Қазақстандықтар некеге тұрар алдында жаңа ережені сақтауға міндеттеледі

0
909

Билік қазақстандықтардың саналы түрде отбасын құруы үшін шаралар қабылдауда.


Қазақстандықтар некеге тұрар алдында жаңа ережені сақтауға міндеттеледі

ERNUR.KZ. Қазақстанда "Бақытты қазақстандық отбасы" интерактивті нұсқаулығы әзірленді, деп жазады stan.kz.

Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның айтуынша, нұсқаулық некеге тұрған ерлі-зайыптылардың оң отбасылық дәстүрлер мен рухани-адамгершілік құндылықтарын сақтаудан хабардар етуге бағытталған.

"Некеге тұратын жұптардың отбасылық дәстүрлері мен рухани-адамгершілік құндылықтары туралы ақпараттар "Электронды үкімет" жүйесінде бейнеролик түрінде көрсетіледі. Некеге тұруға онлайн өтініш берген азаматтар осы нұсқаулықпен міндетті түрде танысып шығуға тиіс", - деді Балаева.

Билік қазақстандықтардың саналы түрде отбасын құруы үшін шаралар қабылдауда. Осы мақсатта Мәдениет министрлігі Біріккен Ұлттар Ұйымының Халықты орналастыру қорымен (ЮНФПА) бірлесіп, Астана мен Шымкентте "Неке қиюды тіркеуге өтініш білдірген азаматтарға некеге дейін тегін кеңес беру және оқыту" пилоттық жобасын іске қосты.

Министр атап өткендей, ерлі-зайыптыларға отбасын жоспарлау және отбасы психологиясы, репродуктивті денсаулық, отбасылық бюджетті жоспарлау және басқа да маңызды мәселелер бойынша кеңес беріледі.

"Егер нәтиже сәтті болса, біз мұндай мүмкіндікті барлық өңірлерде енгізуді қарастырамыз", - деді Аида Балаева.

Күні кеше Әділет министрі Азамат Есқараев кейбір қазақстандықтардың азаматтық хал актілерін тіркеу бөліміне бармай-ақ мұсылмандық неке қию рәсімі арқылы ғана некесін тіркейтіні туралы айтты. Есқараев Қазақстан Конституцияға сәйкес зайырлы ел екенін және оның барлық азаматтары заң талаптарын сақтауға міндетті екенін еске салды.