​«Ақшамыз жоқ боп сотталып жатырмыз»: белгілі актер Тоқаевтан араша сұрады

0
1 383

«Төбелесті бастағандар талтаңдап жүр, жазықсыз жігіттер қамауда отырмыз»


​«Ақшамыз жоқ боп сотталып жатырмыз»: белгілі актер Тоқаевтан араша сұрады


Көпшілікке «Рауза» телехикаясындағы «Кукушка», сосын «Ақжауын» телехикаясындағы Жасын рөлімен танылған актер Асқар Жұмабеков Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтан араша сұрап, видео жариялады. Видеода актер «6 жыл 6 айға сотталдым, көмек сұраймын» деп жазып қойған.


«Мен Асқар Жұмабеков, Жамбыл облысында дүниеге келгем. Қазақстан Республикасының азаматы ретінде сізден көмек сұрап, мына видеоны түсіруге мәжбүр болып отырмын. Құрметті Президент, мен актермін, өнер адамымын, халықтың алдында жүрген адаммын. Сондықтан осы видео сізге жетеді, менің мәселеме бей-жай қарамайсыз деген үміттемін.


Осыдан бір жыл бұрын, 2022-жылдың 27-желтоқсанында Алматы қаласындағы «Литл бразил» караокесінде бір жағдай орын алды. Содан бері, міне, он ай болды үй қамақта отырмын. Бүгін 10-қазан, сот болды. Ертең Үкім шығарады. Сондықтан осы видеоны алдын-ала өзімді қорғау мақсатында түсіріп отырмын. Әділдікті қалаймын. Ол жерде менің ешқандай кінәм жоқ. Мен төбелеске араласпадым, тек ажыраттым. Құрметті Президент, сол себепті ертең бізді бас бостандығымыздан айыратындай жағдай боп жатса, бүкіл әлеуметтік желілерден тараса екен деймін.


Ол жерде Идирисов, Аблязимов Бахриддин деген кісілердің ұлдары болып тұр. Сол себепті кімнен көмек сұрасаң да қорқып, көмектесуден бас тартып жатыр. Менде басқа мүмкіндік қалмады. Барынша көмек беруіңізді өтініп сұраймын. Мен ғана емес, сол іске еш себепсіз қатысы бар деп айыпталып бірнеше жігіт отыр. Бекерге кетіп бара жатыр.


Біз қай елде тұрып жатырмыз, құрметті Президент! Ақшамыз жоқ болса, біз сонда бәріміз қамала береміз бе? Егер сондай болатын болса, онда біз Қазақстанның азаматы болмай-ақ қояйық. Жаңа Қазақстанның Президенті ретінде осы іске бір көз жүгіртіп өтуіңізді сұраймын. Бұл іс бойынша көп нәрсе айтуға болады. Төбелесті бастаған жаңағы кісілердің ұлдары болса да, қамауда біз отырмыз. Іс тек біржақты қаралып жатыр. Осыны дұрыс жағынан қарап, әділ шешім шығаруға ықпал етуіңізді сұраймын!»


Өнер иесінің жанашырлары, басқа да әріптестері бұл видеоны «Инстаграм» арқылы жан-жаққа таратып, әділдікті талап етуде. «Алла ақтап шығарсын, бауырым!», «Әділдік болсын, елдің адамы ғой, бей-жай қарамаңыздар!», «Аблязимовтың баласы болса, әрине басын алып қашады ғой. Олар бүкіл Қазақстанды жалпағынан басып, талтаңдап жүреді», «Істі қайта қарасын деп талап етеміз!» деп жазды актердің өнердегі достары.