Өзге діндердегі ораза құлшылығы қалай жасалады

0
2 280

Он екі айдың сұлтаны болған Рамазан – Алланың мейірімі төгіліп, жұмақтың есігі айқара ашылатын, сауаптар еселеніп жазылатын шарапаты мен шапағаты мол ай.


Өзге діндердегі ораза құлшылығы қалай жасалады

ERNUR.KZ. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы шариғат және пәтуа бөлімінің 2024 жылға бекіткен діни күндер кестесіне сәйкес, биылғы Рамазан айының оразасы 11 наурыз бен 10 сәуір аралығына сәйкес келеді, деп жазады zakon.kz.

Алланың разылығын көздеген әрбір пенде осы уақытта таң атқаннан күн батқанға дейін ас-судан, жыныстық қатынастан тыйылып, жалпы, әдепсіз әрекеттен, бос сөзден, жаман нәрсені көру мен тыңдаудан аулақ болуы тиіс.

Ораза араб тіліндегі "ас-соум" деген сөзден шыққан. Мағынасы "өзін-өзі тоқтату, тартыну, тыйылу" деген ұғымдарды білдіреді. Он екі айдың сұлтаны болған Рамазан – Алланың мейірімі төгіліп, жұмақтың есігі айқара ашылатын, сауаптар еселеніп жазылатын шарапаты мен шапағаты мол ай. Құдси хадисте Алла Тағала: "Ораза – тек Мен үшін. Оның сыйын (сауабын) Өзім ғана беремін..." деп оразаның қадірі мен қасиетін баяндаған.

Мұсылмандар үшін қасиетті Рамазан айының оразасы – адамға бойындағы жаман әдеттерден арылып, тәубеге келуге ерекше мүмкіндік беретін уақыт. Оның берекесі мен ерекше маңызы Құран аяттары мен көптеген хадистерден белгілі.

Осы орайда, басқа діндерде ораза құлшылығы бар ма деген сұрақ туындайды.

Православиелік ораза

Православие оразасы шамамен 40 күнге созылады. Оразаның алдында дайындық кезеңі болады. Ораза басталардан 2 апта бұрын сәрсенбі және жұма күндері барлық майсыз тағамдардан, ал бір апта қалғанда еттен бас тарту керек.

Оразаның бірінші және соңғы күндері тыйым қатаңдайды. Бұл күндері тамақтан толық бас тарту ұсынылады. Қалған күндері жануарлардан алынатын өнімдерді – ет, сүт, жұмыртқа, балық және өсімдік майын тұтынуға тыйым салынады. Өсімдік майына сенбі, жексенбі, бейсенбі және кейбір ерекше құрметті әулиелер күндері, ал балыққа екі күнде ғана рұқсат етіледі.

Католиктік ораза

Католиктіктерде де ораза 40 күн. Ол "күл сәрсенбіден" басталады. Бұл күні шіркеулерде тәубе мен бойсұну белгісі ретінде діни қызметкерлер сенушілердің бастарына күл себеді немесе маңдайына кірес салады.

Католиктерде қатал және қатал емес ораза бар. Сәрсенбі мен жұмада қатал ораза ұсталады, бұл тамақтан толық бас тартуды немесе оны күні бойы шектеулі мөлшерде қабылдауды білдіреді. Жұмада және қалауы бойынша оразаның басқа күндерінде ораза қатал емес, бұл еттен ғана бас тартуды білдіреді. Жексенбі күндері ораза тұтылмайды.

Иудаизмде оразаның бірнеше түрі бар. Оның ең маңыздысы йом киппур күні ұсталатын ораза. Ол күні яһудилер бір жылдың ішінде істеген күнәлары үшін тәубе етіп, құдайдан кешірім сұрайды. Бұл ораза яһуди күнтізбесіне сай жыл басы болған (Тишри) яғни қарашаның оныншы күніне сәйкес келеді. Бұл күні ораза ұстау парыз. Ораза арафа күні күн батудан шамамен бір сағат бұрын басталып, ертесі күні күн батуға 45 минут қалғанға дейін жалғасады. Жиырма бес сағаттан асатын бұл уақыттың ішінде жеп ішуге, жыныстық жақындыққа, жуынуға және тазалық жасауға, май жағуға және аяқ киімді де қосқанда былғарыдан жасалған киім киюге болмайды. Бұл ораза күні жұмыс тоқтайды, радио мен теледидар жұмыс істемейді, машина қолданбайды, газет-журнал шығармайды.

Яһудилердің сенімі бойынша адамның бір жылдық тағдыры оның осы йом-киппур оразасындағы тәубе деңгейіне қарай белгіленеді. Иудаизмде йом-киппур және тишаһ бе-ав оразалары екі күннің батуының арасында ұсталады. гедалия, асара бе-тевет, эстер, бохор, шивах асар бе таммуз оразалары таң атқаннан күн батқанша ұсталады. Он үш жастан асқан ер балалар мен он екі жасқа толған қыз балалар ораза ұстай алады. Науқастар, ай-күні жақындап қалған жүкті әйелдер, нифас жағдайындағы әйелдер ораза ұстай алмайды.

Индуизм

Индуизмде ораза нәпсіні тәрбиелеу үшін жылдың белгілі бір күндерінде және мерекелерде ұсталады. Бұл дінде әр топтың жеке құлшылық және жеке дұға жасайтын күндері бар. Брахмандар деп аталатын абыздар тобы жыл бойы, жиі-жиі ораза ұстайды. Жиырма бес жасына дейін дінді үйренуге міндетті брахман үйленіп, отбасылы өмірге қадам басқан соң дүниеден өткенше өз кастасына тән әртүрлі міндеттерді орындайды. Отбасылы брахман ораза күндерінен тыс қалыпты күндері бірі түстен кейін сағат үштерде, екіншісі жатардан бұрын барлығы екі мәрте тамақтанады.

