Қасым-Жомарт Тоқаев Мұхтар Мағауинді 80 жасқа толған мерейтойымен құттықтады

0
1 235

Мемлекет басшысы жазушының әдебиет пен ғылымдағы еңбегін ерекше атап өткен.


Қасым-Жомарт Тоқаев Мұхтар Мағауинді 80 жасқа толған мерейтойымен құттықтады

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, қазақ әдебиетінің аса көрнекті өкілі Мұхтар Мағауинді 80 жасқа толған мерейтойымен құттықтап, ізгі тілегін арнап, жеделхат жолдады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Бұл туралы ҚР Президентінің баспасөз хатшысы Берік Уәли Facebook-тегі парақшасында жазды.

Мемлекет басшысы жазушының әдебиет пен ғылымдағы еңбегін ерекше атап өткен.

«Сіз көрнекті жазушы әрі зерделі зерттеуші ретінде төл әдебиетіміздің дамуына зор үлес қостыңыз. Қаламыңыздан туған әр шығармаңызда ұлттық рух пен елдік мүдде айқын көрініс тапты. Хандық дәуірдегі ақын-жырауларымыздың мол мұрасын жаңғыртқан «Қобыз сарыны» атты ғылыми еңбегіңіз сөз өнерінің тұғырын одан әрі биіктете түсті. Әйгілі «Аласапыран» романы бүгінде әдебиетіміз бен тарихымыздың қымбат қазынасына айналды. Тартымды туындыларыңыз арқылы қалың оқырманның ыстық ықыласына бөленіп келесіз. Ұлтты ұйыстыру және тәуелсіздігімізді нығайту жолындағы еселі еңбегіңіз – өскелең ұрпақ үшін үлгі-өнеге. Әрдайым мерейіңіз үстем болсын! Сізге зор денсаулық, отбасыңызға бақ-береке және шығармашылық табыс тілеймін!» делінген жеделхатта.

Мұхтар Мағауин 1940 жылы 2 ақпанда Шығыс Қазақстан облысы Аягөз ауданы Баршатас ауылында туған. Филология ғылымдарының докторы, публицист, Қазақстанның халық жазушысы, қазақтың ауыз әдебиетін зерттеуші ғалым.