СҚО-да 13 жасар бала граната тауып алды

0
488

Бала тот басқан гранатаға ұқсас затты алдымен анасына көрсеткен.


СҚО-да 13 жасар бала граната тауып алды

ERNUR.KZ. Солтүстік Қазақстан облысында анасымен картоп отырғызып жүрген 13 жастағы бала бақшадан ескі граната тауып алды, деп жазады ҚазАқпарат.

СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Қызылжар ауданындағы ауылдардың бірінде картоп отырғызу үшін жер қазып жүрген 13 жасар бала тот басқан гранатаға ұқсас зат тауып алған. Қасында жүрген анасына көрсетіп, ол көршісіне апарып көрсетуге кеңес берген. Ер адам қауіпті затты абайлап жерге қойып, бірден полицияға хабарлапты.

Жарылғыш затты әкетуге мамандар келгенге дейін, аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері граната жатқан жерді қоршауға алып, 500 метрдей радиустағы үйлердің тұрғындарын қауіпсіз жерге эвакуациялады. Қауіпті зат арнайы контейнерге орналастырылып, зерттеуге жіберілді. Кейін граната әскери бөлімнің полигонында жойылады.

«Табылған заттың граната екені анықталды. Біздің болжамымыз бойынша ол Миллс жарықшақты гранатасы. Мұндай жарылғыш зат Бірінші Дүниежүзілік және Азамат соғысында қолданылған. Сыртын тот басқан, таңбасы көрінбейді. Тұтандырғышы болмағанымен, ішіндегі заты қауіпті болуы мүмкін. Сондықтан осындай ескі қару-жарақ тапқанда тиіспей, полицияға хабар берген жөн», - дейді Қызылжар аудандық полиция бөлімінің бастығы Әлихан Байқадамов.