Кореяға барып жұмыс істейтіндерге қандай талап қойылады

0
417

Бүгінде министрлік Кореяның Еңбек министрлігімен келіссөздер жүргізіп жатыр.


Кореяға барып жұмыс істейтіндерге қандай талап қойылады

ERNUR.KZ. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі көші-қон комитетінің төрағасы Асқарбек Ертаев ОКҚ-да Оңтүстік Кореяға барып жұмыс істегісі келетін азаматтарға қандай талап қойылатынын айтып берді, деп жазады baq.kz.

Бүгінде министрлік Кореяның Еңбек министрлігімен келіссөздер жүргізіп жатыр. Асқарбек Ертаевтың айтуынша, Қазақстан өз ұсыныстарын корейлік әріптестеріне жолдады. Ал келесі аптада техникалық келіссөздер болады.

Ұсыныстарымызды Корея үкіметінің барлық мүдделі органы қарайды. Одан кейін олардың тәртібіне сәйкес ол жалпы қарауға жіберіледі. Ал Қазақстан Кореяға жұмыс күшін экспорттайтын елдердің тізіміне қосылуы керек. Бұл жүйеге бүгінде 16 мемлекет қосылған. Біздің ойымызша, бұл мәселе бір жылдың ішінде шешілуі керек. Уақытты корей жағы шешеді, бірақ нақты қашан екенін айта алмаймын, - деп айтты Ертаев.

Ол Кореяда жұмыс істеуге рұқсат алу үшін бірнеше талап қойылатынын атап өтті. Сөзінше, қазақстандықтар корей тілі білімінен емтихан тапсыруы керек. Комитет басшысы Алматыда әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың тестілеу орталығы базасында тестілеу орталығын құру жоспарланып отырғанын жеткізді.

Мекеме тестілеуді өткізуге арналған және қажетті материалдық-техникалық базасы, оқу аудиториялары бар, 500 орындық заманауи компьютерлік жабдықтармен жабдықталған. Қазақстандықтарды оқытуды Қонаев қаласының көпсалалы колледжінің базасында жүргізу жоспарланып отыр. Яғни Оңтүстік Кореяға барар алдында оқыту жүргізіледі, ол үшін біз колледждің тиісті жабдықтары – техникалық және материалдық базасы болуын да қарастырдық, - деп айтты Еңбекмині өкілі брифингте.

Сонымен қатар колледж аумағында білім алушылар тұратын бес қабатты жабдықталған ғимарат бар.

Асқарбек Ертаевтың мәліметіне сәйкес, Оңтүстік Корея қазірдің өзінде жұмыс істейтін елдер үшін жылына орта есеппен 2 000-5 000 квота белгілейді. Қазақстан үшін квота әлі анықталған жоқ, өйткені елдер келіссөздер аяқталған жоқ. Ал егер Егер Қазақстан мен Корея келісімге келсе, онда қазақстандықтар Корея аумағында үш жылдай жұмыс істей алады.

Кореяда жұмыс істегісі келетін адамның өзіне қойылатын талаптар - корей тілі курстарынан өту, корей жұмыс берушілері сұрайтын мамандықтар бойынша біліктілігін арттыруға дайын болу.

Отбасылық жағдай бойынша басқа талап жоқ. Бірақ жас бойынша ұсыныстар бар, яғни зейнеткерлік жасқа дейін және жұмыс істегісі келетін адамның физикалық сау болуы үшін медициналық тексеруден өту талабы бар, - деп толықтырды ол сөзін.

Бұған дейін Аскарбек Ертаев Қазақстанды Оңтүстік Кореяда жұмысқа орналасуға рұқсат беру жүйесіне (EPS) енгізу бойынша тиісті шаралар қабылданып жатқанын айтқан болатын.