Президент әкімшілігінің бұрынғы басшысы соттасып жатыр

0
606

Аслан Мусин қайтыс болған ұлының мүлкі үшін сотқа жүгінді.


Президент әкімшілігінің бұрынғы басшысы соттасып жатыр

ERNUR.KZ. 2017 жылы зейнет жасына байланысты мемлекеттік қызметтен кеткен, Қазақстан Президенті әкімшілігінің бұрынғы басшысы, Атырау және Ақтөбе облыстарының экс-әкімі Аслан Мусин «Ақтөбе» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-мен соттасып жатыр, деп жазады Azattyq Rýhy.

Басылымның хабарлауынша, жақында ол қайтыс болған ұлының бизнестегі үлесі «Ақтөбе» ӘКК-ге берілгенін білген. Бұл туралы азаматтық іс Ақтөбе қалалық сотында қаралып жатыр.

Президент әкімшілігінің экс-басшысының ұлы Асылбек Мусин 2017 жылы Ригада қайтыс болды. Марқұмның Ақтөбедегі Қарғалы ауылында ауданы 567 шаршы метр болатын екіқабатты үйі қалды.

Аслан Мусин 2020 жылдың тамызында қайтыс болған ұлының қағаздары арасынан құрылтайшы құжаттарын табады. Ол жерде Асылбек Мусиннің (ұлы – ред.) «Алико», «А-Полиграфия» (42%), «МК-Бизнес», «Портал-Б» (35%), «Мередиан-С» ЖШС-нің құрылтайшысы және олардың әрқайсында жарғы капиталы барын анықтайды. Құжаттарға сәйкес, 2013 жылғы 11 қарашада Асылбек Мусин туысы Әнуарбек Мусинге сенімхат берген. Ал ол сол күні «А-Полиграфия», «Меридиан-С», «Ақтөбе» ӘКК компанияларында жарғы капиталын үлестірген. Сенімхат алған ол басқа компаниялардағы үлесін берген.

Аслан Мусин ұлының компаниялардағы үлесін «Ақтөбе» ӘКК-ге заңсыз берілген деп есептейді. Сондай-ақ сенімхат бизнестегі үлесін беруге құқық бермейтінін, оған қоса, Асылбек Мусин сол сәтте елде бомағанын және сенімхат бере алмағанын жеткізген.

Басылымның хабарлауынша, әкесі сенімхат пен келісімдерді жарамсыз деп тануды талап етіп жатыр.

Еске сала кетейік, Аслан Мусин 1995-2002 жылдары Ақтөбе облысының әкімі болды. Ал 2002-2006 жылдары Атырау облысын басқарды. 2008-2012 жылдары Қазақстан Президенті әкімшілігінің басшысы болды. Соңғы қызметі – Қазақстанның Хорватиядағы елшісі (2014-2017 ж.ж.).