Үшінші мегаполисте спорт саласы қарқынды дамып жатыр

0
295

Бұл тұрғыда әкімдік тарапынан кез келген көмек те көрсетіліп отырмақ.


Үшінші мегаполисте спорт саласы қарқынды дамып жатыр

Елімізде экономика саласын дамытумен қатар, бұқаралық және кәсіби спортты өркендету де мықтап қолға алынып, бүгінде өңірлерде ілкімді істер атқарылып жатыр. Осы орайда, еліміздегі мегаполистердің бірі Шымкент қаласында қандай жұмыстар жүзеге асырылып жатқанына тоқталмақпыз.


Жалпы, Шымкент шаһарының тұрғындары мемлекеттік бағдарламалар мен ел қазынасына ғана қарап отырмай, қалталы кәсіпкерлерді де игілі мол жұмыстарға тартып, түрлі жобаларды іске асыруда. Мәселен, өткен жылы қалада мың балаға дейін түрлі спорт түрлерімен шұғылдана алатын «Сарыбай» атты спорт кешені ашылды. Жеке кәсіпкердің қаржысымен салынған нысанның көлемі 2200 шаршы метрден асады. Мұнда үлкен зал, бокс алаңы, жаттығу орны және интеллектуалды ойындар орталығы қарастырылған. Бейнебақылау жүйесі, тексеру бөлімі мен медициналық көмек көрсету орны да ұмыт қалмаған. Жаттығудан кейін жуынып-шайынып, киім ауыстыратын оннан астам бөлме мен мамандардың кабинеті орналасқан. Тиісінше, 1000-ға жуық жасөспірім осында келіп, дзюдо, грек-рим, еркін және қазақ күресі, бокс және гимнастика сынды спорт түрлерімен шұғылдана алады. Бұл тұрғыда әкімдік тарапынан кез келген көмек те көрсетіліп отырмақ.


Ал, бұдан сал бұрынырақ іске қосылған ауыр атлетикадан олимпиада резервінің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде бүгінгі таңда жеті жүзден асттам жасөспірім жаттығады. Бұл мектеп 2023 жылы жөндеуден өткізіліп, қосымша ғимарат та салынған. Осылайша, бұрын тек ауыр атлетика түрлері бойынша жұмыс істейтін нысан күрес түрлері бойынша да спортшылар дайындауға бейімделіпті. Мұнда қызмет ететін бапкерлердің өзі елуден асады екен. Жыл соңында бұл нысанмен қала әкімі арнайы танысып, жұмыстарына жақсы баға берген болатын.


Сондай-ақ, Шымкент қаласындағы спорт саласы үшін өткен жыл өте жақсы жаңалықпен қорытындыландған еді. Дәлірек айтсақ, қазақ жұртының намысын қорғап, туымызды көкте желбіретіп жүрген шымкенттік боксшы, 5 дүркін ел чемпионы, Азия және Әлем чемпионы Сабырхан Махмұд еліміздегі «Жылдың үздік спортшысы» атанып, мегаполис тұрғындарының мерейін үстем еткен.


Биылғы жыл да Шымкент қаласындағы спортсүйерлер үшін жағымды жаңалықтармен басталды. Мәселен, былтыр әл-Фараби ауданында «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасымен үйлер жөнделіп, балаларға арналған ойын алаңшалары салынса, биыл жүзден аса спорт алаңшасы бар ауданда тағы бірнеше спорт алаңы салынады.


Ал, жаңадан құрылған Тұран ауданында бүлдіршіндер мен жасөспірімдер белсенді өмір салтымен айналысатын отыздан астам алаңша және онға жуық спорт алағы бой көтереді екен. Бұл істердің игілігін қаладағы Ақтас, Ақжар, Жаңаталап, Құрсай, Наурыз, Отырар, Түркістан сынды бірнеше елді мекен мен шағын аудандар көрмек. Осы орайда, бұл ауданда былтыр он сегіз ойын және он спорт алаңшасы пайдалануға берілгенін айта кету керек. Мұндай жұмыстар өзге аудандарда да атқарылатыны анық. Түптеп келгенде бұл жоспарлардың барлығы мемлекеттің қолдауымен іске асырылады деп ойлаймыз.


