Қостанайлық ҰОС ардагерінің медалі 8 мың еуроға сатылды

0
453

Ұлы Отан соғысына қатысқан КСРО батыры Петр Родионовтың “Алтын жұлдыз” медалі аукционға қойылған.


Қостанайлық ҰОС ардагерінің медалі 8 мың еуроға сатылды

ERNUR.KZ. 2022 жылдың қараша айынан бастап оның 8825 нөмірлі медалі ағылшын тілді фалеристика алаңдарының бірінде сатылымға қойылған. Медальді сатқан Мэтт Янсен Голландияда тұрады, деп жазады inbusiness.kz.

Ақпаратқа сәйкес, соғыстан соң Петр Родионов Қостанай облысы Амангелді ауданындағы Тасты ауылында тұрған. Ол 1978 жылы қайтыс болған.

Мэтт Янсен Родионов медалінің бағасын 8000 еуро деп белгілеген.

Мақала авторы елімізде тұрған ардагердің медалі Нидерландыда қайдан жүр деген сауал қояды. Болжамға сәйкес, ардагер қайтыс болғаннан кейін медаль оның жақын туыстарына мұраға берілген.

Басылымда Ресейдегі "Стан-Центрдің" директоры Андрей Выползовтың ардагердің медалі бар Нидерланды азаматымен байланыса алғаны туралы ақпарат көрсетілген.

"Біз Кеңес Одағының Батыры Петр Родионовтың медалін сатушысы Мэтт Янсенмен байланысқа шықтық. Хат-хабарларға қарағанда, ол ақылды, білімді еуропалық адам, ол үшін кеңестік марапаттарды сату – "жай ғана бизнес”. Ол Родионовтың “Алтын жұлдызы” сатылып кеткеніне өкініш білдірді. 8 мың еуроға. Коммерциялық құпия деп кім сатып алғанын айтпады", - деді Андрей Выползов.

Басылымда көрсетілгендей, Петр Родионов 254-ші миномет полкінің батареясында аға барлаушы, сержант болған. Ол 1923 жылы Татарстанда дүниеге келген. 1942 жылы сәуірде әскер қатарына шақырылды. Петр Родионов Орталық, Батыс, Ленинград, 2-ші Украин майдандарында шайқасты. Үш рет жараланған.

1946 жылы демобилизацияланып, Қостанай облысы Амангелді ауданына қарасты Тасты ауылында тұрды. Петр Родионов мектепте мұғалім болып жұмыс істеген. Тасты ауылындағы көшеге оның есімі берілді.