​«Миллион доллар ұсынып, өзіне үйлендіргісі келді»: Өктем Алтаев ел білмейтін құпиясын жайып салды

0
2 066

«Қарындасымның қазасынан кейін дауысым шықпай, ішқұса болдым»


​«Миллион доллар ұсынып, өзіне үйлендіргісі келді»: Өктем Алтаев ел білмейтін құпиясын жайып салды

Әнші, сазгер Өктем Алтаев алғаш рет «Алғашқы» бағдарламасында отбасылық өмірі жайлы сыр шертті. Ол сондай-ақ ешкім білмейтін құпиясымен бөлісті.


«Өнер деген құрбандықты талап етеді. Өнердің ең биігіне шығу үшін барыңды салуың керек. Ал ондай кезде отбасың екінші орынға ысырылып қалады. Ал мен отбасыда әкенің рөлі қандай екенін жақсы білем. Себебі әкесіз өстім. Сол себепті балаларымның алдында көбірек болуды таңдадым. Әлі күнге дейін екі таңдау тұрса, бірінші отбасымды таңдаймын. Балаларым әкелерінің бар екенін сезініп өсуі тиіс.


Өнер – ауыр жол. Жұрттың көзі бар, сөзі бар, адамды азғыратын ұсыныстар келеді. Ақша жүрген жер жақсы емес негізі. Маған «Саған миллион доллар беремін, маған үйлен, некемізді қидырайық» деген адамдар болды. Ал мен әрқашан өз отбасымды таңдаймын. Әлі де солай...» - деді Өктем Алтаев.


Әнші сондай-ақ әйелімен танысқан сәтін де еске алды.


«Қатарластарымның бәррі үйлі-жайлы боп кеткен. Мен де үйленерге қыз таппай жүргем. Бір жолы таныс жігіт музыкалық аспабымды «бере тұршы» деп сұрап әкетіп, сол күйі қайтармай кетті. Ақырында Өзбекстанның Шыршық деген өңіріне өзім іздеп, аспабымды алып кетейін деп бардым. Ол жігіт мені кешкісін болатын жастардың отырысына шақырды. Сол жерде төрге шығып, гитарамен ән шырқап, қыз-қырқынның ортасында отырғанмын. Бір кезде екі көзі оттай жанған бір қыз кіріп келді. Бірақ көп ұзамай шығып кетті. Сол, қыздың жалт еткен жанары маған садақ атты ма, есімнен шықпай қалды. «Жаным, бір көріп ғашық болдым саған» деген әнім сол қызға арнап шығарылды.


Екінші кездесуге арнайы іздеп барып, Ташкентте қыдырдық. Жолда өзім дайындап барған үш сұрақты қойдым. Ол үш сұрағыма да менің ойымнан шығатындай етіп жауап берді. Сол жағы одан сайын ғашық етті. Сөйтіп үшінші кездесуде үйінен, есігінің алдынан басып алып қаштым», - деді өнер иесі.


Бағдарлама барысында Өктем Алтаев марқұм қарындасы жайлы естеліктермен бөлісті.


«Қанаты бүтін сұңқар жоқ, тұяғы бүтін тұлпар жоқ» демекші, бұл жағдай менің де жүрегімде өшпейтін жара боп қалды. Қарындастың қайтқаны қиын болады екен. Өзі небәрі 23-те, тұрмысқа жаңадан шыққан. Албырт шағы ғой. Жол апатына түсіп, өмірден өтті. «Бармай-ақ қойшы» деп қанша айтсақ та, бетімізден қайта-қайта сүйіп қоштасты. Олай менің бетімді ешқашан сүймеуші еді. Көзімізді ала бере көлігімен жолға шығып кеткен. Бір уақта қатты шашалып, ауа жетпей кетті. Су ішсем де, не істесем де шашалғанымды тоқтата алмадым. Жөтелге айналды. Сол сәтте «Қарындасыңыз жол апатына түсіпті» деген хабар келді. Барсақ ақ матаға оралып жатыр екен. Мәйітханаға алып кетті.


Қазақта «өлер бала өзгеше болады» деген сөз бар. Меруерт шынында да ерекше қыз еді. Балаларымызға қарап, біз концертте, той-жиында жүргенде бәріне өзі бас-көз боп отыратын. Әлі күнге дейін Меруертті еске алғанда бала-шағам, бәріміз жылап қаламыз. Сол кезде алғаш рет ішім ашып, өкіріп жыладым. Ішқұса боп, депрессияға түсіп кеттім. Дауысым шықпай қалды. Ән айтуға шамам келмеді», - деп өткенін еске алды Өктем Алтаев.