Еңбек пәні мұғалімдерінің айлығы көбейе ме?

0
857

Вице-министр Еңбек пәні мұғалімдерінің жалақысы мәселесіне тоқталды.


Еңбек пәні мұғалімдерінің айлығы көбейе ме?

ERNUR.KZ. ОКҚ алаңында өткен брифингте Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринова Еңбек пәні мұғалімдерінің жалақысы мен сағат санының қысқартылуына қатысты қойылған сұраққа жауап берді, деп жазады baq.kz.

Брифингте журналист мектептерде Еңбек сабағын қысқартуға қатысты мәселе туындап жатқанын және оның қаншалықты шындыққа жанасатынын сұрады.

"Ақпарат шындыққа ұласпайды. Өйткені бұл - мемлекеттік стандарт. Әр оқу пәні мемлекеттік стандарт көлемінде оқытылады. Білім мекемелері төртінші жыл қатарынан осы стандарт бойынша жұмыс істеп келеді. Еңбек сабағын қысқарту жөнінде шешім қабылданбаған. Әр мектеп тиісті жағдайына байланысты сыныптарды екі топқа бөліп оқыту-оқытпауы және Еңбек сабағының қалай оқытылатыны туралы шешім қабылдайды. Яғни бұл мектептегі бар жағдайға байланысты болады. Мемлекеттік стандартта тек осы жағдай көрсетілген", - деп жауап берді Каринова.
Ол мәселенің қайдан туындағанына тоқталды.
"Мұндай мәселе неге туындады? Мұны білім мекемелері, мектептер БҒМ алдына қойып, осы мәселе жөнінде сұраған болатын. Өйткені кей мектепте Еңбек сабағын өткізуге тиісті жағдайлар жасалған. Оның ішінде ұлдардың ағашпен өңдеу шеберханасы немесе металмен жұмыс істеу шеберханасы, қыздар үшін жасалған кулинариялық, тігін цехтарына байланысты болса, онда, әрине, бөліп оқытуы керек. Егер мұндай жағдай жасалмаса, онда бөліп оқытудың маңыздылығы қаншалықты қажет?! деген сияқты сұрақтар туындағандықтан, мектептердің сұрауы бойынша 2018 жылы өзгерістер енгізілген болатын", - деді ол.
Вице-министр Еңбек пәні мұғалімдерінің жалақысы мәселесіне тоқталды.
"Еңбек пәні мұғалімдерінің жалақысы барлық мұғалімнің жалақысы сияқты Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша екі жылдың ішінде 50%-ға көтерілді. Биыл да бұл жұмыс жалғасады. Әр мұғалім санатына байланысты еңбекақысын 30-дан 50 пайызға дейін көтеруге мүмкіндіктері бар", - деп толықтырды Шолпан Каринова брифингте.
Осыған дейін Шолпан Каринова жаңа оқу жылынде бір сыныпта қанша оқушы отыратынын айтқан болатын.