​Қазақстанда ауаның сапасы жақсара ма?

0
114


​Қазақстанда ауаның сапасы жақсара ма?

Біз тыныстап отырған ауаның ластануы бүгінде балалардың денсаулығы үшін салмағы ауыр экологиялық қауіп туғызып отыр. 2019 жылы Еуропа мен Орталық Азиялың 52 елінде ауаның ластануы салдарынан 5 800 бала мен жасөспірім қаза болған көрінеді. Бұдан да көп балалар мен жасөспірімнің денсаулығы лас ауаның әсерінен зардап шегіп, тіпті асқынған ауру түрлері анықталған. Соңы ауруханаға түсуге, ауыр ем қабылдау мен тіпті мүгедектікке де соқтырған жағдайлар анықталыпты.

Бұл туралы БҰҰ ресми сайты арнайы мақала да жарияланған еді. Яғни, ересектерден бұрын ауаның ластану салдары балалардың денсаулығында көбірек көрініс тауып, соңы қайғылы аяқталуы мүмкін екендігін ескертеді әлем мамандары.

Көптеген жылдар бойғы зерттеулерден соң Дүниежүзілік Денсаулық сақтау Ұйымы 2021 жылдың қыркүйек айында соңғы рет 2005 жылы қабылданған ауа сапасы бойынша Жаһандық ұсынысты қайта жаңартты. Жаңа ұсыныста ауаның ластануының бүкіл әлемдегі адамдардың денсаулығына әсері айшықталған. UNICEF те жаңа ұсынысты қолдап, әлем елдерін ауа сапасын жақсартуға және Жердің атмосфера қабатына жіберілетін лас қалдықтар мөлшерін қысқартуға шақырған еді (news.un.org).


Ал елімізде 2021 жылы Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің бастамасымен әзірленген «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасының бірінші бағытында осы атмосфералық ауа сапасын жақсарту көзделген болатын. 2021-2025 жылдар аралығында атқарылуы тиіс ұлттық жоба бойынша Қазақстандағы 16 ірі өнеркәсіптік кәсіпорында ауаға шығарылатын қалдықтардың мөлшері 20 пайызға төмендету қарастырылған еді.

Осы орайда «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасының іске асырылуы бойынша ақпарат сұратқан болатынбыз. Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Экологиялық реттеу және бақылау комитеті берген ақпараты бойынша, Өскемен, Павлодар, Қарағанды мен Ақтөбе, Атырау қалаларында ауаға лас заттар жіберушілер үшін қабылданған шараларды атап өтті.

Сәйкесінше, бүгінде аталған қалаларда мониторинг нәтижесінде 92 кәсіпорын арнайы автоматтандырылған жүйе орнатуға міндеттелген.

Қаіргі уақытта 92 кәсіпорының ішінде9 оператордың деректері қабылданып отыр. Атап айтқанда «Жамбыл ГРЭС-і» АҚ, «3-Энергоорталық» АҚ, «Казахойл Ақтөбе» ЖШС-і, «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ, «NCOC» Компаниясы, «КазАзот» АҚ, «Шымкентцемент» ЖШС-і, Дөң кен-байыту комбинаты «Казхром» АҚ (тест деректері), Балқаш мысбалқыту зауыты «Kazakhmys Smelting» ЖШС-і (тесттік деректер).

Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің мәліметінше, 5 оператордан техникалық сұрақтар бойынша қаралып, қосуға өтінім қабылданған. Олар «Степногор ЖЭО» ЖШС, «Атырау теплоэлектроцентраль» АҚ, «Екібастұз станциясы ГРЭС-2» АО, «Жәйрем тау-кен байыту комбинаты» АҚ және «АрселорМиттал Темиртау» АҚ.

9 операторда автоматтандырылған мониторинг жүйесі орналастырылған. Бірақ аталған сервиске біршама өндіріс орталықтарынан өтінім түспеген. Олар «Kazakhmys Smelting» Жезқазған мыс балқыту зауыты, «ФИК Алел» АҚ (өз еріктерімен орнатылған), «Саяк» ПО «Балхашцветмет» кені, «Комаровское горное предприятие» ЖШС, «УМЗ» АҚ, «Казцинк» Өскемен металлургия кешені ЖШС, «Карцемент» АҚ, «Alacem» ЖШС және «Каспий Цемент» ЖШС.


Рұқсат етілмеген полигондар азайды ма?

