Қызылордалық оқушы көліктен энергия өндірмек

0
2 463

Қызылордада соңғы жылдары жеңіл көліктердің тым көбейгенін ескерген оқушы, осы ресурсты халықтың пайдасына жаратуды көздепті.


Қызылордалық оқушы көліктен энергия өндірмек

Электр қуатын өндірудің жаңа тәсілі! Қызылордалық оқушы көшелерді жарықтандырудың оңай әрі ұтымды жолын ойлап тапты. Жасөспірімнің жобасына сәйкес, электр қуатын әдеттегідей күн, жел, судан емес, қарапайым көліктерден алуға болады екен. Ғылыми жаңалықтың авторы небәрі 17 жаста, деп хабарлайды ERNUR.KZ Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап.


Электроэнергетика адам өмірінде маңызды орын алатыны белгілі. Қазіргі таңда электр қуатына тəуелді сала кемде-кем. Сондықтан, бүкіл әлем бүгінде энергияны өндірудің баламалы жолдарын қарастыруда. Бұл іске қызылордалық оқушы Мерей Сембай да білек сыбана кіріскен. Қоршаған ортада шығындалып жатқан қалдық энергия тым көп дейді жас ғалым. Қызылордада соңғы жылдары жеңіл көліктердің тым көбейгенін ескерген оқушы, осы ресурсты халықтың пайдасына жаратуды көздепті.
"Біз осы көліктің зиянды әсерлерінен пайдалы нәрсе шығарғымыз келді. Сонда біздің ойымызға алғашқы келгені, ол - көліктің шығындалып жатқан энергиясын өзіміздің пайдамызға жарату. Оны көліктің кинетикалық энергиясын электр энергиясына түрлендіру арқылы сақтап, көшенің белгілі бір бөлігіндегі шамдарға немесе ғимараттың кішкене бөлігін болса да жарықтандыруға жұмсау деген ой келді", - деді Назарбаев зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы Мерей Сембай.

Бұл жобаға сәйкес, механизмдер асфальт жол үстіне қойылады. Көлік осы механизмдерді басып өткен кезде электр қуаты жинап, белгілі бір нысанға жарық береді екен. Бұл ойды іске асыру үшін Мерей өзінің жоба жетекшісімен теориядан бастап, практикаға дейін көптеген тәулік жұмыс жасапты. Қоршаған ортаға кері əсерін тигізбейтін, экологиялық жəне экономикалық жағынан тиімді құрылғыны қоғамға ұсыну жобасын әзірлеуде арнайы мамандардан кеңес те алыпты.


"Арнайы мамандарға бардық. Осындай электр энергиясын өндіретін генераторлар осы біз жасап жатқан құрылғының жұмыс принципі қалай жүзеге асып жатыр... Оны жүзеге асыра ламыз ба, алмаймыз ба, соны бағамдау үшін бірінші ТЭЦ-ке барып жолықтық. Қолданысқа енгізуге жұмыс жасап жатырмыз. Алла қаласа, егер қолданысқа енетін болса, бұл конструкция экономикалық жағынан да, экологиялық жағынан да тиімді әрі энергияны үнемдеу көзі болып табылады деп ойлаймыз", - дейді жоба жетекшісі Жеңісбек Жалмұрзаев.

Мерейдің сыныпта да мерейі үстем. Болашақ ғалым өзінің достарына әрдайым көмек қолын созып жүреді екен.

"Ең алдымен Мерейдің оқу озаты екенін айта кеткен жөн. Ол барлық сабақтарда өзін белсенді көрсетеді. Өзге оқушылар бірнарсе түсінбей жатса, көмек сұраған кезде ол ешқашан қарсы келмейді. Барлық есептерде түсінбеген сабақ болса әрқашан көмектеседі. Топтық жұмыстарға келетін болсақ, ол өзін өте белсенді көрсетеді және лидер деп айтсақ та қате болмас", - дейді Мерейдің сыныпасы Жан Амангелдиев.

Мұнай мен газ ел экономикасы үшін аса маңыззы. Алайда, олардың сарқылатын ресурс екенін жақсы түсінетін Мерей Сембай бүгінде көліктердің қозғалысы арқылы электр қуатын өндіруге болатынын ғылыми дәлелдеді. Бұл жобаның елімізде ғана емес әлемде баламасы жоқ екен. Сол себепті жақын арада жас новатор бұл технологияны патенттеп, қолданысқа енгізбек.