Келесі жылы коучтардың салығы тексеріле бастайды

0
890

Бұл туралы Алматы қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Қанат Баеділов айтып берді.


Келесі жылы коучтардың салығы тексеріле бастайды

ERNUR.KZ. 2024 жылы кәсіпкерлік субьектілерінің салығын тексеруге салынған мораторий аяқталған соң, инфобизнес арқылы пайда тауып отырған адамдардың салығы тексеріле бастайды. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг кезінде Қанат Баеділов мәлім етті, деп жазады Azattyq Ruhy.

Алматы қаласының салығы туралы жыл басынан бергі статистика туралы брифинг өткізген ол Zoom қосымшасы арқылы журналистердің сұрағына жауап берді.

Жалпы, брифинг барысында Қанат Баеділов Алматы қаласы республикалық бюджетке түсім салуы бойынша донор екенін еске салып, былтыр қала республикалық бюджетке 190 млрд теңге алынған хабарлады.

«Қала бойынша жұмыс істеп тұрған жеке тұлғалар мен кәсіпкерлер саны 306 мыңнан астам субьектіні құрайды. Былтыр бір жылдың ішінде осы субьектілер саны 19 мыңға өсті. Олар қала бюджетіне айтарлықтай үлес қосып отыр», - деді брифинг кезінде ресми баяндама жасаған ол.

Ал сол субьектілердің қатарына кірмей, алайда әлеуметтік желілер арқылы инфобизнес жүргізіп, миллиондап пайда тауып жатқан адамдардың салық төлеген-төлемегеніне мониторинг жүргізесіздер ме деген журналистердің сауалына жауап берген Баеділов салық мораторийі қол байлап отыр дегенді меңзеді.

«Шынымен де, қазір білесіздер, олардың салығын тексеруге мораторий жарияланған. Биыл үшінші жыл, ал келесі жылдан бастап салықты тексере бастаймыз. Егер сіздер салық төлеуден жалтарып отырған нақты субьектілерді білсеңіздер, айтыңыздар. Ал өзіміз мониторинг жүргізіп анықтаған инфобизнес иелерін салық төлеуге мәжбүрлеп жатырмыз», - деді ол.

Алайда Баеділов брифинг кезінде инфобизнес өкілдерінен қанша салық өндірілгеніне қатысты «нақты цифр айта алмайтынын, алайда, жазбаша жауап беруге дайын» екенін мәлім етті.