Қазақстан Республикасы экология және табиғи ресурстар Министрлігі «Ғарыш сапары» Ұлттық компаниясымен бірлесе отырып тұрақты түрде Қазақстан аумағындағы рұқсат етілмеген қоқыс полигондарын анықтау және жою бойынша жұмыс жасап келеді.

Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің мәліметінше, Құқық қорғау органдарымен және жергілікті әкімдіктермен бірге атқарылған жұмыс нәтижесінде рұқсатсыз пайда болған қоқыс полигондары санының азаюы байқалған. Мәселен, 2020 жылы 8884 заңсыз полигон анықталса, қазір оның 5823-і, яғни 66 пайызы жойылған.

Биылғы жылдың 6 желтоқсанына дейінгі космостық мониторинг нәтижесінде 5543 заңсыз қоқыс тастау орны анықталып, оның 77 пайызы, яғни 4262 нысаны жойылған. Осы ретте айта кету керек, заңсыз қоқыс полигондарын жою бойынша өңірлерде төмен көрсеткіштер байқалған. Мәселен, Ұлытау облысында анықталған 208 полигонның тек 44-і ғана (21 пайызы), Маңғыстау облысында анықталған 111 қоқыс орнының 43-і (39 пайызы), Алматы облысында анықталған рұқсат етілмеген 375 полигонның 145-і (38 пайызы) ғана жойылыпты.

Экологиялық талаптардың бұзылуы мен олардың артуы, жиналуы, тасымалдануы және есепке алу, қайта құру, жою мен қоқыс қалдықтарын зарарсыздандыру бойынша 2023 жылы жауапкершілікке 149 лауазымды тұлға (әкімдер мен әкім орынбасарлары) тартылса, жалпы сомасы 16 430 625 теңге (2022 жылы бұл көрсеткіш 17 864 819 теңге, 194 лауазымды тұлға жауапкершілікке тартылған) болған.

Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің мәліметінше, қазіргі уақытта әкімшілік жауапкершілікті күшейту мақсатында ҚР экология және табиғи ресурстар Министрлігі «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне әкімшілік жауапкершілікті арттыру және белгіленбеген жерге қоқыс тастағаны үшін 50 АЕК-тен (172,5 мың теңге) 200 АЕК-ке (690 мың теңге) дейін, қайталанған жағдайда 2 есе айыппұл салу бойынша өзгерістер енгізуге сұрақтар қарастырылуда (Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Қазақстан Республикасының Кодексінің 344 бабы).

Сонымен қатар, тиістілердің мәліметінше жергілікті атқарушы органдарға рұқсат етілмеген қоқыс полигондарын анықтау мен жою туралы ақпараттық бағыттың жаңа жүйесі әзірленуде.


Астана мен Алматы қаласының ауа сапасы жақсарды ма?

Көпке белгілі, Астана қаласының атмосфералық ауа қабатының дастану деңгейі өте жоғары болса, Алматы қаласында ол жоғары деп белгіленген. Ластанудың негізгі ошағы болып жылу көздері (ТЭЦ-2 және 3), жеке үйлер мен жолдарда транспорттың көптігінен болып отыр деп дерек келтіреді Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Экологиялық реттеу және бақылау комитеті.

Бұл мәселені шешу бағытында да «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасы аясында шаруалар атқарылып жатыр. Мәселен, Астана мен Алматы қалаларының экологиялық мәселесін кешенді түрде шешуге арнайы бағытталған Жол картасы құрылған және ол Қазасқтан Республикасы Үкіметімен бекіліген.

Жылу көздерінен ауаға шығарылатын зиянды заттар мөлшерін азайту мақсатында Алматы қаласындағы ТЭЦ-2 және 3 2026 жылдың соңына дейін газбен жылытуға көшірілеті. Ал Астана қаласында ТЭЦ-2-нің №7 және №8 қуат қазандықтарына арнайы сүзу құрылғылары орнатылуы тиіс. Қазір бұл бойынша іске қосуға бағытталған жұмыстар атқарылып жатыр.

Сонымен қатар, жеке үйлер мен секторлардан шығатын ауаны ластайтын заттардың мөлшерін азайту үшін газбен жылытуға өткізу жұмыстары атқарылуда екендігін мәлімдеді Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің мәліметі.

