Павлодарда кофе ағашы жеміс берді

0
1 243

Тропикалық өсімдіктердің жыл бойы жеміс беретін ерекше қасиеті бар.


Павлодарда кофе ағашы жеміс берді

ERNUR.KZ. Павлодардың экологиялық мектебінде кофе ағашы жеміс берді, деп жазады 24.kz.

Жас табиғаттанушылар бұл орталықта ұстаздарымен бірге экзотикалық өсімдіктерді өсірумен айналысады. Жылыжайда лимон, авокадо, киви, анар, лавр, кофе ағашы өсіп тұр. Тропикалық өсімдіктердің жыл бойы жеміс беретін ерекше қасиеті бар. Экологиялық орталық оқушыларды өсімдікті тануға үйретеді. Олар қыста жылыжайдың ішінде, жазда даладағы ашық алаңда тәжірибе жұмыстарын жүргізеді. Оқушы Алика Тачетдинова кофе ағашын зерттеумен айналысып жүр.

Арика Тачетдинова, оқушы:

"Бұл – кофе ағашы. Оның өсіп тұрғанына шамамен 7 жыл болды. Ал мына ағаштың тұқымын осыдан екі жыл бұрын өз қолыммен отырғыздым. Биыл жеміс береді деген үмітім бар. Кофенің дәнін микротолқынды пеште кептіріп, ұнтақтап барып қайнаттық. Кәдімгі кофеге айналды. Дәмі тіл үйіреді, хош иісті. Өте керемет".

Оқушылар өсімдіктерді тұқымынан өсіргенді ұнатады. Осылайша жеміс ағашының әрі қарай өсіп-жетілуін бақылай отырып, білімдерін шыңдайды. Жылыжайда экзотикалық өсімдіктердің 200-ден аса түрі өседі. Олардың кейбірі жеміс беріп жатыр. Мәселен, оқушылар жапон фортунелласы, кофе, інжір ағашының жемісін алған. Ал 15 жыл бойы өсіп тұрған авокадо ағашы бірде-бір рет жеміс бермепті. Өйткені оны тозаңдандыратын жәндіктер сол авокадоның отанында өмір сүреді екен.

Әрбір өсімдіктің бізге беймәлім ерекшеліктері бар. Киви шырмауық сияқты өрмелеп өседі. Ал інжір ағашының гүлі жемісінің ішінде болады. Тропикалық және субтропикалық жеміс ағаштары жыл бойы жеміс береді. Экологиялық орталық мамандары барған жерлерінен экзотикалық өсімдіктердің көшеттерін әкеледі.

Ахмет Қаппасов, жылыжай меңгерушісі:

"Кейбіреуін дүкендерден сатып алып тұқымнан өсіріп шығарамыз. Кейбіреуін мына жақын маңайдағы қалалардан, барған жердегі ботаникалық бақтардан, жылыжайлардан сатып алып, оны өсіріп, көбейтіп жатырмыз".

Кофе ағаштарын үй жағдайында өсіруге болады. Бірақ оларға көп орын керек. Экзотикалық өсімдіктерден бөлек экологиялық орталықта гүлдердің сан алуан түрі бар. Бір жылдық гүлдердің 70, ал көп жылдық гүлдердің 50-ден астам түрі кездеседі. Жас табиғаттанушылар тәжірибелік алқапта өсімдіктерді күтіп-баптауды, көшет отырғызу мен топырақты өңдеуді үйренеді.