"Далақтап жүріппін": Халықты "тобырға" теңеген Айгүл Иманбаева кешірім сұрамады

0
14 888

Әнші өзі ұйымдастырған ұтыс ойынын тоқтатты.


Айгүл Иманбаева өз ақиқатымен тағы да КТК арнасындағы "Астарлы ақиқат" бағдарламасына сұхбат берді. Әншінің айтуынша, ұтыс ойынын тоқтатқан. Бағдарлама барысында ол осы уақытқа дейін ойланбай іс жасап, аңдамай сөйлегенін жеткізді.

Бағдарлама жүргізушісі Дина Төлепберген "Халық бізден кешірім сұрасын деп жазып жатыр. Өйткені сіз халықты "тобырға" теңепсіз", - деп сұрақты төтесінен қойды. Айгүл болса, "олай демедім" деп ақталған сыңай танытты. Бірақ, кешірім сұрайтын сөз айтпаған, тек халық даналығына сүйендім дейді өнер иесі.

"Иә, мен "Aigul Imanbayeva LIVE" ютуб-каналымда өзімнің жауабымды берген болатынмын. Мен "Халық - ұлық, тобыр - былық" деп айттым. Бұны мен ауадан алып, ойдан құрастырып жазған жоқпын. Халық даналығына сүйене отырып, Абай атамыздың 17-ші қара сөзіндегі "Көпте, яғни тобырда ақыл жоқ" деген сөзіне сүйене отырып, тіліме тиек еттім. Менің халықты тобыр деп айтуым мүмкін емес. Ол ақталғандық емес, сөзді саралап, ара-жігін ажырату керек шығар. Өз ұлтымды ұлы деп білемін, өз ұлтымды биік деп есептеймін", - дейді Айгүл.


Халықтың көкейінде жүрген көп сұрақтың бірі - "Лотерея ұйымдастырушылар Айгүл Иманбаеваға қанша ақша берді екен? Неліктен барын салып оларды да, өзін де ақтап алғысы келеді". Бұл сұрақта жүргізуші де қойған еді.

"Мен ешнәрсе қолыма алып та үлгерген жоқпын. Келісім-шарт менеджер мен ұйымдастырушының арасында жасалған. Шынын айтқанда, менің альбомымнан басқа нәрсеге заңды түрде қатысым жоқ. Тапсырдым да өз жұмысыммен кете бердім...

Мен Жаратушыма сансыз алғыс айттым. Осы нәрсенің менімен болғанынан. Құдай сол күні далақтап эфирге айдап келгеніне қуанамын. Құдай көріп тұр іштегі дүниенің аппақ екенін. Халықтың алдында да қиянатым жоқ екені көрініп тұр. Соның бәрін көргеннен кейін, кеше заңгерімді ертіп, ұйымдастырушыларға бардым. Қыздар мен жігіттерге "мына акцияны тоқтатуларыңды және халыққа ақшаны қайтаруларыңды талап етемін", деп айттым. Олар келісті. Мен өзім шештім. Мен тоқтаттым. Көп нәрсе түйдім. Далақтап, не нәрсеге де келісе бермеу керектігін түйдім. Жалпы, не істесең де аңдап басып, аңдап сөйлеу керектігін түсіндім", - деп сөзін қорытындылады өнер иесі.


Сонымен қатар, бағдарлама жүргізушісі "Жұлдызды ұтыстарды ұйымдастырушылардың артында Ахметбек Нұрсиланың тұрғаны рас па? Оның тұтқындалуының осыған қатысы бар ма?", - деген сұрақтардың да жауабын табуға тырысты.

Айта кетейік, жұлдыздардың ұтыс ойынындағы олқылықтарды алғаш әшкерелеген «Астарлы Ақиқат» болатын. Содан кейін жыр болған лотореяның сан сериясы жарыққа шықты.