Үкімет 2024 жылдан бастап заңды қазақша жазады – депутат

0
1 735

Абзал Құспан Үкіметтен арнайы хат келгенін айтты.


Үкімет 2024 жылдан бастап заңды қазақша жазады – депутат

ERNUR.KZ. Мәжілісте депутат Абзал Құспан 2024 жылдан бастап Үкімет заңды қазақша жазатынын айтты, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

Мәжіліс депутаты Абзал Құспан Қазақстанда заңдар орысша жазылып, қазақ тіліне аударылатынын сауалдарында бірнеше мәрте көтерген.

«Бүгін Мәжіліс комитетінде отырысты жүргізген депутат Үнзила Шапаққызы бұл мәселе бойынша Үкіметке сауал жолдады. Бәріміз қолдадық. Содан кейін Үкіметтің атынан вице-премьердің қолы қойылған қағаз келді. Онда «2024 жылдан бастап заңдар қазақ тілінде дайындалады» деп жазылған. Алайда қазір вице-премьер Алтай Көлгінов қызметінен кетті. Алайда ол кеткенімен, Үкімет орнында ғой. Сондықтан олардың уәделеріне сеніп отырмыз.
Мысалы, мен 2 заң жобасын дайындап жатырмын. Оның аттарын айта алмаймын. Бірақ оларды қазақ тілінде дайындап жатырмын. Заң шығару бастамасы депутаттардың да қолында бар. Бірақ бізде негізінен Үкімет (заңды) дайындайды. Енді 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап көреміз. Осы мәселеге қайта ораламыз», - деді Абзал Құспан.

Депутат хатта заңдар 2024 жылдан бастап мемлекеттік тілде жазылады деп көрсетілгенін айтты.

«Хатта Алтай Көлгіновтың қолы қойылған. Адам ауысқанымен, Үкімет қол қойды ғой. Мұны Үкіметтің позициясы деп түсінеміз. Үкімет уәдесінде тұра ма, тұрмай ма, бұл – келер жылдың еншісіндегі шаруа», - деді ол.