​НАУРЫЗНАМА: «Тазару күні» - ынтымақ пен бірлік күні

0
67

Елдің оңтүстігі мен батысында «Тазалық эстафетасымен» жалғасын тапты.


​НАУРЫЗНАМА: «Тазару күні» - ынтымақ пен бірлік күні

сурет: tirshilik-tynysy.kz

Қыстың көрпесін серпіп, жер жүзі жаңаратын көктем мезгілі биыл елімізде ерекше сипатпен бастау алды. Оның бастамасы – биылғы Наурыз мерекесіне орай Қазақстан бойынша Наурызнама онкүндігінің жариялануы болып отыр.

Еске салсақ, биылдан бастап елімізде Наурыз мейрамы жыл сайын он күн бойы – 14-23 наурыз аралығында тойлайтын онкүндік «Наурызнама» деп аталды.

Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте жаңа жыл мен көктемнің басталуын бейнелейтін, ұлттық дәстүрлер мен әдет-ғұрыптар тамыр жайған басты мерекелердің бірін атап өтудің жаңа форматы ұсынылған болатын. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитеті төрағасының орынбасары Сәбит Барлыбаев «Наурызнама» онкүндігі Наурыз мейрамының мән-мағынасы мен мазмұнын байытып, түрлі мәдени және дәстүрлі іс-шараларды қамтитынын айтқан еді.

Спикердің айтуынша, Наурызнама онкүндігі қайырымдылық пен мәдени шаралардан бастап, ұлттық салт-дәстүрлер мен экологиялық акцияларға дейін қоғамның барлық саласын қамтуға бағытталған. Көрісу күні – Амал мерекесі, «Қайырымдылық күні», «Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні», «Шаңырақ күні», Ұлттық киім күні, Жаңару күні, Ұлттық спорт күні, Ынтымақ күні, Жыл басы күндерімен жалғаса келіп, 23 наурыз – Тазару күні болып тұжырымдалады.

Еліміздің әр өңірінде осынау онкүндіктің ерекшелікпен өтіп жатқанына халықтың да ықыласы ерекше десек қателеспек емеспіз. Әр күннің сипатына мән бере отыра аймақтарда түрлі іс-шаралар мен мерекелік күндер ұйымдастырылып, мәресіне де жетті. Жеткені сол, Наурызнама онкүндігінің соңғы күні «Тазару күні» деген атаумен жер беті жаңарған маусымды тазалықпен қарсы алып шыққан күн болды.

Бұл күндер әсіресе еліміздің көктемі ерте келетін оңтүстігі мен батысында «Тазалық эстафетасымен» жалғасын тапты. Ауа райының қолайлығына қарай еліміздің жеті өңірінде өткен «Тазару күні» жалпыхалықтың сенбілікпен ұласып, игі іспен аяқталды.

Атап айтсақ, республикалық маңызы бар мегаполистер Алматы мен Шымкент, сонымен қатар Атырау, Қызылорда, Түркістан мен Жамбыл, Жетісу облыстарының халқы бұл күні жұмыла кірісіп, 90 мыңнан астам адам күш біріктіре отырып акцияны қолдады. Көп біріксе көнбейтін іс бар ма, бұл күні ең алдымен қоғамдық орындарға, арнайы орындарға назар аудара отырып, көшелер мен саябақтарды көлденең жатқан қоқыстан тазартуға күш салды.

Бұл күні аталған өңірлерде аймақтар тек тазартылып қана қойған жоқ, Наурыз мейрамының дәстүрі мен бір белгісіне орай ағаш көшеттерін отырғызып, қажетті орындарға көгал мен жаздай жайқалып көздің қуанышына айналар гүлдерді отырғызды.


Алматы қаласында акцияға 1,5 мыңнан астам адам қатысқан


Наурызнаманың «Тазару күніне» орай ұйымдастырылған жалпыұлттық эко-акцияда Алматы қаласының тұрғындары мен арнайы қызметкерлер де шет қалған жоқ. Бұл күні игілікті істің нәтижесі де сол – 430 мыңға жуық текше метр қоқыс жиналып, арнайы орынға тапсырылғанын хабарлады Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі. Ұйымдастыру жұмыстарында мегаполистің барлық аудандары қамтылып, арнайы құралдар мен техникалар (83 техника мен қоқыс жинауға қажетті қаптар мен қолғаптар, құрал-саймандар, жаңарту мен бояу үшін қажетті заттар) ұсынылған.

Эко-науқанда алдын ала хабарланғандай (бұдан бұрын қала әкімдігінің ресми парақшасында халық көп жүретін және демалатын орындардың да тазаланатыны айтылған болатын) Кіші Алматы, Есентай, Үлкен Алматы, Қарғалы мен Тастыбұлақ өзендерінің жағалаулары мен арналары тазартылып, қоқыстары шығарылды. Сондай-ақ, жақын маңдары да тазарту жұмыстарынын тыс қалған жоқ. Демалушылар отыратын орындықтар мен қоқыс жәшіктеріне дейін тазартылып, жаңадан боялған.

