"Хит болады": Иманбектің шетелдік жұлдыздармен бірлесе жазған жаңа әні шықты

0
1 381

Ақсулық диджей танымал музыканттармен бірлескен шығармашылық жұмысының нәтижесін жариялады.


ERNUR.KZ. "Грэмми" сыйлығының жеңімпазы диджей Иманбек Зейкенов жанкүйерлеріне Шон Пол (Sean Paul) және София Рейеспен бірлесе жазған жаңа туындыны ұсынды, деп жазады sputnik.kz.

48 жастағы ямайкалық орындаушы Шон Пол да Иманбек Зейкенов сияқты беделді "Грэмми" музыкалық сыйлығының иегері. Ол 2003 жылы әндері әлемдегі ең танымал радиостанциялардан көп берілетін орындаушы болып танылған.

София Рейес - поп-латын, поп-рок, кантри, R&B жанрларында өнер көрсететін мексикалық-америкалық композитор, актриса әрі әнші.

"Қауіпті! @Duttypaul мен @sofiareyes-пен бірге жаңа синглді қабыл алыңыздар", - деп жазды Иманбек.

Бұл жазбаға желі қолданушылары мыңға жуық пікір қалдырды. "Бұл ән жаңа хит болады", "Ырғақ жүрек соғысы іспетті, сондықтан болар сіздің шығармашылығыңыз бәріне ұнайды", "Алға, жерлес", "Жоғары деңгейде", - деп жазды оның жанкүйерлері.

Естеріңізге салсақ, ақсулық диджей Иманбек Зейкенов (DJ Imanbek) "Грэмми" музыкалық сыйлығын жеңіп алған болатын. Ол осы әлемдік музыкалық сыйлыққа ие болған алғашқы қазақстандық атанды.

Иманбек SAINt JHN (Карлос Сент-Джон) орындайтын Roses әніне ремикс жазып, бүкіл Қазақстанға және әлемге танылды. Трек әлемдік хит-парадтарда бірінші орынға шығып, ең танымал әуендердің біріне айналды. Композиция YouTube-те 234 миллионнан астам қаралым жинады.

Иманбек ремиксті кездейсоқ жазғанын айтқан болатын. Теміржолдағы жұмысынан кейін ол ноутбугында тәжірибе жасап, музыканы екі сағаттың ішінде жасаған.