Париж Олимпиадасына арналған киім формасының дизайнына ашық конкурс жарияланды

0
414

Конкурс екі кезеңге созылады және әрбір кезең жеңімпазы ереже шарттарына сәйкес комиссия отырысында анықталады.


Париж Олимпиадасына арналған киім формасының дизайнына ашық конкурс жарияланды

ERNUR.KZ. Париждегі жазғы Олимпиадаға арналған Қазақстан Ұлттық құрамасының киім формасы мен оған қосымша керек-жарақ жабдықтардың дизайн тұжырымдамасын әзірлеуге арналған ашық конкурс жарияланды, деп жазады baq.kz.

Бұл туралы Туризм және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру комитетінің "Спортты дамыту дирекциясы" мәлімдеді.

Киімдер салтанатты рәсімге және жаттығуға арналған жұптан тұрады.

Конкурс кезінде келіп түскен жұмыстарды арнайы комиссия құрамы қарап, ортақ шешім қабылдайды. Жұмыс тобының қатарына Туризм және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру комитеті, ҚР Ұлттық Олимпиада комитеті, Қазақстан спортшылары одағының өкілдері, даңқты спортшыларымыз бен БАҚ қызметкерлері кіреді. Бұл қатарда Елдос Сметов, Серік Сапиев, Азамат Дәулетбеков, Жәмилә Бақбергенова, Ольга Рыпакова, Әбиба Абужақынова, Анна Алябьева, Нұрбек Оралбай, Нұрсұлтан Тұрсыновты атап өтуге болады. Комиссия төрағасы – Спортты дамыту дирекциясының директоры Ерлан Естек, - делінген хабарламада.

Конкурс екі кезеңге созылады және әрбір кезең жеңімпазы ереже шарттарына сәйкес комиссия отырысында анықталады.

Конкурс кезеңдері:

I кезеңде комиссия конкурсқа қатысушылар өтініштерін, материалдарын қабылдап, қарайды (2024 жылғы 28 ақпан 20:00-ден 10 наурыз сағат 18:30 дейін).

ІІ кезеңде конкурс жеңімпаздары анықталып, жарияланады (2024 жылғы 13-15 наурыз аралығы).