Талдықорғанда бес жыл бойы іздеуде болған қылмыскер ұсталды

0
729

Күдікті облыс орталығына бірнеше күн бұрын ғана келгені анықталды.


Талдықорғанда бес жыл бойы іздеуде болған қылмыскер ұсталды

ERNUR.KZ. Алматы облысының полицейлері ауыр қылмыс жасап, бой тасалап жүрген күдіктіні құрықтады, деп жазады Polisia.kz.

Оқиға 2015 жылдың 5 қаңтарында Алматы облысы Талғар ауданының Жаңалық кентінде орын алған. Алматы облысы Жамбыл ауданының 20 жастағы тұрғыны екі жасөспірімге еш себепсіз пышақ жарақатын салып, денсаулығына ауыр зиян келтіріп, қылмыс орнынан із суытқан.

Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 106-бабы 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілді. Тәртіп сақшыларынан бой тасалап жүрген күдіктіге іздеу жарияланып, сот органдары оны қамаққа алу туралы санкция берді. Жедел-іздестірудің кешенді шаралары барысында облыстық және аудандық криминалдық полиция жедел уәкілдері күдіктіні Талдықорған қаласында қолға түсірді. Тергеу кезінде осы уақытқа дейін оның еліміздің әртүрлі аймақтарында тұрғаны және ресми жұмысқа орналасуды талап етпейтін жерлерде жұмыс жасағаны белгілі болды.


– Күдікті облыс орталығына бірнеше күн бұрын ғана келгені анықталды. Сотқа дейінгі тергеу кезінде күдіктінің Алматы мен Алматы облысында ашылмаған басқа да қылмыстарға қатыстылығы тексеріледі. Қылмыстық іс бойынша басқа деректер ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес жария етуге жатпайды,- деп хабарлады облыстық полицияның баспасөз қызметі.