Маңғыстаудағы мұнайшылардың ереуілі: ұңғымаларда апат қаупі бар

0
1 934

Компания басшылығы ұңғымалардағы апат қаупі туралы мәлімдеді.


Маңғыстаудағы мұнайшылардың ереуілі: ұңғымаларда апат қаупі бар

ERNUR.KZ West Oil Software компаниясы жұмысшыларының ереуілі бір аптадан астам уақыт бойы жалғасуда, деп жазады Ulysmedia.kz.


Компания басшылығы ұңғымалардағы апат қаупі туралы мәлімдеді.

"Компания өз міндеттемелерін ереуілге шыққан қызметкерлердің қатысуымен немесе оларсыз-ақ толық көлемде орындауға ниетті. Заңсыз ереуілге байланысты мұнай ұңғымаларында апат қаупі бар. Бұл – қоршаған ортаға және азаматтардың денсаулығына зиян келтіруі мүмкін. Сонымен қатар тапсырыс берушіге айтарлықтай экономикалық зиян келтіруі мүмкін", - делінген хабарламада.

Бұл ретте, жұмысшылардың ереуіліне байланысты келісімшарт талаптарын орындамағаны үшін компания күн сайын 23 млн теңгеден астам шығынға ұшырайтыны мәлімделді.

"Ереуілшілердің дәлелдері шындыққа жанаспайды. Қызметкерлердің талаптары заңнамаға сәйкес қаралды және рұқсат етілді. Компания қызметкерлерді ҚМГ құрамына ауыстыру және қызметкерлердің жалақысын ҚМГ еңбекақысының бірыңғай жүйесі (ҚМГ ЕСОТ) деңгейіне келтіру туралы талаптарды орындауға қарсы. Өйткені бұл мәселелер жұмыс беруші мен қызметкерлер арасындағы еңбек дауының мәні бола алмайды", - делінген хабарламада.

Естеріңізге салсақ, West Oil Software ұжымының қызметкерлері кәсіпорынды "ҚазМұнайГазға" қосуды талап етіп, ереуілге шыққан болатын.

Мекеме жұмысшылары 2023 жылғы 11 желтоқсаннан бастап жұмысты толығымен тоқтатып, ереуілге шыға бастады.

Олар аталған мекеменің өндірістегі материалдық техникалық базасын жаңарту, мекеме жұмысшыларын «КазМұнайГаз» ҰҚ АҚ қосу, еңбек ақы төлеудің бірыңғай жүйесінің тарифімен теңестіру талаптарын қойған.

Алайда, жұмыскерлермен «West Oil Software» ЖШС-нің атына ереуіл өткізілетіні туралы хабарланбаған, яғни ереуіл өткізу ұзақтығы және орындалатын қажетті жұмыстардың ең аз көлемі жөнінде ұсыныстар көрсетілмеген.

Осылайша, Қарақия аудандық сотына талап қоюшы ««West Oil Software» ЖШС-і жұмыскерлердің ереуілін заңсыз деп тану туралы талап қоюмен жүгінген.

«West Oil Software» ЖШС-нің Жетібай технологиялық көлік басқармасының қызметінің тоқтауы қауіпті өндірістік обьектілер қатарына жатқызылған.

Сот шешімімен «West Oil Software» ЖШС-нің талап қоюы қанағаттандырылып, жұмыскерлердің ереуілі заңсыз деп танылды.

Кейін мұнай өнеркәсібі саласында нәпақа тауып жүрген West Oil Software компаниясы "заңсыз ереуілге" қатысқаны үшін 19 қызметкерді жұмыстан шығарғаны мәлім болды.