​«Төртінші рет ұзату тойда кездестік»: Нұржан Керменбаев әйелін сүймей үйленгенін мойындады

0
307

«Біздің романтика үйленгеннен кейін басталды»


​«Төртінші рет ұзату тойда кездестік»: Нұржан Керменбаев әйелін сүймей үйленгенін мойындады

Әнші Нұржан Керменбаев әйелі Назеркеге үшінші кездесуден кейін үйленген екен. Бұл туралы әншінің өзі «Ұрпақ» подкастында айтып берді.


«Арамызда махаббат болды, оған бірден ғашық болдым деп айта алмаймын. Менің концертіме келіп, сыйлық беріп кетті. Кейін «Инстаға» пікір жазып қалдырды. Үйленетін уақыт жеткенде мен сол қызды іздеп, кездесуге шақырдым. Екінші рет Алматыда кездестік. Соның ертеңіне анам Жезқазғаннан Алматыға келді де, оны таныстыруға ертіп апардым. «Мен дайын емеспін, анау-мынау» деп ұялып, ыңғайсызданып еді, «Ештеңе етпейді, бұл жай ғана танысу» деп түсіндірдім.


Үйге ертіп әкелдім. Ол енді оңтүстіктің қызы, сасқанынан анама сәлем салып жіберді. Болды ғой, мамам ондайды көрмеген, шок болды. «Сенің таңдауың, сен бақытты болсаң мен бақыттымын» деп анам таңдауды өзіме салды. Сол шыққаннан Назеркеге «үйіңнің жағдайы қалай, ұзатып бере ме, әлде алып қашу керек пе» деп төтесінен сұрақ қойдым», - деді әнші.


Өнер иесінің әйеліне деген махаббаты жылдар өте ашылыпты. Қазір ерлі-зайыптылар төрт бала тәрбиелеп отыр.


«Менде сезім болған жоқ, тек оның сөйлегені, ұстанымы, көзқарасы ұнады, болды. Қолынан ұстау, гүл сыйлау, киноға бару дегенді көрмеген күйі тұрмысқа шығып кетті. Төртінші кездесуіміз Назеркенің ұзату тойы болды. Той төрінде тұрмыз. Ішімнен «не боп кетті, не істеп жатырмын мен» деп біртүрлі болдым. Бірақ, үйленгеннен кейін арамыздағы сезім күшейіп, қазір күннен күнге артып келеді. Романтикамыз үйленгеннен кейін басталды. Қазір әйелім мені күннен күнге таңғалдырып жатыр. Тоқсан, жүзге келгенше дәл осылай таңғалдырып, ғашық қылып жүре берсінші деп тілеймін, - деді Нұржан Керменбаев.


Еске сала кетейік, Нұржан Керменбаев таяуда ғана "Кешью" тобының экс-әншісі Элизат Беріковамен ән шырқап, көпшіліктің сынына қалған болатын. Желі қолданушылары екеуінің арасында махаббат бар деп ойлады. Алайда әншінің өзі "Инстаграм" парақшасына "Өсек пен төсекке қызықпаңдар" деп бұл қауесетке нүкте қойды.