Депутат көпбалалы отбасылар үшін "Отбасылық капитал" бағдарламасын іске қосуды ұсынды

0
404

Елімізде 550 мың көпбалалы және 107 мың ерекше баланы тәрбиелеп отырған отбасылар бар.


Депутат көпбалалы отбасылар үшін

ERNUR.KZ. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Гаухар Танашева Үкімет басшысына жолдаған депутаттық сауалында айтты, деп жазады inbusiness.kz


Халық қалаулысы ерекше балаларға жағдай жасалуы тиіс екенін жеткізді.

"Біріншісі, денсаулығына қосымша қаражат қажет. Екіншісі, тұрғын үй-тұрмыстық жағдайын жасауымыз керек. Бізде қаншама аналар балаларын жетектеп не үй ала алмай, не бала еміне ақша таппай жүр. Қазіргі біздің елімізде болып жатқан мәселелердің барлығы осы жоқшылықтың кесірінен. Қаншама ата-аналар осылай табыс табу үшін бірнеше жұмыста істеп балаларын үйде қараусыз қалдыруға мәжбүр", - деп атап өтті депутат.

Гаухар Танашеваның айтуынша, көпбалалы отбасылардың біразы кедейшілікте өмір сүріп жатыр. Ол отбасыларға қаржылық қолдау көрсетуге күш салып жатқан Ресей мен Беларусь елдерінің тәжірибесін мысалға келтірді.

Десек те, мұндай жүйені енгізу мүмкіндігі Қазақстанда әлі қарастырылмағанын баса айтты.

"Қазақстан Халық партиясы фракциясы отбасында төртінші бала туған немесе отбасында ерекше бала болса, 5 000 доллар, яғни 2 млн 300 мың теңге мөлшерінде "Отбасылық капитал" бағдарламасын іске қосуды ұсынады. Бұл капиталды үш бағытта жұмсау жоспарланады", - деді ол.

Депутат бұл қаржыны баспана алу, білім алу және денсаулықты жақсарту бағытында жұмсауға болатынын атап өтті.

"Отбасылық капитал" сияқты мемлекеттік қолдаудың мұндай жүйесін енгізу елімізде халық санын айтарлықтай арттырады. Сондай-ақ қиын жағдайға тап болған отбасыларға нақты көмек болады", - деді Гаухар Танашева.