Теміртаудың оңалту орталығында 660 бала тегін қалпына келтіру курсынан өтті

0
551

Аурудың диагнозы мен ауырлығына байланысты оңалту курсы 14 күнге созылады.


Теміртаудың оңалту орталығында 660 бала тегін қалпына келтіру курсынан өтті

Теміртау қаласының «Бала» инклюзивті балалар оңалту орталығында ауыр жарақаттардан кейін қалпына келеді, ортопедиялық және кардиологиялық дерттер кезінде, сондай-ақ сал ауруы, энцефалопатия және т.б. кезінде ем алады. Мұнда бір жыл ішінде 660 жас пациент көмек алды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Теміртаудың он төрт жасар тұрғыны биіктен құлағаннан кейін жамбас және сан сүйектері сынған соң оңалту орталығына түскен. Биыл қаңтар айының басында қыз балаға ота жасалды. Бір айдан кейін гипс алынып тасталған соң оны «Бала» орталығына жіберген. Қабылдау кезінде науқас тіпті отыра алмаған, оны ата-аналары көтеріп алып келген. Массаж, магниттік терапия, тренажерлардағы сабақтардың арқасында ол жүре бастады. Қазір ол бір балдақпен қозғалады. Дәрігерлер пациент үйіне шыққан соң өздігінен жүре алады деп үміттенеді.

"Операциядан кейін бізге қызым жүре алмай қалуы мүмкін деп айтты. Бірақ оңалту орталығында ол аяғына тұрды. Алдымен сүйемелдеу арқылы, содан кейін балдақпен жүре бастады. Мұндай оңалтудың ақысыз болуы өте маңызды. Мен баламды аяққа тұрғызып, осындай кәсіби күтімді қамтамасыз ете алмас едім", — дейді науқастың анасы Гүлжас Өмірбекова.

Аурудың диагнозы мен ауырлығына байланысты оңалту курсы 14 күнге созылады. Осы уақыт аралығында пациенттер массаж, тренажерлардағы сабақтар, магнитотерапия, пресс-терапия, электрмен емдеу, ультрадыбыстық, парафин терапиясы, педагогикалық түзету — логопед, дефектолог, психологпен сабақтар өткізеді.

"Травматологиялық бейіндегі пациенттер кезексіз түседі. Олар үшін біз әрқашан орындар қалдырамыз. Қазір бізде жақсы тәжірибе қалыптасқан —травматологтар көп уақытын жоғалтпай бірден оңалтуға жібереді. Жоспарлы оңалтудан осыған дейін де өткен пациенттер келесі курстың қашан болатынын біле отырып, алдын-ала кезекке тұрады. Барлық қалпына келтіру емі МӘМС аясында тегін көрсетіледі", — деді «Бала» балаларды оңалту инклюзивті орталығының директоры Елена Ли.