​«Қазақстан билігі менен қауіптенеді екен»: Максим Галкин екі қалада жоспарланған концерті жайлы айтты

0
999

«Сенің әзілдеріңнің астарында саясат бар»


​«Қазақстан билігі менен қауіптенеді екен»: Максим Галкин екі қалада жоспарланған концерті жайлы айтты


Ресейлік әртіс, танымал әзілкеш Максим Галкин өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында бейнежазба жариялады. Ол Қазақстанға жоспарлаған концертінің өтпейтінін жеткізді. Галкин бұл жағдайға Қазақстан тарапынан кедергілер болғанын ашық айтты.


«Маған концерт өткізуге қарсылық көрсетіп жатқан елдердің арасында Қазақстан да бар. Алматы мен Астана қалаларында концерт өткіземіз деп жоспарлап едік. Басында бәрі жақсы болатын, күні белгіленіп, билеттер сатылып, ұйымдастырушалырмен іске кірісіп кеткенбіз. Бірақ кейін менің концертіме мемлекеттік деңгейде кедергілер жасала бастады. Неше түрлі сылтаулар айтылды. Біресе билеттер саудаланды, кейін қайта алып тастады. Менің концерт өткізуіме бөгет жасап жатқанына қарағанда Қазақстан билігі менен қорқатын сияқты. Себебін ашып айтпайды, бірақ тыйым салынып отыр», - деді Максим Галкин.


Ол өзінің қазақстандық көрермендеріне ерекше ықыласын білдіріп, қолдау білдірген жандарға алғыс айтты.


«Мен Қазақстандағы фанаттарымнан, оқырмандарымнан қолдау тауып отырымн, қазірдің өзінде мыңдаған хат келіп жатыр. Олардың көңілдеріне ризамын. Осы жолы бармасам да, алдағы уақытта міндетті түрде кездесеміз. Күні бүгінге дейін мен Қазақстанды ашық, әлемде болып жатқан жағдайларға жалтақтамайтын мемлекет деп ойлап едім. Бірақ олар менен қауіптенеді екен», - деді ол.


Галкиннің «Инстаграмдағы» оқырмандарының басым бөлігі оның бұл пікіріне қарсы шыққан. «Әрине, сендер Қазақстанға концерт қоюға құмарсыңдар, біздің ақшамыз жақсы. Өткенде Земфира да келіп, ақшамызды қалтасына басып, қонақжайлығымызға түкіріп кетті. Өздеріңнің иттіктеріңе біздің билікті кінәлі етпеңдер», «Бізге келмей-ақ қойшы, сенің әзілдерің бұрынғыдай емес, күлкіміз келмей қалған», «Сен емес, сенің әзілдерің қауіпті, астарында саясат бар» деп жазды көпшілік.