​«Күйеуімнен мін іздеп, көп ренжідім»: Баян Алагөзова әкесінің қазасы жайлы айтып берді

0
4 356

«Әкемнің жаназасында көзімнен жас шықпады»


​«Күйеуімнен мін іздеп, көп ренжідім»: Баян Алагөзова әкесінің қазасы жайлы айтып берді

Белгілі продюсер, актриса Баян Мақсатқызы қызы Айсәуле Бақытбектің «Сырласу» подкастына сұхбат беріп, 2023-жылды қалай өткізгенін айтты.


«Жыл өте көңілсіз басталды. Бірақ жақсы көңіл-күймен аяқтап жатырмыз. Жаңа жылды Тайландта сендерсіз қарсы алдық. Неге екенін білмеймін, күйеу бала екеуің бізбен демалуға бармайсыңдар. Хайдаровтар әулетіне қанша рет айтсам да, өз позицияларынан айнымай қойды, соны түсіне алмадым. Жарайды енді... Сонымен, пневмониямен ауырып, айыққан соң Тайландқа демалуға барғаным өзіме қатты ұнап жатқан еді, алайда «әкеміз қайтыс болды» деген хабарды алып, іле-шала елге қайттық.


Қаралы хабарды естіп, елге келгенше жыладым. Шамасы ішімдегі шерді сол кезде шығарып алдым-ау, үйге келгенде тастай боп қаттым да қалдым. Айнала у-шу, жылап-сықтаған адамдар. Ал менің көзімнен бір тамшы жас шықпады. Алты айға дейін әкемнің қазасын қабылдай алмадым. Өзімді қинап күлетінмін. Әкем туралы ойлағым келмеді. Таныстарым, достарым, туыстарым ол туралы естелік айта бастаса тоқтатып тастап отырдым. Білмеймін, сондай бір кезең өтті. Тек алты айдан кейін ғана суреттерін қарап, иісін іздеп, даусын аңсап, іштей сырласа бастадым» деді Баян Мақсатқызы.


Продюсер қайғылы жағдайдан кейін күйеуімен қарым-қатынасы өзгергенін жасырмады.


«Менің өмірімде жағымсыз жағдайлар көп болды. Бірақ ешқашан психикама әсер етіп, мінезім өзгермеген. Ал әкем қайтыс болғасын өмірдің мәні қалмағандай күй кештім. Тіпті күйеуім екеуміздің арамызда проблема болды. Анаммен де түсінісе алмай қалдық. Болатынға да, болмайтынға да ашуланып, ештеңе ұнамай, бәріне ренжігіш боп кеттім. Содан жақсы психолог іздеп, ол адамды тауып, бұл мәселені шештік. Содан кейін Тұрсын екеуміз бірде-бір рет ұрыспадық, тіпті сөз таластырмадық. Қазір бір-бірімізді көзқарасымыздан түсінеміз» деді ол.