Бүгінгі күнге дейін Астана қаласы бойынша газификациялау жұмысының 1-ші кезегі аяқталған. Бұл дегеніміз қалада 33 мың үйдің 7,5 мыңы табиғи газға қосылған деген сөз. Толықтай газ жүйесіне ауыстыру жұмысы 2025 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған.

Ал Алматы қаласында қазіргі уақытта тұрғындардың 99,2 пайызы газбен қамтылған. Алматы агломерациясында газға қосылмаған үйлер саны бүгінде 31,8 мыңды құрап отыр. 2023 жылдың соңына дейін іргелес аудандарды да газификациялау жұмысы аяқталады деп күтілуде.

Айта кету керек, Астана және Алматы қалаларының әкімдіктері тұрғындарды жүргізілген газ құбырларына қосылуға ынталандыруға бақытталған бірқатар шараларды қолға алған.

Осы орайда айта кетсек, күні кеше ғана Алматы қаласында өткен қалалық мәслихаттың VIII шақырылымында депутаттардың 2024-2026 жылдарға арналған бюджетті қарау барысында қаланың экологиялық жағдайы да қаралды. Алматы қаласының әкіміЕрболат Досаевтың айтуынша, экологиялық ахуалды жақсарту барысында қалада маңызды жұмыстар атқарылып жатқанын тілге тиек ете отырып, бірінші мегаполисте электр көліктерін жамыту мақсатында 2024 жылы тротуарлық және алаңдық автотұрақтарда 150 электр қуаттау құрылғысы орнатылатындығын және де ол үшін 10 әлеуетті жеке инвестор тартылатындығын атап өткен болатын.

«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, қоғамдық көлікті газға және электр тартқышқа ауыстыру жөніндегі экологияландыру жұмысы басталды. 2023 жылы 750 экологиялық таза автобус сатып алынды, оның 600-і қалалық бюджет есебінен. Соңғы 11 жылда алғаш рет Алматыда троллейбус паркін жаңарту басталып, 100 троллейбус сатып алынды. Бұл ретте, келесі жылдан бастап Алматыда дизельді автобустар сатып алынбайды. 2024 жылы жалпы сомасы 88,3 млрд. теңгеге тағы 600 автобус, 100 троллейбус, сонымен қатар, 100 электробус (2025 жылы тағы 100) сатып алуды жоспарлап отырмыз», - деген еді қала басшысы Ерболат Досаев.

Бұл да болса кептелісі көп ірі қаланың жолдарындағы көліктерден шыққан ауаны ластайтын зиянды газдың мөлшерін азайтуға үлкен септігін тигізері анық.

Ал Астана қаласында аталған ақпараттарға қосымша атап өтерлік жайт – қаланы газдандыру барысындағы кезекті жаңалық болатын. Астана қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі жариялаған осынау жаңалықты да «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасының аясында атқарылып жатқан бір үлесі десек артық емес.

Себебі, тұрғындардың да көптен күткен арманы орындалып, жергілікті атқарушы биліктің де кезең-кезеңімен атқарылып жатқан жұмысының бір парасы орындалды десек қателеспек емеспіз.

Бұл жоба қала тұтынушыларын сенімді газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, жоба «Тұран», «Оңтүстік-Шығыс» газ жылу станцияларына, Үркер (Ильинка), Пригородный, Өндіріс, Кирпичный елді мекендеріне жоғары қысымды желілерді қосуды қамтамасыз еткен болатын. Осылайша Астана қаласында бірнеше тұрғынүй кешені орталық газбен жылытуға ауыстырлғанын хабарлады Астана қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі.

Бұл ретте газ жүйесіне ауысу қаладағы экологиялық ахуалды ғана емес, жылу ақысының айтарлықтай арзандауы арқылы тұрғындардың әлеуметтік жағдайына да оң әсерін тигізетінін айта кету керек.

Сондай-ақ келесі жылы бірінші кезекте «Телман» газ жылу станциясын және екінші кезекте «Тұран» газ жылу станциясын пайдалануға беру жоспарланып отырғаны хабарланды. Бұл қаланы тағы 850 Гкал/сағ жылу қуатымен қамтамасыз етуге мүмкіндік беретінін хабарлады Астана қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі.

«Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасының бірінші бағытының бірінші міндетін орындау бойынша негізгі жұмыстардың реті осылай. Әлі атқарылар шаруа баршылық және Мемлекет басшының тапсырмасы уақытында орындалады деп сенеміз.

ERNUR.KZ