​Балаларды вирустан қорғаудың жолдары бар – дәрігер

0
4 156

Балалары мектепке, балабақшаға баратын ата-аналардың назарына ұсынылады


​Балаларды вирустан қорғаудың жолдары бар – дәрігер

фото: medaboutme.ru


Күз – денсаулыққа айтарлық көңіл бөлетін мезгіл. Әсіресе, мектепке баратын оқушылардың саулығына мұқият болу маңызды. Оған қоса, пандемияның өршіген уақытында бала саулығы үшін алаңдайтынымыз анық. Олар адам толы қоғамдық көлікке мінеді, 20-25 бала күн ұзақ бір сыныптан шықпайды, үзілісте жүгіреді, жүреді. Балаға бетперде киіп, қолды жиі жууды, антисептик қолдануды қайта-қайта дайындағанымызбен, балалығына салып ұмытады.

Жалпы, баланы аурудан қалай қорғауға болады? Вирус жұқтырмау үшін алдын ала қандай шара қолдануымыз керек? Баланың ағзасын қуаттандырып, иммунитетін көтерудің жолдары қандай?

Осы және өзге де сұрақтарға Шымкент қалалық №13 емхананың педиатр дәрігері Жиембаева Эльмира Сайлаубекқызы (суретте) жауап береді.


– Күзде қандай аурулар белең алады?

– Өздеріңіз білетіндей, күз түрлі аурудың өршитін кезеңі. Ауаның өзгеруі денсаулыққа айтарлықтай кері әсер етеді. Күздің таңы мен кеші салқын, түскі уақыт ыстық болады. Бұл кезде балалар не жұқа, не жылы киінуді білмейді де көп жағдайда суық тигізіп алады. Ал жалпы күзде тұмау, жедел респираторлық-вирустық инфекция, ринит, фарингит секілді аурулар белең алады. Бұл дерттің дендеуіне ауада жүрген вирус пен инфекция себеп болады. Осы кезде иммунитеті төмен кез келген бала дертке шалдығуы мүмкін.

Әсіресе, тұмаудан сақ болған жөн. Дерт дендегенде қызу көтеріліп, бас ауырады. Баланың тәбеті төмендеп, тамақтан бас тартады. Ағза әлсіреп, бойдан күш кетеді. Бұл жағдай иммунитетті нашарлатып, басқа да аурудың қозуына ықпал етеді.


– Нақтырақ айтқанда, баланы қандай аурулар мазалайды? Ауырған жағдайда не істеу керек?

– Ауырған балаға ешқашан өз бетінше үйде ем жасауға болмайды. Бірақ мұрыннан су ақса, аздап жөтеліп бастаса, тұз қосылған сумен шаюға рұқсат етіледі. Ал қызуды түсіру, бүйрекке шөп шай ішу секілді емді дәрігер ретінде де, ана ретінде де құптамаймыз.

Егер балада қандай да бір өзгеріс байқасаңыз, жіті көңіл бөліңіз. Қай жерінің ауырып жатқанын сұраңыз. Мейлінше тезірек дәрігерге тексертіңіз. Егер:


1. Созылмалы ауру асқынса

Өкінішке орай, бүгінгі таңда тым кішкентай балаларда созылмалы аурулар кездеседі. Бұл уақытында толық ем алмағанның әсерінен туындайды. Сондықтан да ауырып ем бастадыңыз ба, берілген күнге дейін үзбей жалғастыру керектігін айтқым келеді. Көп аналар 2-3 күннен соң бала жазылып қалды деп, емді тоқтатады. Алайда, бұл өте үлкен қателік екенін ескертеміз.

Созылмалы ауруға – бронхит, тонзиллит, пиелонефрит (бүйрек және бүйрек түбінің қабынуы), фарингит (жұтқыншақтың қабынуы), синусит, дерматит жатады. Бұл ауру күз мезгілінде қозады да, ағзаны әлсіретіп, иммундық жүйені нашарлатады.

Сондықтан да осы аурудың белгілері біліне басталысымен-ақ дәрігерге қаралыңыз. Дәрігер ұсынған дәріні ішіп, ем қабылдаңыз. Оған қоса, жемістер мен көкөністерді көбірек жеңіз. Ішектің жұмысын жақсартатын бифидобактерия қабылдаңыз. Бұл өз кезегінде иммунитетті көтереді.

фото: blog.kinedu.com

2. Жедел респираторлық-вирустық инфекция

Вирустық аурулар жоғарғы тыныс жолдарын зақымдайды. Ауру жұқпалы болғандықтан дереу оқшаулап, қажетті ем-шараларын жүргізіңіз. Науқас баланың көбірек тыныққаны, сұйықтықты үзбей ішкені дұрыс.

Баланы күн ұзақ төсекке таңып қоймаңыз. Шамалы ыстықтау суға шомылдырыңыз, таза ауада серуендетіңіз, дәруменге бай тағамдарды жегізіңіз. Ал тәттіні уақытша шектегеніңіз жөн. Оның орнына көбірек сұйықтық ішіп, пияз бен сарымсақ жеуге кеңес береміз.

3. Ангина

Бұл ауру бактерияның әсерінен қозады. Ағзаға бактерия түсті дегенше баспа қабынып шыға келеді. Баспа уақытылы емделмесе, созылмалы болады. Сәл суыққа, салқын суға тамақ ісініп шығады. Ангина жұтқыншағыңызды ауыртып қана қоймайды, жүрек, бүйрек, буын ауруларын қоздырады.

