ШҚО-да сібір жарасын жұқтырған мал өлекселері мектеп маңына көмілген

0
358

Мониторинг барысында өңір аумағындағы сібір жарасын жұқтырған мал өлекселері көмілген 101 орынның 95-інде бұзушылықтар анықталды.


ШҚО-да сібір жарасын жұқтырған мал өлекселері мектеп маңына көмілген

ERNUR.KZ. Шығыс Қазақстан облысында сібір жарасын жұқтырған мал өлексесі мектеп маңына көмілгені анықталды, деп жазады inform.kz.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі ШҚО бойынша департаментінің мәліметіне сүйенсек, мониторинг барысында өңір аумағындағы сібір жарасын жұқтырған мал өлекселері көмілген 101 орынның 95-інде бұзушылықтар анықталды.

«Жергілікті атқарушы органдар сібір жарасын жұқтырған мал өлекселері жерленген санитарлық-қорғау аймақтарын әртүрлі мақсаттарға берген. Атап айтқанда, учаскелердің көбісі жайылымға, шабындыққа берілгені белгілі болды. Тарбағатай ауданында сібір жарасын жұқтырған мал көмілген жерден 250 метр қашықтықта үй тұрса, Күршім ауданындағы учаскеден 650 метр қашықтықта орта мектеп бар», - делінген ақпаратта.

Санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкес, сібір жарасын жұқтырған мал өлексесі көмілген орын қауіптіліктің I класты объектісіне жатады және ол санитарлық-қорғау аймағы басқа нысандардан кемінде 1000 метр қашықтықта болуы тиіс.

«Өскемен қаласындағы осындай орындарда қоршаулар мүлдем орнатылмаған. Осылайша, жергілікті атқарушы органдар тарапынан жерлеу ережелерінің талаптарын өрескел бұзу және Шығыс Қазақстан облысының аумағында ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің аумақтық инспекциясы тарапынан бақылаудың болмауы туралы қорытынды жасауға болады. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг қорытындысы бойынша департамент уәкілетті мемлекеттік органдарға сібір жарасын жұқтырған мал көмілген жерлерде анықталған бұзушылықтарды жою жөнінде ұсыныс берді. Мәселе бақылауға алынған», - делінген хабарламада.