Өткен жылы шымкенттік спорт жанашырлары үшін тағы да бір тарихи оқиға орын алған. Ол – жергілікті «Ордабасы» футбол клубының ел чемпионы атанғандығы. Дегенмен, осы клуб жаттығатын әрі ойындарын өткізетін «Қажымұқан» стадионы жөндеу жұмыстарын қажет етіп тұр екен. Осы орайда қала әкімі ауқымды нысанның жағдайымен танысып, біршама зерделеу жұмыстары жүргізілді. Атап өтсек, 1969 жылы салынып, содан бері екі рет жөндеу көрген стадионда футбоддан бөлек, көптеген спорт үйірмелері де бар. Стадионға жиырма мыңға жуық жанкүйер сыйады. Бір артықшылығы дәл осы стадиондағыдай жеңіл атлетика жолағы «Қажымұқан» стадионынан бөлек, бір ғана қалада бар екен. Демек, жөндеу жұмыстарын дұрыстап жүргізсе, спорт нысанының тиімділігі арта түседі деген сөз. Алайда, стадионды жөндеу жайлы нақты шешім қабылданған жоқ.

Есесіне, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, Шымкент қаласында әлемдік стандарттарға сай келетін, 35 мың жанкүйерге шақталған жаңа стадион салынғалы жатыр. Бұл туралы қала басшысы жуырда ғана футболды дамыту жөніндегі мәжілісте мәлім етті. Бозарық елді мекенінің аумағынан бой көтеретін стадионды екі жылда салып бітірмек. Ал, жоғарыда айтылған «Қажымұқан» стадионында жеңіл атлетикаға басымдық берілетін көрінеді.


Шымкент қаласында спорт нысандарының құрылысынан бөлек, спорт түрлерінен дүбірлі додалар да ұйымдастырылып тұрады. Мәселен, арыға бармай-ақ, 2024 жылдың басында шахматтан өткізілген Қазақстан чемпионатын атап өтейік. Сонымен бірге, бір ғана Шымкент қаласынан Жансая Әбдімәлік, Дәулетова Гүлмира, Нақбаева Гүлісхан сынды бірнеше халықаралық гроссмейстер, Әбілқайыр Әбілмансұр, Айнақұл Мұхтар есімді жап-жас әлем жеңімпаздары шыққанын еске түсірмеске болмайды. Демек, мемлекет басшысының шахматты дамыту жөніндегі тапсырмасы Шымкент қаласында жоғары дәрежеде орындалып жатыр деген сөз. Айта кетсек, он күн бойы өткізілген бұл чемпионатта түрлі жас ерекшеліктері бойынша іріктелген алты жүзден аса спортшы білім-біліктерін сайыстырып, ой додасын қыздырды.


Сонымен бірге, ақпан айының ортасында үшінші мегаполисте садақ атудан ел чемпионаты басталып, 21 ақпан күні жеңімпаздар анықталды. Бұл сайысқа еліміздің оннан астам өңірінен үш жүзге жуық мерген қатысқан. Сөйтіп, үш түрлі қашықтық бойынша сынға түсті.


Сондай-ақ, бірер күн бұрын Шымкенттегі Қайнарбұлақ елді мекенінде спорт кешені салынатыны ресми түрде хабарланды. Сәйкесінше, бұл спорт кешенінде балалар тегін қатысатын көптеген спорт үйірмелері жұмыс бастайды. Мектеп жанындағы бос жерден бой көтеретін нысан халықтың сұранысы бойынша іске асырылмақ. Одан бөлек, ардагерлер мен балаларға арналған орын дайындалып, аллея салу жолдары қарастырылады.


Тағы бір айта кетерлік жағдай – Филиппинде жалауы желбіреген су спорты түрлерінен Азия чемпионатының алғашқы күндерінде шымкенттік спортшылар ел қоржынына екі алтын, екі күміс медаль салып үлгерді. 4 жүлдені еншілеген екі азамат та қаладағы Ләззат Тәжиева атындағы № 4 олимпиада резервінің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің спортшылары екен. Бұл да спорт саласына бөлінген көңілдің бір қайтарымы десек, артық болмас.


Б.Мейірханұлы,

ERNUR.KZ