Жастардың 5,5 мыңға жуық жобасына жеңілдетілген микрокредит берілетін болды

0
225

Конкурстық комиссиялардың шешімімен 5 496 жоба мақұлданды, оның ішінде 5 068 жобаны іске асыруға кредит берілді.


Жастардың 5,5 мыңға жуық жобасына жеңілдетілген микрокредит берілетін болды

ERNUR.KZ. "Аграрлық несие корпорациясы" АҚ-ға кәсіпкерлік бастамаларды іске асыру үшін жастарға берілетін жылдық мөлшерлемесі 2,5%-дық жеңілдетілген микрокредиттер алуға 7,4 мың өтінім түсті, деп жазады sputnik.kz.

Биыл жалпы 5 796 микрокредит беру жоспарланған. Қазірдің өзінде 5 496 жоба мақұлданды.

Микрокредиттің мөлшері 5 млн теңгеге дейін, ал қатысудың ең ұзақ мерзімі – 5 жылға (кез келген мақсатқа) немесе 7 жылға дейін (мал шаруашылығы саласындағы жобалар үшін). Номиналды сыйақы мөлшерлемесі – жылдық 2,5%-дан аспайды.
Микрокредит алуға өтінімдердің ең көбі Түркістан (1014), Жамбыл (786), Қызылорда (642) облыстарынан, Астана (548), Шымкент (498) қалаларынан түсті.
Конкурстық комиссиялардың шешімімен 5 496 жоба мақұлданды, оның ішінде 5 068 жобаны іске асыруға кредит берілді. Кредит алушылардың басым көпшілігі мал шаруашылығы, қызмет көрсету, сауда, өсімдік шаруашылығы және жеңіл өнеркәсіп саласын қамтыды.
Сондай-ақ, микрокредит 21 жастан 35 жасқа дейінгі жастарға өз кәсібін ашуға немесе оны кеңейтуге, 5 жылдан аспайтын мерзіммен жеке кәсіпкер ретінде тіркелген жағдайда беріледі. Бұл ретте қатысушылардың "Аграрлық несие корпорациясы" АҚ-ға өтініммен жүгінген уақыттағы жасы ескеріледі.
Микрокредит алушылар үшін негізгі борыш пен сыйақыны өтеу бойынша жеңілдікті кезең беріледі, ол микрокредит мерзімі ұзақтығының үштен бірінен аспайды.
Кепілмен қамтамасыз етудің болуы міндетті шарт болып табылады. Ағымдағы жылдың 4-қыркүйегінен бастап жастарға жылдық 2,5% жеңілдікпен микрокредит беру үшін қабылданатын кепілді мүлік түрлерінің тізбесі кеңейтілген.