​Екі ай жалғасқан ереуіл: Қазмұнайгаз өкілі не дейді?

0
427

Мүдде – жұмысшылардың тұрақты жұмыспен, жалақымен қамтылуы, өндірістің тоқтамауы, экономикаға шығын келмеуі.


​Екі ай жалғасқан ереуіл: Қазмұнайгаз өкілі не дейді?

Былтыр желтоқсан айынан бері West Oil Software (WOS) компаниясының 400-ге жуық қызметкері жұмыс орындарын тастап, ереуілге шыққан болатын.

Олар негізінен үш талап қойды: 1) олар қызмет ететін компанияны «Қазмұнайгаз» құрамына қосу; 2) жалақыларын Қазмұнайгаздың еңбекақы жүйесімен теңестіру; 3) материалдық-техникалық базаны жаңарту.

Материалдық-техникалық базаны жаңарту жұмыстары қазіргі таңда қарқынды түрде жүріп жатыр. Ал жалақылары төмен деуге еш негіз жоқ, себебі ереуілге шығып жатқан жұмысшылардың орташа жалақысы 700 мыңнан асады деген дерек кең тарады.

Компанияның мәмілеге шақыруына қарамастан, ереуілшілер жұмыс орындарына әлі қайтпады. Осы мәселеге қатысты жақында YouTube платформасындағы «Abay Live» арнасында «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Мұнай сервисі және көмірсутек шикізатын кәдеге жарату жобалары департаментінің директоры Жасұлан Балуановтың сұхбаты жарияланды.


Сұхбат басында Қазмұнайгаз компаниясының өкілі көпшіліктің көкейінде жүрген сұрақтарға нақты жауап берді. Әрине, бұған дейін де WOS компаниясының жұмысшылары ұйымдастырып жатқан ереуілдер туралы ақпарат БАҚ беттері мен әлеуметтік желілерде кеңінен тарады. Ал бұл сұхбатта тұрлі сұрақтарға егжей-тегжейлі жауап беріліп, нүктесі қойылды десе болады.

Алдымен Жасұлан Балуанов ереуілшілердің материалдық-техникалық базаны жаңарту туралы талабы оырндалатынын айтты. Қазіргі таңда техниканы жаңарту жұмыстары жүріп жатқанын, 2023 жылы 17 техника жаңарғанын, ал 202 техниканың 70-і биыл қолданысқа енетінін жеткізді.

Журналистің «West Oil Software компаниясын Қазмұнайгаздың құрамына алу мен жалақысын солардың жүйесіне сай теңестіру неге тиімсіз?» деген сұрағына компания өкілі WOS-тың 2018 жылдан бері қызмет етіп келе жатқан жеке компания екенін хабарлады. Компания жұмысын бастаған соң 517 адам аталмыш компанияға көпшілікке белгілі 5/50 бағдарламасы аясында ауысқанын да айтты.

Сондай-ақ жекеменшік компаниядағы жұмысшыларды ҚМГ-ға ауыстыру заңда қарастырылмаған. Ондай мүмкіндік те жоқ. Екіншіден, мердігер мекемелерде 17 мыңдай адам жұмыс істейді. Егер оларды жаппай «ҚазМұнайГазға» ауыстыратын болса, жылдық есеппен қосымша 90 млрд теңге шығын келеді.

Ары қарай өз сөзінде сұхбат беруші бұл WOS компаниясындағы бірінші ереуіл емес екенін, бұған дейін 2021 және 2022 жылдары ереуілдер болып, соның нәтижесінде жалақы көлемі мен қосымша әлеуметтік төлемдер көлемінің артқанын атап өтті. Бірақ жұмысшылар 5/50 бағдарламасымен ауысқан 2018-2019 жылдары олардың жалақысы расымен де төмен болғанын айта кету керек. Ал 2021-2022 жылдан бастап жалақы көлемі 3 есе өскен.

Осы тұста Жасұлан Балуанов 2023 жылдың қорытындысы бойынша жұмысшылардың орташа жалақысы 735 мың теңгені құрайтынын айтып кетті. Бұл соманың ресми екенін, ал қолға алатын қаржы көлемі 600 мың теңге шамасында екенін де ашып айтты. Осы тұста ереуілдетіп жатқан жұмысшылар мұнайшылар емес, негізінен көлік жүргізушілері екенін ескерткен жөн. Ал олардың жалақысы қандай техника жүргізетінін байланысты есептеледі.

Ең төмен деген жалақы 380 мың теңгенін айналасында екендігі, оны негізінен темір ұсталары, былай айтқанда слесарьлар алатыны жайлы сөз қозғалды.

Ал ең жоғарғы жалашы 890 мың теңгені құрайтынын, ал егер жұмысшы демалыс немесе мереке күндері жұмысқа шықса, Еңбек кодексіне сәйкес үстемақы төленетінін айтты.

Қарап тұрсақ, жалақымыз аз деп, ереуілге шығуға негіз жоқ. Оның үстіне Қазақстандағы орташа жалақы шамамен 350 мың теңгені құрайды, ал ереуілдетіп жатқан жұмысшылардың ең төмен деген жалақысы қазақстандықтардың орташа жалақысынан жоғары.


Сұхбат барысында тоқталған келесі сұрақ – әлеуметтік пакет жайлы болды. Бұл сұраққа Қазмұнайгаз өкілі WOS компаниясының қызметкерлерінің әлеуметтік пакеті ҚазМұнайГаз компаниясының еншілес мекемелеріндегі қызметкерлердікімен тең дәрежеде екенін айтты.

