​Сенбілік ізгі дәстүрге айналып келеді

0
145

"Қазақстан – біздің ортақ үйіміз" - Қасым-Жомарт Тоқаев.


​Сенбілік ізгі дәстүрге айналып келеді

көрнекілік фото: ашық дереккөзден алынды

Бүгінде тұрғылықты жерді, қала мен өңір аумақтарын таза ұстауда, қоршаған ортамызды, тұмса табиғатты күтіп ұстауда Қазақстан бойынша атқарылып жатқан шаруа көп. Соның ең қарапайым да, халықты бірлік пен ынтымаққа шақыра отырып, бірлесе тазалық жасаудың дәстүрі – сенбілік.

Сенбілік бізге бала күнімізден таныс. Аптаның алтыншы күні әсіресе көктем шыға және күз мезгілінде ауыл-аймақ болып қолға күрек-кетпен алып жапырақ толған арықты, көшені қоқыстан тазартып, ретке келтіріп, қала берді ағаштарды қураған бұтасынан арылтып, жас шыбықтарды егіп, бір ретке келтіріп тастайтынбыз. Бұл сол кезде балакөңіл біздерге бір мереке секілді көрінетін. Ерсектердің бір жағына шығысып, қолқабыс жасап, әйтеуір шамамыз жеткенше көмегіміздің тигеніне қуанатынбыз. Ағаштардың түбі ақталып, арықтар мен каналдар тазаланып, көшеміз де, даламыз да ретке келіп қалғанына қуанушы едік.

Расын айту керек, ол кезде даланы ластайтын қауіпті қоқыстардың түрі аз болатын. Пластик бөтелке, желп еткен желге ұшып, сай мен даланы қуалап кететін целлофан қалташа, қанша жыл жатса да шірімейтін қаптамалар және тағы басқа да қоқыс түрлері көп бола бермейтін. Қазіргі уақытта бұрыш айналсаң ондай қоқыстың неше түрін көресің. Экологтар да мұндай қоқыс түрлерінің оңайшылықпен шірімейтіні былай тұрсын, топырақ пен өсімдік әлеміне, жан-жануарларға тигізетін зиянын айтып қашаннан дабыл қағып келеді. Әрине, ол бөлек әңгіме.


Бүгінде сондай қоқыстарды мезгіл-мезгіл тазартып, тұрғылықты аумағыңды таза ұстау тек биліктің ғана емес, әрбір тұрғынның адами парызы екені рас. Бұл өзіміз тұрып жатқан мемлекет, қала, облыс пен аудан және ауыл. Оның жерінен дән жеп, қойнауынан су ішеміз, ауасымен тыныстаймыз. Топырағы мен ауасын, суын дастап жатсақ бұл дегеніміз ең бірінші өзімізге өзіміз жасап жатқан қиянат болмай ма?

Сондай қиянаттың алдын алудың, өскелең ұрпаққа айналаны таза ұстап, күтім жасау керектігін аз да болса түсіндірудің әрі өзіміз де түсіне білудің кішігірім ғана бір көрінісі – осы сенбілік. Сол игі дәстүрдің әлі жалғасын тауып жатқаны көңіл қуантады. Себебі, жаңалықтар легінен әр аймақта болып жатқан сенбілікті көреміз.

Осы жылдың сәуір айында Жасыл Астана" экологиялық акциясына қатысқан Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қалалық сенбілікте еріктілер мен студенттерге алғыс айтқаны есімізде.

"Қазақстан – біздің ортақ үйіміз. Сондықтан үйімізді таза ұстауымыз керек. Ағаш отырғызып, көшелерді тазалауымыз керек. Бұл – біздің азаматтық борышымыз. Бізде басқа ел жоқ. Сондықтан бәріңді жауапкершілігі мол азамат болуға шақырамын. Баршаңызға, әсіресе, еріктілерге алғыс айтамын", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.


