«Бір кездері 80-100-ден ұттым»: Нұрболат Абдуллин қандай хоббиі бар екенін айтты

0
2 198

«Қазір 2000-ға тарта асығым бар»


«Бір кездері 80-100-ден ұттым»: Нұрболат Абдуллин қандай хоббиі бар екенін айтты

Отандық танымал эстрада әншісі Нұрболат Абдуллин өнерден бөлек қандай хоббиі бар екенін «Түнгі студия» бағдарламасында айтты.


– Темір көтеремін не халықтың көңілін көтеремін. Бұрын хобби болған, қазір мен үшін жұмыс. Арнайы жаттығу залына барамын. Аптасына 2-3 рет тауға шығатыным бар. Өзім оңашада композиция тыңдаймын. Асық жинайтын хоббиім бар. Алдағы гастрольдік сапарымда қызық болатын сияқты. Әр қалада асық дайындап қояды. Қазір 2000-ға тарта асығым, оны салып қоятын жеке сандығым бар.

Асық – мен үшін қымбат сыйлықтардың бірі. Себебі, бала кезімде көрші ауылдарды аралап, тіпті, сол ауылдарға қонып қалып қоятын кездерім болған. Асықтың азартында болдым. Жақсы көрдім, тынбай ойнадым. Қазірде қарап, тазалап, сүртіп қоямын. Арасында өзім «Ханталапай», «Онпа» (кей жерде «Малай» дейді) деген ойындарды үйдің ішінде, көбінесе ауылға барғанда ойнаймын.

Асық ойнау – қазақтың көнеден жеткен ұлттық ойыны. Асық ойынын ұл-қыздарыма үйреткім келеді. Себебі, қазір компьютер мен телефонның заманы болып кетті. Ертең сәл есейіп, санасы оянған кезде біліп жүрсе деймін.

Асықты біздің ауылдың барлық жігіті ойнай алады. Бір кезде 80-100 асықтан ұтқан кездерім болды. Үйде алыстан атып жаттығасың.

Менің әкем қайда қонаққа барса да, асықты жақсылап қашап, сіңірлерін алып, өзіме әкеліп береді. Қазір көбісі шашбояп жүрген хнамен, тырнақ бояуымен түрлі түске бояп, қорғасын құйып қоятынмын, - деді әнші.