"Бөгде адам шотыңызға ақша аударады": Қазақстанда алаяқтықтың жаңа түрі пайда болды

0
537

Егер шотыңызға белгісіз ақша түссе, дереу банк бөлімшесіне хабарласқан дұрыс.


ERNUR.KZ. Қазақстанда ақша аударымдарына қатысты жаңа алаяқтық пайда болды, деп жазады stan.kz.

Егер шотыңызға белгісіз ақша түссе, дереу банк бөлімшесіне хабарласқан дұрыс. Себебі оны алаяқтар өз пайдасына қолдануы мүмкін.

Шымкенттік Әсел Мәлікке белгісіз біреу есепшотына түскен ақшаны қайтарып жібермесе, сотқа беретінін айтып қорқытқан. Бірақ Әселге ешқандай ақша түспепті, сонда да әйел оған қоқан-лоқы көрсетіп, қорқытқан.

“Барлығын тексердім, сол күні ешқандай ақша түскен жоқ. Ол қорқыта бастағанда, мен оның алаяқ екенін түсіндім”, – деді Шымкент қаласының тұрғыны Әсел Мәлік.

Кейде ақшаны расымен аударып, алдауы да мүмкін. Мысалы, белгісіз адам сіздің шотыңызға ақша жібереді де, содан кейін ақшаны қайтару туралы өтінім жолдайды, сонымен бірге дәл сол уақытта аударымға тосқауыл қояды. Сол кезде адамның өз ақшасы кетіп қалады.

“Адамның шотына алаяқтар кейде басқа адамның немесе жәбірленушінің атынан ресімделген несиенің ақшасын аударып жібереді. Ал ештеңеден хабары жоқ адам ақырында қарыз болып қалады. Алаяқтық несиені төлеу туралы хабарлама келгенде анықталады”, – деді Шымкент қалалық ІІБ интернет-алаяқтықты тергеу тобының жетекшісі Ғалым Нұрпейісов.

Кейде қаржыны аударып, белгілі бір қылмыстық іске қатысы бар етіп те қояды.

“Мыслы олар сізге миллион теңге аударады. Ешкім қайтадан сұрамағандықтан, оны жұмсайсыз. Бірақ кенеттен сізді арнайы органдардан жауап алуға шақырады, сіз қандай да бір ұйымдасқан қылмыстық топтың мүшесі немесе сыбайласы екеніңізді айтады. Осылармен бір топта болдыңыз деп белгілі бір кінәні артып қояды”, – деді заңгер Евгений Яворский.

Егер белгісіз біреуден ақша түссе, оны жаратуға немесе қолма-қол ақшаға айналдыруға болмайды, өйткені бұл алаяқтық болуы мүмкін. Мұндай кезде дереу банкке хабарласқн жөн.