Стресс адамда инсульт болу мүмкіндігін арттырады

0
857

Инсульт немесе ми қан айналымының жіті бұзылысы - бұл шұғыл медициналық көмек көрсетуді қажет ететін кезек күттірмес жағдай.


Стресс адамда инсульт болу мүмкіндігін арттырады

ERNUR.KZ. 6-7 шілдеде Астанада «Қазақстан Республикасы инсульт қызметі мамандарының халықаралық қатысуымен «Инсульт мектебі 2023» ғылыми-практикалық конференциясы өтуде, деп жазады BAQ.KZ.

Инсульт немесе ми қан айналымының жіті бұзылысы - бұл шұғыл медициналық көмек көрсетуді қажет ететін кезек күттірмес жағдай. Бүгінгі таңда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы инсультты бүкіл әлемде індет деп жариялады.

Аталған іс-шараны ДСМ «Ұлттық нейрохирургия орталығы» АҚ Инсульт проблемалары жөніндегі республикалық үйлестіру орталығы бесінші рет өткізіп отыр, осы іс-шараның жылдан жылға шекарасы кеңейіп, ауқымы арта түсуде. Конференция отандық мамандар өз жұмыстарын қорытындылап, шетелдік спикерлер өз тәжірибелерімен бөлісетін алаң болып табылады. Сондай-ақ, жас мамандар конференцияда жаңа білім алып, тәжірибелі дәрігерлермен пікірлесе алады.

Биылғы жылы конференцияға қатысу үшін инсультты емдеуге өмірінің көп жылын арнаған мамандар келді және олар Италия, Германия, Литва және Украина сияқты елдердің инсульт қызметінің жетекші мамандары болып табылады. Конференция жұмысына осы саланың 200-ге жуық маманы қатысады. Бұл отандық ғалымдар мен алыс және жақын шет елдердің сарапшылары.

Сонымен қатар, Конференцияда Инсульт проблемалары жөніндегі республикалық үйлестіру орталығының басшысы Ержан Адильбеков Қазақстан Республикасында инсульт қызметін дамытудың жаңа тұжырымдамасын ұсынды.

Жоғары қан қысымы, жүректің әртүрлі аурулары (атриальды фибрилляция, миокард инфарктісі, ревматизм және т. б.), қант диабеті, алдын-ала өтпелі ишемиялық шабуылдар (TIA) және алдыңғы инсульттар, сондай-ақ гиперхолестеринемия, алкогольді мөлшерден тыс пайдалану, темекі шегу, артық салмақ, дұрыс тамақтанбау, стресс және төмен дене белсенділігі адамда инсульт болу мүмкіндігін арттырады, - деп мәлімдеді Ержан Адильбеков.

Ол әлемдік статистикаға сәйкес, әлемде жыл сайын 33 миллионнан астам адам инсультпен ауыратындығын, оның 5 миллионы осы аурудан қайтыс болатындығын атап өтті. Өкінішке орай, Қазақстанда жыл сайын 40 мыңнан астам адам инсульт алып, ауру-сырқаулық, өлім-жітім және жоғары мүгедектік құрылымында жетекші орын алады. Мысалы, 2023 жылғы 5 айдың қорытындысы бойынша 2022 жылмен салыстырғанда ишемиялық инсульт саны 1302 жағдайға артты.

Біздің конференция ұлттық платформаға айналды, онда біз мидың қан тамырлары аурулары бар науқастарға медициналық көмек көрсетудің өзекті мәселелерін талқылаймыз. Биылғы жылы ғылыми-практикалық конференция тақырыбы бойынша алуан түрлі, өте маңызды болмақ. Ғылыми-практикалық конференция бағдарламасында ҚР-да инсульт қызметін ұйымдастыру, нейровизуализациялық диагностика, тромболитикалық терапияны пайдалана отырып инсульттарды емдеу, ашық нейрохирургиялық және эндоваскулярлық оперативтік араласулар, қайталама профилактика мәселелерін талқылау жоспарлануда. Бағдарламаға неврология, нейрохирургия, кардиология, реаниматология саласындағы жетекші шетелдік және отандық мамандар қатысады. Конференция барысында біз заманауи жетістіктерді талқылаймыз және ми қан айналымы бұзылған науқастарға көмек көрсету кезінде нейрохирургия мен неврологиядағы іргелі дағдыларды қайталаймыз - деп қорытындылады Ержан Адильбеков.

Жыл сайын өткізілетін «Инсульт мектебі» Халықаралық конференциясы дәстүрлі түрде әріптестердің кездесу орнына, пікір алмасу және білім беру іс-шаралары алаңына айналды және шын мәнінде медицинада инсультті диагностикалау, емдеу және оңалтуға қатысты мәселелер қаралатын, сондай-ақ Қазақстанның инсульт қызметінің өзекті мәселелері талқыланатын ауқымы жоғары үлкен оқиға болып табылады.