Әлбетте, мұндай істе Алматы қаласының Экология және қоршаған орта басқармасы да шет қалған жоқ. Ұжым болып бірігіп Түрксіб ауданының әкімдігімен бірлесе Әуежай көлінің жағасында қаланың жасыл қорын сақтау және көгалдандыру мақсатында 100-ден астам ағаш отырғызуымен тамаша іске мұрындық бола білгенін де айта кету керек.


Үшінші мегаполисте үш мың адам жұмылды


Оңтүстік өңірде «Тазару күні» Наурыз мейрамының жаңа сипатымен алдын ала барлық БАҚ беттері мен әлеуметтік желілердің ресми парақшаларында халыққа жаппай хабарланудан басталған болатын. Үшінші мегаполистің тұрғындары да бұл күннен тысқары қалмады, үш мыңға жуық адам қатысқан эко-акция жоғары деңгейде өтіп, арнайы түзілген тәртіппен іске асты деуге болады.

Бұл күні шырайлы Шымқалада тазалық шарасы түннен басталып, үлкен даңғылдар мен гүлзарлар, ірі көшелердің бойы қоқыстар тазарды. Сонымен қатар, қураған ағаштар кесіліп, арықтар мен каналдар тазаланып, қаланың шырайы кіре түсті.


Түркістан облысы «Наурыз – тазалықтың айнасы» атауымен түйіндеді

Түркі жұртының киелі өңірі саналатын Түркістан қаласы мен облысында бұл күн «Наурыз – тазалықтың айнасы» болып аталып, жалпыұлттық эко-акцияға өңірдің 17 ауданы да белсенді қатысты деп атап өтуге болады. Облыс орталығындағы барлық басқармалар мен департаменттің қызметкерлері және жергілікті аудан, қала әкімдіктерінің қызметкерлері, мемлекеттік мекемелердің, ұйымдардың, кәсіпкерлік нысандардың қызметкерлері мен қоғамдық ұйымдар және жергілікті тұрғындар да белсене атсалысып, сенбілік шарада өз аумақтарын тазартумен қатар аранйы белгіленген жерлерге келешекте саялы болуы үшін ағаш көшеттері отырғызылды.

Қорыта айтар болсақ, «Тазару күнінде» акцияға облыс бойынша 25 мыңнан астам адам күш біріктіргенінің арқасында 5 мың тоннаға жуық қоқыс шығарылып, өңірдің көркін кіргізді.

Әлбетте, мұндай шарадан су айдындары, өзендер мен каналдар, жағалаулардың, күре жолдардың бойы тыс қалған жоқ. Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлағандай, мерекемен астарлас жатқан күнге орай ұйымдастырылған іс-шарада ауылдар мен көшелер, мекемелер арасында үздіктер анықталып, «Үздік ұйым ауласы», «Үздік таза ауыл», «Үздік таза көше» байқаулары облыс тұрғындарына маңыздылығын арттыра түсті.


Сыр өңірінде 1100 ағаш көшеті отырғызылды


Ерекше сипатпен басталған Наурыз мейрамы онкүндігінің соңғы күнін Қызылорда облысының тұрғындары халықтың рухын көтеріп, өнегелі бастама болған күнге теңеген. Бұл күні Сыр өңірінің тұрғындары да жалпыхалықтың сенбілікте өз үлесін қосып, облыс бойынша туған өлкенің тазаруына барынша атсалысты.

Еске сала кетсек, өңірді жасыл желекпен қамту жұмыстары жыл басынан-ақ жалғасын тауып келеді. Бұл күнге дейін облыс көлемінде 1100 ағаш көшеті отырғызылып, азаматтар да ұлттық экологиялық науқанға жаппай атсалысқанын хабарлады Қызылорда облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.

Осылайша жалпыхалықтық акция барысында жоғарыда аталған өңірлер бойынша 18 мың тоннадан астам қалдық жиналды. Жиналып қана қойған жоқ, заманның талабына сай қоқыс сұрыпталып, қайта өңдеуге 800 тонна шыны, 1700 тонна пластик, 540 тонна резеңке, 1500 тонна қағаз және картон және 340 тонна металл жөнелтілді. Бұл үлкен еңбек, ынтымақ пен бірліктің арқасында атқарылған іс.

Әу бастан дәстүрлі мейрам, түбі бір түркі елдерінің арасында ерек те асыға күтілетін Наурыз мерекесінің бірден-бір сипаты – қыстай қар астынан шыққан Жер Ананың тазаруы, жаңаруы мен гүлденуі болатын. Елімізде осынау күнге биылдан бастап ерекше мән беріп, экологиялық тұрғыда да аса назар аударылып отырғаны қуантады. Бұл дәстүрімізге еніп, әр күннің сипаты тұрақты үрдіске айналса еліміздің эко-жағдайы да жақсаратыны белгілі.

ERNUR.KZ.