Шығыс Қазақстанда жұмысқа кеткен ер адам жұмбақ жағдайда жоғалып кетті

0
303

36 жастағы Риддер тұрғыны желтоқсан айының соңында қаладан 50 шақырым жерде орналасқан учаскеге жұмысқа шығып кеткенннен үйіне қайтып оралмаған.


Шығыс Қазақстанда жұмысқа кеткен ер адам жұмбақ жағдайда жоғалып кетті

ERNUR.KZ. Өскеменде жұмбақ жағдайда жоғалып кеткен ер адамның туыстары көмек сұрайды. Ер адамды іздеу жұмыстары 3 ақпаннан басталады және кез келген ерікті қатыса алады, деп жазады stan.kz.

36 жастағы Риддер тұрғыны желтоқсан айының соңында қаладан 50 шақырым жерде орналасқан учаскеге жұмысқа шығып кеткенннен үйіне қайтып оралмаған. Туыстарының айтуынша, қазір ол жақта ағаш кесу жұмыстары жүріп жатыр. Рамиль сонда күзетші ретінде жұмысқа орналасқан. Алайда ол жұмыс орнына бармаған көрінеді. Өйткені ол жерде ешкім пеш жақпаған. Сондай-ақ күзетшінің жұмыс орнында заттар шашылып, әйнектің сынғаны анықталды.

“Өкінішке қарай, Рамильді әлі таба алмай жатырмыз. Бірақ жақсы жаңалықтан үміттіміз. Біз көріпкелдерден де көмек сұрадық. Олардың айтуынша, бауырым тірі, бірақ қазіргі жағдайы ауыр көрінеді. Алаңдаушылық білдіріп жатқан адамдардан іздеу жұмыстарына болысуды сұраймыз. Бізге шаңғысы бар еріктілер керек, мүмкін біреуде қарда жүретін техника табылып қалар. Өз күшімізбен іздеп көруге тырыстық. Алайда қар қалың болғандықтан, әзірге нәтижесіз болып тұр”, – дейді Рамильдің әпкесі Дина Ғазизова.

Жазық аумақтармен қатар, жақын маңдағы елді-мекендерді және қараусыз қалған үйлерді де қарап шығу жоспарланып отыр.

3 ақпаннан бастап іздеу жұмыстарына ШҚО полиция департаментінің құтқарушылары да жұмылдыратыны белгілі болды.

Жоғалған адамның туыстары Рамиль туралы қандай да бір ақпарат бере алатын немесе іздеу жұмыстарына қатысты сұрақтары бар адамдарға +7-771-466-54-38, +7-777-541-44-67, +7-777-858-00-22 нөмірне хабарласуды сұрайды.