Атап айтқанда, еліміздегі 5 ұлттық және мемлекеттік мерекелер кезінде 50 АЕК көлемінде сыйақы төленетінін және еңбек демалысы кезінде 125 АЕК көлеміндегі қаражат пен 13-ші айлық төленетінін атап өтті.

Бұдан бөлек, жұмысшылардың балаларына жазғы лагерь, балабақша ұйымдастырылатынына да тоқталды.

Сұхбат барысында Жасұлан Балуанов жоғарыда айтылған 5/50 бағдарламасына түсініктеме беріп өтті. Бұл бағдарлама 2018 жылы іске қосылған. Оған сәйкес Қазмұнайгаздың еншілес компаниясы – Ойл Транспорт Корпорейшэннан (ОТК) жұмыстан шыққан мамандарға 5 жылғы жалақысының 50%-ын төленген. Бұл қаражат орта есеппен алғанда 10-11 млн теңгені құраған. Бұдан бөлек олар жұмыссыз қалмасын деп, жаңадан ашылған жеке компания West Oil Software-ге жұмысқа тұрғызған. Ж. Балуановтың айтуы бойынша жұмысшыларға жұмыстан шыққан үшін өтемақы төлеп, әрі оларды басқа компанияға жұмысқа орналастыру тәжірибесі Қазақстан тарихында болмаған. Тіпті, әлем тәжірибесінде де болмауы мүмкін дейді ҚМГ өкілі. Осы бағдарлама аясында 2018 жылы 517 адам өз еріктерімен ОТК құрамынан шығып, өтемақыларын алып, WOS-ке ауысқан.


Бүгінде ереуілдетіп жатқан жұмысшылардың арасында бір кездері өз еріктерімен ОТК құрамынан шығып, өтемақыларын алғандар мен орташа жалақысы 735 мыңды құрайтын мамандар да бар.

Күні кеше WOS компаниясы ереуілдегі жұмысшыларға үндеу жариялады. Олар жұмысшыларды заңсыз ереуілді тоқтатып, 24 ақпанға дейін жұмыс орындарына шығуға шақырды. Олай болмаған жағдайда, заңсыз ереуілге қатысушылардың барлығымен еңбек шартын бұзуға мәжбүр болатындарын жеткізді, себебі оған толық негіз бар.

Ереуілдер салдарынан компания бүгінге дейін 900 миллион теңгеден астам шығынға ұшыраған. Осы тұста Жасұлан Балуанов сұхбат барысында ереуілдердің тек WOS компаниясына шығын келтірмегенін айтты. Сонымен қатар тапсырыс берушілер сұраған мұнай көлеміне де әсерін тигізіп жатқанын жеткізді. Мысалы, техникалар жұмысқа шықпағандықтан, тапсырыс беруші компания «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ-на 1 млрд 320 млн теңге көлемінде залал келген.

Сондай-ақ сұхбат барысында компания жариялаған үндеуден кейін 101 адам жұмысқа шыққаны жайлы айтылды. Ал жұмысқа шықпағандарға байланысты қандай шара қолданылатынын WOS компаниясы өзі шешеді. Әрине, заң аясында.


Журналистің «Ереуілге шыққан жандарды жұмыстан шығарып, орынына жұмыссыз тұрғындарды неге алмасқа» деген сұрағына компания өкілі былай жауап берді. Көлік қызметін көрсететін мамандардың тиісті біліктілігі мен тәжірибесі бар екендігін, сондықтан ҚМГ басшылығы оларды жұмысқа қайтару үшін түрлі келіссөздер жүргізуге тырысқанын айтты.

Жұмысшылар талап етіп отырған басты мәселе тұрақтылық деп алып қарасақ, сол үшін де олар тұрақтылықтың көзі ретінде ҚМГ құрамына енуді қалап отыр. Алайда West Oil Softwarе-да тұрақтылыққа еш қауіп жоқ деп айтып кетті Ж. Балуанов. Неге?

Біріншіден, қазіргі таңда Маңғыстаумұнайгаз бен WOS арасында 2027 жылға дейінгі ұзақмерзімді келісім-шарт бар. Екіншіден, жалақы көлемі де басқа жекеменшік мекемелермен салыстырғанда 20-30%-ға артық екенін тілге тиек етті. Әрі жалақы уақытында төленіп жатыр. Үшіншіден, техника уақытымен жаңартылады. Бұған еш күмән болмауы керек.

Ал жұмысқа оралған адамдарға қандай да бір үстемақы төленеді ме деген сауалға жауап келесідей болды. Жұмысшылар мен компания арасында ұжымдық шарт бар. Оған сәйкес, жұмыс беруші жұмысшылардың қызметіне қанағаттанған жағдайда 13-ші айлық төлеуге құқылы (міндетті емес). Бүгінгі таңда жұмыс орындарына қайтып барған жұмысшыларға WOS компаниясы істеген жұмыс көлеміне қарай 13 жалақы төлеген.


Енді WOS компаниясы басшылығы жариялаған үндеуден кейін жұмысшылар ереуілді қойып, жұмыс орындарына қайтады деп сенім білдіреміз. Дәл қазір бұл жағдайда мүдде орта. Ол – жұмысшылардың тұрақты жұмыспен, жалақымен қамтылуы, өндірістің тоқтамауы, экономикаға шығын келмеуі. Әрине, ол үшін әр адам өз қызметін адал атқаруы тиіс.