Одан бөлек, екі түрлі ораза бар. Бірі құрбан оразасы. Брахмандардан өзге каста мүшелерінің арасында да кең таралған ораза. Бір тілектің орындалуы үшін ұсталатын құрбан ораза үздіксіз 15 күн ұсталады. Екіншісі жылдық мерзімдік оразалар. Бұл оразаны брахмандар ай күнтізбесіне қарай әр айдың бірінші және он бесінші күндері ұстайды. Сонымен қатар брахмандар бұл екі күнге қоса айдың 10,11 және 12 күндері айына кем дегенде бес күн ауыз бекітеді. 10 және 12 күндері күніне бір мәрте тамақтанса, 11 күні мүлдем тамақ ішпейді. Осы он бірінші күннің әсіресе жесір кісілер мен өздерін дін жолына арнағандар үшін ерекше орны бар. Бұл күні яһудилердің шабат және йом-киппур күніндегідей дүниелік ешбір іс істемейді. Кешкі тамаққа бар болғаны тәтті және жеміс жейді.

Сонымен қатар Шива құдайын дәріптейтіндер ұстайтын мага айының он үшінші күні таңертеңнен бастап, он төртінші күні сәскеге дейін ұстайтын ораза да бар. Шамамен 24 сағатқа созылатын ораза кезінде жеп-ішуге және жыныстық жақындыққа тыйым салынады. Бұдан да өзге оразалар бар. Жалпы айтқанда индуизмдегі оразаның өзге діндерден кейбір ерекшелігі күріштен жасалған тағам түрлерін жемеу, әйелдерге иіссу себуден сақтану, ер кісілердің үнді майы сынды майларды жақпауы. Сондай-ақ шиварати оразасында ұйықтамауға тыйым салынатыны да кез келген дінде кезіге бермейтін ерекшелік. Сондай-ақ индуизмде тек қана әйелдер тұтатын ораза бар.

Буддизм

Будда мына дүниені тұтастай азап деп білетіндігі белгілі. Десек те Будданың өзі дүниеден баз кешіп, дәруіш болып кетуді насихаттамаған. Өйткені оның пікірінше, шектен шығушылық адамның рухани тұрғыдан жетілуіне кедергі болады. Алайда буддизм уақыт өте келе индуизм мен жайнизм діндерінің ықпалында қалып, өзгереді. Нәтижесінде будда монахтары жайндар секілді қалыпты күннің өзінде түске таман бір мәрте тамақтанатын жағдайға келген. Бұл әлемдік діннің де тармақтары көп болғандықтан әрқайсысында әртүрлі ораза түрлері бар. Мысалы ламаизмде ай сайын төрт күн ораза тұтады. Олардың бір бөлігі кешке таман тек қана нан және картоп сынды крахмалы мол тағаммен шай ішуді де оразаның бір түрі деп біледі. Ал тақуарақ кісілер ертесі күні күн шыққанша ештеңе ішіп-жемейді. Ламаистердің арасында кең тараған оразаның бірі нунгнас. Төрт күнге созылған бұл оразаның алғашқы екі күнінде толықтай дұға жасап, күнәні мойындау күні, екінші күні түн ортасынан бастап, төртінші күні күн шыққанша аузы берік адамның түкірігін жұтуына да, тілін қимылдатуына да рұқсат етілмейді. Сондықтан бұл мерзім аралығында дұғаны іштей жасайды. Буддизмнің барлық тармақтарында Будданың туған күні саналатын қытай күнтізбесіне сай төртінші айдың он бесінші күнінен бұрынғы соңғы бес күннің ішіне қатаң вегетариандық ереже ұстанады. Яғни тұтастай ауыз бекітпегенімен рухани кемелдік үшін кейбір тағам түрлерінен бас тарту бар.

Зороастризм

Бұл дінде біз білетіндей ораза жоқ. Тіпті қасиетті кітабында асқазанын етпен толтырған адам жақсы рухпен толтыратынын және бұндай адамдардың күні бойы ештеңе жемеген адамдардан әлдеқайда жақсы екендігі айтылады. Зәрдүштер шынайы ораза жеп-ішуден тыйылу емес, іс-әрекет, ой мен сөзде қателікке түсуден сақтану деп түсінеді.

Жайнизм

Жайнизм индуизмнен біраз уақыт бұрын шыққан. Негізін салушысы Джина (жеңімпаз) Махавира (ұлы қаһарман). Олардың өмірінің өзі қызық. Жаны бар жаратылысты өлтіру былай тұрсын жаға ұстатар қатаң тыйымдары бар. Мысалы жер жыртуға қарсы. Өйткені жер жырту барысында майда жәндіктерді өлтіріп қоюың мүмкін. Ағашты өлтірмес үшін от жақпау керек. Жанған отты өшрімеу керек, өйткені отты өлтіресің. Су ішкенде де майда жәндіктер кетіп қалмас үшін сүзіп ішуді жөн көреді. Ал рухани кемелдік үшін тамақтан шектелуге келгендегі қатаңдығы тіптен. Жайн белгілі бір уақыт тамақтанбай өзін шектеу былай тұрсын, тамақ ішпеген күйі аштан өлуге де қарсы емес. Ал қатардағы жайндар сарымсақ пен пияздан өзге көкөніс түрлерімен ғана тамақтануды құптайды.