"Достық" станциясында 29 млрд теңгеге логистикалық парк құру жоспарланып отыр

0
888

Инвестор болатын компания өкілдері биыл құрылыс жұмыстарына кірісуге дайын екенін жеткізді.


ERNUR.KZ. Қазақстан мен Қытай шекарасында Opentop жүйесі бойынша тау-кен металлургия кешені өнімдерін қайта тиеуге арналған логистикалық парк салу жоспарланып отыр, деп жазады sputnik.kz.

Алматы облысы әкімдігінің ақпараты бойынша, жоба Алакөл ауданында жұмыс істейтін "Достық" станциясында жүзеге асырылады. Dar rail Infrastructure компаниясы инвестор ретінде жобаға 29 миллиард теңгеге дейін қаржы салуды көздеген. Компания өкілдері жергілікті атқарушы органдармен келісімге келіп, өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
"Логистикалық парк құру өңірдің барлық көлік әлеуетін дамытуға жаңа серпін береді. Инвестиция көлемі 29 миллиард теңгені құрайды. 230-ға жуық жұмыс орны ашылады. Сонымен қатар, инвестор Алакөл ауданында тұрмысы төмен отбасылар үшін 20 жеке үй салуды жоспарлап отыр", - деді Алматы облысының әкімі Қанат Бозымбаев.
Dar rail Infrastructure компаниясының бас директоры Максим Матюктің айтуынша, жобаны іске асыру "Достық" станциясының қуатын арттырады. Бұл шекарадағы жүк ағынының үнемі өсіп келе жатқан көлемін ақтайды. Бозымбаев Алакөл ауданының әкімдігіне және облыстық жер қатынастары басқармасына станция аумағындағы учаске мәселесін шешуді, кейін инфрақұрылым өткізу мүмкіндігін қарастыруды тапсырды.
Өз кезегінде "Dar rail infrastacture" ЖШС өкілдері биыл құрылыс жұмыстарына кірісуге дайын екенін жеткізді.