«Тирандар тайраңдаған мемлекеттеміз»: Өнер жұлдыздары Бишімбаев ісіне байланысты өз пікірлерін айтты

0
1 066

«Бір әйел үйінде өліп жатыр, екіншісі қаланың қақ ортасында...»


«Тирандар тайраңдаған мемлекеттеміз»: Өнер жұлдыздары Бишімбаев ісіне байланысты өз пікірлерін айтты


Өз әйелін аяусыз ұрып өлтірді деген күдікпен қамауға алынған бұрынғы Экономика министрі Қуандық Бишімбаевтің әрекеті қоғамды дүр сілкіндірді. Бұл оқиғаға өнер жұлдыздары да өз пікірлерін білдірді.


Белгілі продюсер, актриса Баян Мақсатқызы «Еркектің айтқаны дұрыс» дейтін қоғам ешқашан түзелмейді. 90 пайызын ерлер құрайтын парламентте ешқашан әйелдерге қатысты әділдік болмайды. Біз патриархалдық қоғамда өмір сүріп жатырмыз. Оның мағынасын бәріңіз білесіздер: «Еркектікі – дұрыс, әйелдікі – қате» деді.


Ал әнші Алтынай Жорабаева «Ер адам Алланың тиымдарының шеңберінен шыққан күні әйелдің мінезі шығады». Осы сөзді 2015-жылы, 1 қазанда жазған екенмін. Шегіне жетіп, жарылайын деп жүрген кезім ғой. Содан 2016-жыл, 11 қаңтарда Астанаға қаштым ғой, 4 қызымды алып...» деп өз басынан өткен оқиғаны еске алды. Айта кетейік, Алтынай Жорабаева бірініші күйеуі Сәбит Әбдіхалықовпен ажырасып, екінші рет тұрмысқа шыққан.


«Музарт» тобының әншісі Сәкен Майғазиев те қоғамда болып жатқан жағдайға үн қосты. «Өзіміз қатыгезбіз. Алайда күйеу балаларымыздың қарындастарымыз бен қыздарымызға жұмсақ болғанын қалаймыз. Неге? Мен білетін ер-азаматтардың 80 пайызы отбасымен жақсы қарым-қатынаста. Құрметті қалған 20 пайыз жігіттер, бәріміз қосылып, 100 пайыз болып, нәзікжанды аруларымызды алақанымызда аялап жүрейікші» деді ол.


«Болған оқиғаның жай-жапсарын естіген сайын қорқасың. Өз әйелін өлтіріп, сосын ізін жасырып, видеоларды өшіріп, артынан өзі тексеріп, әйелінің телефонын қала ішінде «қыдыртып»... Адамның қолынан осындай нәрсе келе ме? Ол адам емес, оның есі ауысқан! Қанішер! Зорлағыш! Қылмыскер! Бұл алдын ала ойластырылған қылмыс!


Сол жерде жүргендердің тым болмаса біреуі аяушылық танытып, полицияға хабар бергенде Салтанатты құтқарып қалуға болар еді. Бұл оқиға біздің заңды өзгертуге ықпал етуі тиіс. Тұрмыстық зорлық-зомбылықты қылмыстық іспен қарауды талап етейік. Бір әйел үйінде өліп жатыр, екіншісі қаланың қақ ортасында. Бұған тоқтау бар ма?» деп жазды белгілі тележүргізуші Динара Сәтжан.


Белгілі әнші Қарақат Әбілдина «Адамдар, не болып барамыз?!. Әлеуметтік желіні ашуға қорқып қалдық. Жантүршігеді… Әйелін ішіндегі баласымен қорлап өлтірген. Сұмдық-ай! Еркек емес – ез. Адам емес, айуан ғой барып тұрған… Обалы жібермегір-ай! Ана мен бала заңы қорғалмайтын, тирандар тайраңдаған мемлекетте өмір сүріп жатқанымыз қандай өкінішті?!» деп күйінді.


Айта кетейік, 9-қараша күні Астана қаласындағы «Бау» мейрамханасында экс-министр Қуандық Бишімбаев "әйелін зорлықпен өлтірді" деген күлікпен қамауға алынған. Бишімбаев 2018-жылда жемқорлық бабымен 10 жылға сотталып, кейін шартты жазамен қамаудан босатылған еді.