​«Бірге тұруға қыз іздеймін!» - астаналық қалталы еркектер жарнама беріп жатыр

0
2 858

Астананың қалталы еркектері «тегін» пәтермен жас қыздарды құрықтарына түсіруде.


​«Бірге тұруға қыз іздеймін!» - астаналық қалталы еркектер жарнама беріп жатыр

иллюстрациялық фото: kizlarsoruyor.com

ERNUR.KZ. Әлеуметтік желілерде желігіп, әбден зеріккен астаналық ауқатты азаматтар енді жағдайы жоқ қыз-келіншектерге көз салуда. Бұған олардың түрлі сайттарда берген ашық хабарландырулар дәлел. Олар қалаға шалғай елді мекендерден келіп пәтерақысын төлеуге шамасы жетпей жүрген бойжеткендерге көз тігіп, «тегін баспана беремін, ол үшін менің айтқандарымның бәрін орындайсың» деп талап қоюда, деп хабарлайды Еуразия бірінші арнасы.

Ғаламторды ашып қалсаңыз, «бірге тұруға қыз іздеймін» деген хабарландырулар жетеді. Түрлі ұсыныстар бар. Ең қызығы барлығы да ер-азаматтар тарапынан. Бұл танысу үшін табылған айла ма? Әлде қоғамның азып-тозғаны ма? Бірге тұру үшін тіпті көп ақшаның да қажеті жоқ! 2000 теңге ғана төлеу керек екен.

Нұртай Бектұров – белді бизнесмен. Астананың қақ ортасындағы даңғарадай үйде жалғыз тұрады, ақшаны күректеп табады! Төрт құбыласы түгел болса да, жанына серік, еріккенде ермек болатын бір етектіні іздеп жүр.

«Менде негізі өзімде бүкіл жағдай бар. Өзім жалғыз болған соң үйленуге дайын емеспін. Басқа қыздармен тұрып, барлық нәрсені істеп беруге сондай қыздарды негізі іздеймін!», - дейді қала тұрғыны Нұртай Бектұров.

Жымысқы жарнамалар, мінеки! Әрине, тегіннің бәрі жақсы ғой! Бірақ, жақсының да жапа шектіретіні бар. Себебі, мұндай қулар құрған тұзаққа оң-солын әлі танып үлгермеген қыздар көп түседі. Білмей қалады. Сорақысы сол, біле тұра ақшаға арын сататын арулар да жоқ емес.

«Тегін үй алып берсе, ақысына сұрайтыны сол өзінің күнделікті қажетті бес минуттық ләззәт шығар! Бұдан әрі кетсе ол енді бір бала туар! Ол зинақорлыққа жатады. Қазіргі таңда бұндай жағдайлар көп! Ол тек үйленбеген азаматтар ғана емес,үйленген азаматтар арасында да болып жатыр!» - дейді қала тұрғыны Ыбырай Бабаев.

Делдалдардың сөзінше, бүгінде қалталы азаматтың құрығына ілініп, ақшаны көрген соң алаңсыз өмір деген осы екен, деп жүретін жетеді. Тіпті, осы ісі үшін олар арланып, намыстанбайды. Жалға берген пәтерлердің иелері ересек еркекпен бірге тұрып жатқан өрімдей жас қыздардың үстінен талай түскен көрінеді. Бұл қалыпты жағдай екен.

«Біз сол келісімшарт жасап береміз. Пәтер беруші мен пәтер алушылар арасында. Бірақ, көптеген жағдайда бізге пәтер берушілер жалоба жасап звондап жатады! Менің пәтерімді бір қыз жалға алған еді, қазір артынан бір үлкен кісі тұрып жатыр!» - дейді делдал Ғарифолла.

Жалға алған пәтерді жанын қинамай өтеудің өтімді жолы тегін баспана ұсынатын ер-азаматтардың жетегіне еру. Бұл қоғамда қозғалыссыз қалмайтын дерт. Соңғы кездері, танымайтын, өмірінде бірінші рет көрген жігітпен кездеспей-ақ, байлығын көрсетсе болды, артынан ілесе кететін бұрымдылар көбейді. Не істеу керек?


«Бұларға тосқауыл қоятын арнайы орган ашу керек! Мемлекет тарапынан осы сайттар иелеріне қандай да бір анализ жасау арқылы осындай мәтіндегі хабарландыруларды шығармау жағын тапсыруға болады!» - дейді заңгер Жандос Тұяқов.

Ресми дерекке сүйенсек, жыл сайын Астанаға әр аймақтан 50 мыңға жуық адам қоныс аударады. Ал, бейресми мәлімет бойынша бұл сан екі есе көп. Солардың бәрі бірдей баспаналы емес. Осы себепті мамандар проблеманы шешудің тиімді жолы ретінде жастарды жұмыспен қамтудың қарқынын үдету қажет дейді.