Ауру басталғаннан-ақ лор дәрігердің қабылдауына жазылыңыз. Тамағыңызды күніне 3-4 рет тұз сумен, түймедақ тұнбасымен шайыңыз.

Үй жағдайында мына емдік сусынды дайындауға болады. Ол үшін 1 стақан қайнаған жылы суға 1 ас қасық тұз, 1 ас қасық сода мен 7 тамшы йод араластырып, тамақты шаю керек.

Ангина кезінде қатты тағамдарды, жаңғақты, шекілдеуікті, майда дәні бар жемістерді шектей тұрыңыз.

4. Пневмония

Бұл бірден пайда болатын ауру емес. Ағзаға түскен бактерия жайылып, төменгі тыныс жолдарын зақымдайды. Салдарынан пневмония мен бронхит ауруы пайда болады.

Науқасты емдеу кезінде өте сақ болған абзал. Тек дәрігердің нұсқауымен ғана ем жасалады. Оған қоса, бөлмені жиі ылғалдандырып отыру керек. Мұрынға теңіз тұзынан әзірленген спрей шашыңыз. Қайнаған суды көбірек ішіп, тамақты жиі шаю керек.

фото: alimentaelfuturo.com


– Ендеше, баланы аурудан қалай қорғаймыз?

Кез келген аурудың алдын алудың ең тиімді әрі пайдалы жолы – иммунитетті көтеру екенін ескертеміз. Ол үшін барлық ата-аналар мына қарапайым жағдайды назарға алғандары жөн:

  • Дұрыс тамақтану. Баланың ішіп-жейтін тамағына мұқият болу керек. Құрамы дәруменге, минералды заттарға бай тағамдарды, жеміс-жидектер мен көкөністерді көбірек жеу керек. Иммунитетті көтеретін С дәруменімен ағзаны толықтыруымыз қажет. Ол үшін цитрусты жемістерді, қарақат пен итмұрынды үзбей жегізіңіз.

Ал фастфуд, майлы, қуырылған, тұздалған тағамдарды мейлінше шектеген абзал.

  • Белсенді қозғалыс. Ауа райының қолайсыздығына қарамай баланы таза ауаға шығарыңыз. 5-10 минуттың өзі бала ағзасына керемет пайдасын тигізеді. Қызығушылық танытқан спорт түріне беріңіз. Денесі шыныққан балаға ауру жақындай қоймайды. Балаңыздың жүгіріп ойнағанына, доп тепкеніне, достарымен күресіп алысқанына шектеу қоймаңыз. Қозғалған баланың дені сау әрі шымыр болатынын ескеріңіз.

Сыртқа шығатын кезде тым қалың киім кимесін. Өйткені балалар жүгіріп ойнайды. Дене қызған кезде тер бөлінеді. Егер тер қатып, дене мұздаса, түрлі дерттің дендейтінін өздеріңіз де білесіздер.

  • Гигиена сақтау. Бұл денсаулық үшін өте маңызды. Міндетті түрде балаңыздың бөлмесін желдетіп тұрыңыз. Сулы сүлгімен еденді, жиһаздарды, шкаф сөрелерін сүртіңіз. Сырттан келген соң қолын, аузын, бетін сабынмен тазалап жусын. Өйткені кез келген ауру қол арқылы жұғатынын ұмытпаңыз.

Егер балаңыз селқостық танытып, көңілсіз күйге түссе, мұрыннан су ағып, қызу көтеріліп, жөтел мазаласа, дереу участкелік дәрігерге тексертіңіз. Құлағының, тамағының ауырғанын айтып шағымданса, лор дәрігердің кеңесін алыңыз.

  • Ұйқыны реттеу. Ұйқы да көптеген дерттің емі болып табылады. Баланы ешқашан зорықтыруға болмайды. Мәселен, таңертең оқитын баланы түсте 1,5-2 сағаттай ұйықтатыңыз. Ал түнде міндетті түрде 22-00-де ұйқыға жатуын қадағалаңыз.


– Вирустық ауруларды жұқтырмау үшін иммунитетті көтеру жеткілікті ме?

– Егер баланың иммундық жүйесі мықты болса, кез келген ауруға қарсы күресе алады. Жоғарыда айтып өткенімдей, иммунитет көптеген дертке тосқауыл бола алады. Оған қоса, балаға барлық сақтық шараларын түсіндіру керек. Сабаққа баратын кезде жақсылап тамақтандырыңыз. Қоғамдық көлікте, көшеде, асханада, дүкенде бетперде шешпеуін ескертіңіз. Қай кезде де қолын сабындап жууды ұмытпасын. Сақтық шараларын жасаған бала кез келген сырқаттан сақтанатыны анық.


– Эльмира Сайлаубекқызы, пайдалы әрі маңызды мәліметтеріңізге рахмет!


Л.АХМЕТОВА,

ERNUR.KZ


Тағы оқыңыз:


ТАҢЕРТЕҢ салқын СУҒА түссеңіз ағзада қандай ӨЗГЕРІС болатынын білесіз бе


ГЕМОРРОЙҒА таза БАЛ жақсаңыз жазылады


БУЫНЫҢЫЗ ауырса ҚЫША қосылған ВАННАҒА түсіңіз