​«Мама Клара көктен қарап тұр»: Баян Мақсатқызы әйелдерді қорғайтын орталық ашты

0
662

«Бір мезетте 100 адамды қабылдаймыз»


​«Мама Клара көктен қарап тұр»: Баян Мақсатқызы әйелдерді қорғайтын орталық ашты

Танымал продюсер, актриса Баян Мақсатқызы отбасында зорлық-зомбылық көрген әйелдерге арнап орталық ашты. Бұл туралы Баян Мақсатқызының өзі «Инстаграм» парақшасында хабарлады.


«Зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелдер мен балаларға арналған оңалту орталығын ашатынымды көптен бері айтып жүрмін. Орталық дайын! Жақында жұмысын бастайды. Қоғамның көзқарасын өзгертіп, әйелді қорлауға жол бермеу үшін барлық күш-жігерді жұмсау керек. Біздің орталық құтқарушы емес. Бақытты отбасыға арналған орталық болмақ. Орталық үлкен, жарқын, жайлы. Әзірге жүзге жуық әйелді қабылдауға дайынбыз. Бізде жетекші мамандар, яғни ең жақсы психологтар, заңгерлер, медицина қызметкерлері, тәрбиешілер, оқытушылар жұмыс істейді. Барлық әйелді қалай құтқаруға болатынын әзірге білмеймін. Бұл мүмкін емес те шығар. Бірақ бұл мәселеге қатысты қоғамның ойы мен көзқарасын өзгертуге болады. Зорлық-зомбылыққа жол жоқ», – деп жазды Баян Мақсатқызы.


Продюсер орталыққа енесінің атын берген көрінеді. «Оңалту орталығымыздың аты – «Клара». Бұл – менің жұбайымның анасының есімі. Марқұм Клара мамамыз бізге көктен қарап, игі істерімізге батасын беретініне сенемін», – деді ол.


Айта кетейік, Баян Мақсатқызын 2016-жылы бірінші күйеуі Бақытбек Есентаев аяусыз соққыға жығып, продюсер алған жарақаттарының салдарынан бірнеше ай аурухана төсегіне таңылған болатын. Кейін күйеуінің үстінен арыз жазып, Бақытбек Есентаев 9 жылға бас бостандығынан айырылып, былтыр ғана түрмеден босап шықты. Ал Баян Мақсатқызы бұл уақыт аралығында екінші рет тұрмысқа шығып үлгерген еді.