Отбасындағы тирандар қолынан 69 әйел мен жеті бала қаза тапты

0
401

Жаңа заңда депутаттар жас баланы өлтіргені немесе педофилия үшін өмір бойына бас бостандығынан айыруды жоспарлап отыр.


Отбасындағы тирандар қолынан 69 әйел мен жеті бала қаза тапты

ERNUR.KZ. Қазақстандағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Закиева былтыр елде тұрмыстық зорлық-зомбылықтан 69 әйел мен жеті бала қайтыс болғанын мәлімдеді, деп жазады ulysmedia.kz.

Балалар мен әйелдердің құқықтарын тұрмыстық зорлық-зомбылықтан қорғау туралы заң жобасының тұсаукесері кезінде Закиева тұрмыстық зорлық-зомбылық пен балаларға қатысты жасалған қылмыстар бүгінгі таңда қоғамның ең өзекті мәселелерінің бірі екенін айтты.

"Өткен жылы тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты 99 мың өтініш келіп түсті. Балаларға қарсы 24 52 қылмыс жасалды, 69 әйел мен жеті бала тұрмыстық зорлық - зомбылықтан қаза тапты", - деді ол.

Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова заң жобасының жаңалығын айта келе, заң нормаларымен 200 АЕК-ке дейін айыппұл салу, қоғамдық жұмыстарға 200 сағатқа дейін тарту немесе 50 тәулікке дейін қамауға алу түріндегі жазамен денсаулыққа жеңіл зиян келтіргені үшін қылмыстық жауапкершілік қалпына келтіріліп жатқанын атап өтті.

"Ұрып-соғу үшін 80 АЕК-ке дейін айыппұл түрінде немесе қоғамдық жұмыстарға 80 сағатқа дейін тарту арқылы жаза көзделеді", - деп атап өтті депутат.

Сондай-ақ, жаңа заңның нормаларымен кәмелетке толмаған адамды азаптағаны, денсаулығына ауыр және орташа зиян келтіргені үшін қылмыстық жазаны қатаңдату жоспарлануда.

"Жалпы, бұл еліміздің барлық азаматтарының денсаулығына қатысты. Заң жобасының басты мақсаты – денсаулыққа ауыр зиян келтіргені үшін қылмыстық жауапкершілікті 3 жылдан 5 жылға дейін қатаңдату", - деді Сүлейменова.

Сондай-ақ, жаңа заңда депутаттар жас баланы өлтіргені немесе педофилия үшін өмір бойына бас бостандығынан айыруды жоспарлап отыр.