Сенбілік демекші, өткен 2022 жылғы бүкіл әлем елдерінде өткен 17 қыркүйектегі акция естеріңізде болар?! Эстония елінен басталған осынау сенбілікті әлемнің 180 елі қолдап, бір күнде тазалық акциясын жасаған болатын. Одан біздің Қазақстан да шет қалған жоқ, дүние жүзі қолдаған шараға әсіресе Солтүстік Қазақстан тұрғындары мен еріктілер белсене қатысып, ауыл-аудан бойынша сенбілікке шыққан еді. Аймақ күл-қоқыстан тазарып, адамдар демалатын орындардағы қоқыс заттар да шығарылған болатын.

сурет: видеодан скриншот (mtrk.kz)

Ең көңіл толарлығы, мұндай акцияларға еріктілер мен жергілікті тұрғындар 5 жылдан бері қатысып келеді екен. Мұны сол кездегі облыстық экология департаментінің бас маманы Толқын Жүнісаова айтқан болатын. Бас маманның өзі де айына 2-3 сенбілікке қатысып, айнала қоршаған ортаның ластанбауына өз үлесін қосып жүргенін жеткізген. Демек, өңірді таза ұстауда жергілікті биліктің де, еріктілер мен тұрғындарың да дәстүріне айналған десек болады.


Әріге бармай-ақ бүгінгі сенбіліктерге шолу жасайықшы. Мәселен, Ақтөбе қаласында биыл күзгі екі айлық тазалық акциясы жарияланып, оған қала тұрғындары мен еріктілер, түрлі басқарма өкілдері, кәсіпкерлер де белсене қатысты. Қала әкімінің Азамат Бекеннің өзі мұрындық болған акцияда әр апта сайын өткен сенбілікте 150-200 тонна шамасында қоқыс шығарылып, 400-500 адам қатысқан. Қала әкімі өзі де бірге жүріп, қаладағы көпқабатты үйлердің аулаларын, жағалауларды, жалпы қала аумағын тазартуға белсене қатысқан еді.

Ақтөбедегі акция аясында тек тазалық қана емес, қоқыс полигонында да «жеңілдік» жасалған. Мәселен, әдеттегі ақылы түрде қабылданатын ірі көлемді қоқыстарды, яғни, жиһаз қалдықтары, құрылыс қалдықтары сияқты қоқыстарды полигонда тегін қабылдау жүретіндігі Ақтөбе қаласы әкімдігінің желідегі парақшаларында да жарияланған болатын.

сурет:aqtobegazeti.kz

Екі айлық тұрақты сенбіліктің нәтижесі болмауы да мүмкін емес. Тұрғындарды да бейімдеп, өскелең ұрпаққа да ой тастайды, үйретеді және ең маңыздысы, тұрғылықты халыққа жайлы да таза орта қалыптасады. Ал қалыптасқан таза да қолайлы ортаны бүлдіруге сенбілікке өзі қатысқан жандар да жол бере қоймасы анық.


Мұндай шолу жасауымызға не себеп? Бүгінде бүкіл әлемді жкология мәселесі алаңдатады. Жер жүзіндегі адамдардың ғана емес, бүткіл тіршіліктің анасы Жер планетасын сақтау қалу маңызды болып отыр. Сапары да салауатты өмірдің бірден бір кепілі де экологияның жақсаруы.

Сондықтан да 2021 жылы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев нақты тапсырма беріп, «Жасыл Қазастан» ұлттық жобасы әзірленген еді. Жоба еліміздің халқының қолайлы өмір сүруіне, таза орта мен экологиялық жағдайды жақсартуға бағытталған.

Әр өңір, аумақта, ірі қалаларда бұл жобаның жекелеген бағыттары бойынша жұмыстар атқарылып жатыр. Ал біз келтіріп өткен сенбілік акциялары осындау жобаға аз да болса үлес қосатын кішкентай бөлшегі ғана...

А.Уәли,

ERNUR.KZ.