звондап, қарызға ақша сұрады. «Эльвира, он мың теңгең бар ма, менде наличка еді, кешкісін салып жіберем» деп жазыпты. Сұраған ақшасын салып жібердім. Ол да уәдесінде тұрып, ақшаны кешке қайтарды да, рахметін айтып қоштасты.


Екі аптадан кейін әлгі қыздан тағы хат келіп тұр. «Досым, өтініш, мүмкіндігің болса ертеңге дейін жиырма мың теңге қараса тұрсаң» депті. Бұл жолы ойланып қалдым. Басқа уақытта жағдай сұрау жоқ, тек қарыз сұрағанда мені іздейтіні несі. Бірақ сонда да көңілін жықпай, салып жібердім. Тағы екі аптадан кейін жаңағы хат қайта айналып келді. Бір уақта шыдай алмай шайға шақырдым. «Гүлнұр, қалада болсаң кездесейік, көріспегелі көп болды» деп, қояр да қоймай кафеге шақырдым.


Қарыз алу, қарыз берудің арқасында мектеп бітіргелі көрмеген құрбыммен шұрқыраса табыстық. Әңгімесі жиналып-ақ қалған екен. Үш сағаттың ішінде іштегі шердің біразын ақтарып тастадық. Әңгіме қайта-қайта сұрай беретін ақшаға келгенде сыныптасымның түрі бұзылып, ұялып қалды.


«Биыл көктемде балаларымызға сүндет той бергенбіз, - деп бастады ол. – Күйеуім той істемейміз деп табандап тұрып алып еді, елден қалмай істейік, келесі жылы байып кетуіңе кепілдік жоқ қой. Өз несібесімен бола жатар деп тұрып алдым. Өйткені қара шаңырақтағы қайнымыз бен келініміз «сіздер той істейсіздер ме, болмаса бізге жолдарыңызды беріңіздер» деп отырып алған. Олардың баласы біздікілерден кішкентай, шынымды айтсам намысым жібермеді.


Содан ата-енеміздің рұқсатын алып, тойдың қамына кірісіп кеттік. Төркініме шақыру қағазын таратқанда мамамның бір қызарып, бір бозарып отырып қалғанын көрдім. Өзің білесің, әкем қайтыс болған, жалғыз ағамның жүрісі – анау, жарытып ақша таппайды. Әпкемнен де қайран жоқ, күйеуінің қолына қарап отыр. Мамамның бір пенсиясы өзінен артылмайды. «Қызым-ау, сәл қоя тұрмадың ба, тойдың шығынын қайтем» деп басын ұстап отырып қалды. Сол сәтте төркінімді ойламай тірлік қылғанымды түсініп, өкініп қалдым. Бірақ шегінерге жол жоқ. «Мама, бір мәнісі болар, уайымдамаңыз» деп жұбатып кеттім.


Үйге келгесін түн ұйқым төрт бөлінді. Бұрын жұмыс істеп жүргенде бір амалын қарастырып, ым-жымын білдірмей жіберуге болар еді, енді қайттім? Мамама қайтсем көмектесем деп әбден ойланып, ақырында несие алуға бел будым. Каспи деген қазір кім көрінгенге ақша тарата беретін болды ғой. Бастапқыда 300 мың теңге алып, мамамды шақырып, «үй тоғыз», «ағайын тоғыз», «шуылдақ» сияқты киіт-шапандарды түгелдедік. Алған ақшам дым болмады. «Қызым-ау, жинап жүрген ақшаң бар ма еді, айналып кетейін...» деп мамам қуанып қалды.

Ішім әлем-жәлем болса да сыртқа білдірмей, бір аптадан кейін тағы 200 мың несие алып, «тайдың ақшасы» деп мамама ұстатып қойдым. «Менде тығып жүрген 100 мың бар еді, өзіңе бір алтын алшы, тойыңда тағайын» деп мамам қоймаған. Қазір базардан ондай ақшаға алтын келе ме, тағы 170 мыңға «рассрочка» шығарып, комплект алып алдым. «Құласаң – нардан құла» дегеннің нағыз өзі мен болдым. «Әрі-беріден кейін өзіме келетін дүние ғой» деп іштей өзімді жұбатып...


Қысқасы, той ойлағанымыздан да тамаша боп өтті. Мамамның да құдаларының алдында мерейі тасып, жүзі жарқырап, бір міндеттен құтылғанына қуанып қалды. Күйеуімнің де иығынан жүк түскендей «өзімен-өзі болды» деп көңілін бір демдеп қойды. Тек менің мойныма пәленбай несие артылды.


Қазір соны төлеу үшін күн-түн тірлік қылып жатырмын. Торт пісіріп, дүкендерге өткізем. Жұмысқа шығайын десем, кішкентайыма қарайтын адам жоқ. Тапқанымды тиындап жинап, банкке құям. Балалардың жәрдемақысы да соған кетіп жатыр. «Сен осы не тауып жатсың» деп күйеуім анда-санда тексеріп қояды. Сондай кезде жерге кіріп кете жаздаймын. Бірақ айтуға бет жоқ, мұны білсе қырғын шығаратыны анық. Солай, кейде несиеге 10, 20 мың теңге жетпей қалады, сенен сұрап, төлеймін де, дүкеннен түскен ақшадан өзіңе қайтарып отырам. Мендегі жағдай – осындай...»


Құрбымның елден жасырған құпиясын естігенде не айтарымды білмей қалдым. Екі оттың ортасында қалғандай, ай сайын ішпей-жемей, тапқанын банкке құю неткен ауыр еді. «Өлім мен той бардың малын шашады, жоқтың артын ашады» деген осы болар, сірә».